Аймақтар • 03 Наурыз, 2022

Тобыл-Торғайда Ахмет тойы басталды

396 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елорда төрінде басталған Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ұлт ұстазының туған жері Тобыл – Торғай өңірінде жалғасты. Қостанайға алыс-жақыннан арнайы келген көрнекті ақын-жазушылар, алаштанушы ғалымдар мен өңір зиялылары алдымен облыс орталығындағы Ахмет Байтұрсынұлы ескерткішіне гүл қойды.

Тобыл-Торғайда Ахмет тойы басталды

Одан кейін Алаштың рухани көсе­мінің атын иеленіп отырған Қоста­най өңірлік университетінде «Ұлт ұстазы» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Салтанатты жиынға Қазақстан Жазушылар ода­ғының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын, Мәжіліс депутаты Қазы­бек Иса, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ербол Tілешов, Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы мемориалдық музей-үйінің директоры Райхан Имаханбет қатысты.

Алқалы жиынның кіріспесін бастаған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Ах­мет жылы өңірде ғылыми-танымдық, мәдени-ағартушылық бағыттағы ауқым­ды шаралардың іске асатынын айтты.

– Жылдың басында Жангелдин ауданына жұмыс сапарымен барып, халықпен кездесіп қайттым. Сол кездесуде ауыл тұрғындары жол жөндеу, интернет желісін қосу және медициналық көмек көрсету сапасын арттыруды өтінген еді. Биыл ең бірінші кезекте осы мәселелерді шешуге күш салуды көздеп отырмыз, – деді аймақ басшысы.

Ахаңның кіндік қаны тамған Сартү­бек өңіріндегі қазіргі Ахмет Байтұр­сынов ауылы облыс орталығынан 700 шақырым, ал аудан орталығынан 120 шақырым қашықта жатыр. Торғайға жетпей Шұбалаңнан оңтүстікке, Ахмет ауылына қарай бет алатын 107 шақырым жол Кеңес тұсында да асфальт көрмеген. Облыс әкімінің айтуынша, былтыр осы жолдың 11,4 шақырымын жөндеуге 450 млн теңге бөлініпті.

– Қазір жол құрылысын әрі қарай жалғастыру үшін құжат әзірлеуге қара­жат бөлінді. Құжат дайындалып бітсе, бірден жол жөндеу жұмыстары басталады. Бұл мақсатқа қарастырылған 1,5 млрд теңге шамамен 21 шақырым жолды жөндеуге жетеді. Қалған 70 шақырымды жөндеу үшін республикадан көмек сұрап отырмыз. Жоспар бойынша Торғай ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музейін жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады және музейдің экспозициясы толығымен қайта жаңартылады. Оған қоса, А.Байтұрсынұлының туған үйін қалпына келтіруге облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Оны жаңғыртып, музей үйге айналдыру жоспарланып отыр, – деді аймақ басшысы.

Мұның сыртында, облыс бюджеті есебінен Ахмет Байтұрсынов ауылына жаңа медициналық пункт салынады. Ақкөлдегі ауылдық амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңа құрыл­ғылар орнатылады. Сондай-ақ «Байтұрсынұлы оқулары – 2022» ха­лық­аралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, «Ахмет жүрген жолмен» ғылыми экспедициясын ұйымдастыру көзделіп отыр. Тағы бір жағымды жаңалық, алдағы оқу жылы жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы білім гранттары тағайындалатын болды.

Облыс әкімінен кейін Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет сөз алып, Ахаңның әдеби мұрасын зерттеу, зерделеу, насихаттау мәселесіне тоқталды.

– Біз алыптардың иығына шығып, алыстарды көріп тұрмыз деген сөз бар. Сол алыптың бірегейі – Ахмет Бай­тұр­сынұлы. Ахаңның «Қазақ» газеті мен Мұхаметжан Сералиннің «Ай­қап» журналының қазақ руханияты тарихындағы орны ерекше. Сол екі басылым қазақтың оянуына үлкен ықпал еткен. Бүгінге дейін қандай да бір өркениетке, мәдениетке қолымыз жетіп жатса, қай салада болмасын ел екенімізді, дербес мемлекет екенімізді дәлелдеп жатсақ – осының бәрінде ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі үлкен, – деді көрнекті ақын.

