Пікір • 03 Наурыз, 2022

Өзгеріс – өмір талабы

360 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өзгеру – өмір талабы. Ендеше, Nur Otan партиясының өзгеруі де заңдылық. Көпшіліктің күткені де осы.

Өзгеріс – өмір талабы

Бұл – биліктің партиясы. Бірақ осы бір басымдықты партия елдің әлеу­мет­тік-экономикалық дамуы жолында дұрыс пайдаланған емес. Сондықтан жаңа­р­ған партиядан халық көп үміт күтеді.

Партия ендігі жерде жаңа принцип­терді ұстануы керек. Бұл жерде партия мүшелерінің саны емес, сапасы үлкен маңызға ие. Партия билік пен бұқараның арасына шын мағына­сында алтын көпір болуы керек. Яғни бұрынғыдай мемлекеттік қызмет­шілерді, мұғалімдерді, бюджеттік сала қызметкерлерін мәжбүрлеп, міндеттеп партияға қабылдаудың қажеті жоқ. Бұл ұшпаққа шығаратын жол емес. Адамдар партияға саяси көзқарасына байланысты өз еркімен келуге тиіс.

Мен бұл партияның мүшесі емеспін. Бұған дейінгі бастамаларын да аса бір қолдаған жоқпын. Ол енді басқа әңгіме. Десе де елдің азаматы ретінде ендігі жер­де оң өзгерістер күтемін. Партияға мү­ше болу әдепкі дүние емес, абырой­лы қадамға айналуы керек. Яғни пар­тияға мүше болып қабылданатын әрбір адам «ләббай, тақсырлап» емес, елді, қо­ғам­ды өзгерте алатындай нақты мақ­сат-мүд­демен, ұсыныс-тілекпен келуі керек.

Партия халықпен тығыз жұмыс істеп, ел ішіндегі әлеуметтік-эконо­мика­лық мәселелерді шешуге белсене араласуы керек. Ол үшін Парламенттегі, жергілікті мәслихаттардағы ықпалын тиімді пайдалануы керек. Егер партия бұрынғы қалпынан өзгермей жұмыс істесе, бюрократиялық кедергілермен күреспей, халықтан алыстай берсе, болашағы да бұлыңғыр болмақ.

Дәл қазіргі уақытта Amanatqa шынайы халықтық партияға айналатын тамаша мүмкіндік туып тұр. Соны дұрыс пайдаланады деген ойдамыз.

 

Талғат ДЕМЕСІНОВ,

экономист