Алаштанушы ғалым Ербол Тілешов­тің айтуынша, биылғы мерекенің Ахаң­ның мұрасы мен күрескерлік өмірбаянын қорыту, соған баға беру тұрғысынан халыққа пайдасы зор.

– Менің ойымша, қазір Ахаңның мұрасы түгенделу, жинақталу, жарық көру үстінде, бірақ толық қорытылды деп айтуға әлі бола қоймас. Себебі Ахаңның үлкен тұлғасын бірнеше параметр бойынша қарауға тура келеді. Біз Ахаңның қайраткерлігін, ұстаздығы мен ғалымдығын бөліп алып жатамыз. Бірақ оның ең алдымен қайраткер екені айқын. Өйткені Ахаң қайраткер болғаннан кейін, қазақтың жоғын түгендегеннен кейін барып, қазаққа не жетпейді деген мәселеге бет бұрды. Қазаққа ғылым жетпейді, қазаққа мәдениет керек, қазақ­қа азаттық керек. Осы тұрғыдан келгенде кемеңгердің үлкен қайраткерлік тұлғасынан барып қалған ұлт ұстазы екендігі, ғалымдығы, көсемсөзшілігі, тағы басқа да қырлары ашыла бастады. Ахаң – қазақтың талмаусыраған кезінде, отаршылдықтың қамыты әбден батқан кезде сол дәуір туғызған ұлы тұлға. Ахаң – қазақтың дәрмені. Қазақтың үлкен бір серпіні болды. Ахаң жаңа дәуірдің бетін ашқан адам. Осы тұрғыдан келгенде, Ахметтің реформаторлығы айқын көрініс табады. Ендігі кезекте біз Ахаңды ояну дәуірі тұрғысынан қарауымыз керек. Біз осы Абайдың дәуірін, одан кейінгі Міржақыптың «Оян қазағы», Ахаңның «Масасы», «Қырық мысалы» жазылған дәуірді ояну дәуірі деп айтып, кейінгі уақытта сол тіркесті ұмыта бастаған сияқтымыз. Менің ойымша, соны жаңғырту керек. Өйткені әр ұлттың өзінің бір жасарған шағы, қартайған шағы болады. Абай сол 41-42 жасында «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» дейтін болса, мұны қазақтың бір қартайған шағы деп түсіну керек. Бұл Абайдың қартаюы емес, қазақ қоғамының қартаюы. Кейін Абайдың ізбасары Мағжанның «Мен жастарға сенемінімен» қазақтың қайта жасару дәуірі басталды. Сол қазақтың жаңғыру дәуірінің адами, антропоцентристік негізін қалаған Абай болды десек, соны жалпыға танытқан, үлкен қозғалысқа, құбылысқа айналдырған Ахаң бастаған жаңа күш. Сондықтан біз Ахаңды ренессанс дәуірінің көсемі дейміз. Ренессанстық тұлғалардың кезінде жазба әдебиет, театр қалыптасады, ғылым дамиды. Осының қай-қайсының да басында Ахмет Байтұрсынұлы тұрды. Сондықтан біз Ахаңа қазақ тарихының ренессанстық дәуірі деп қарауымыз керек. Біз Ахаңды ағартушылық ауқымда қарағымыз келеді. Бірақ ағартушылық ауқым Ахаңа тарлық етеді. Енді біз Ахаңның дәуірін, мұрасын қорытуымыз керек. Ол үшін біздің ғылымда әдіснама қалыптасу керек, – деді ғалым.

Жиын барысына ақын, ғалым-ұстаз Серікбай Оспановтың «Ұлт ұстазы» атты кітабының тұсаукесері өтіп, ахметтануға барынша үлес қосып жүрген бірнеше ғалым Ахмет Байтұрсынұлы медалімен марапатталды.

Дөңгелек үстел отырысы барысында 150 жылдық мерейтойға орай өтетін негізгі іс-шаралардың ұлт ұстазының туған күні 5 қыркүйекке қарай орайлас­тырылып отырғаны айтылды. Ахмет Байтұрсынұлының туған күні қар­саңында «Тіл – қазына» фестивалі өтеді. Сонымен қатар Сартүбекте Ах­мет музей-үйінің қайта жөндеуден кейінгі ашылу рәсімі, ғылыми конференция, республикалық ақындар айтысы, оқушылар арасында «Ахмет оқулары» байқауы ұйымдастырылып, бәйге, күрес сияқты ұлттық спорт сайыс­тары өтеді.

 

Қостанай облысы