Әлем • 04 Наурыз, 2022

Ахуал шиеленісе түсті

491 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Украинадағы жағдайға алаңдаған әлем жұрты екі ел билігінің ортақ келісімге келуін тілеп отыр. Алайда әзірге бұл тілектің орындалар түрі жоқ сыңайлы.

Ахуал шиеленісе түсті

 

Украина иен Ресей өкілдерінің екінші кездесуінде қандай шешім қабылданатыны белгісіз. Әзірге өтетіні ғана белгілі. Дегенмен шабуыл тоқтамай тұр. Келіссөз жүргі­зушілердің бірі Давид Арахамия Украи­на кем дегенде бейбіт тұрғын­дарға қақтығыстан зардап шеккен аудан­дардан кетуге мүмкіндік беретін гуманитарлық дәліздер талап ететінін жариялады.

Украинада бір миллионнан астам адамның шекара асқаны туралы мәлімет бар. Ал Ресей елдің оңтүс­тік аума­ғындағы бірнеше қаланы атқы­лап, қоршауға алған. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лав­ров­тың айтуынша, келіссөздер кезінде Ресейдің талаптары – «Украинаны қарусыздандыру және елді ұлтшыл­дардан азат ету», «Қырымды Ресей аумағы ретінде мойындау» және «Украинаның шығысында бөлінген екі аймақты, яғни өзін «Донецк халық рес­публикасы» (ДНР) және «Луганск халық республикасы» (ЛНР) деп та­ны­ған аумақтарды ресми мойындау».

Бұл шарттарға Украина тарапы не дейтінін болжау қиын. Себебі соғыс жағдайында кесіп айту мүмкін емес. Алайда Украинаның ұстанымы белгілі. Осыған дейін де Ресейдің ультиматум қоюына жол бермейміз деген-ді.

Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан Ресей мен Украина арасында бейбіт келіссөздер жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Осылайша, келісімге шақырып, келіссөздерді өз елінде ұйымдастыруға дайын мемлекеттер қатары көбейіп келеді.

Ресей әскері Украинаның оңтүстігіндегі портты Херсон қаласын бақылауға алғаны хабарланды. Бұл – Ресей әскері басып алған алғашқы ірі қала. Мариуполь қаласында да жағдай күрделі, шабуыл толастамай тұр. Киевте ірі жарылыстар болғанымен, ел астанасы Украина үкіметінің бақылауында екені айтылды. Украина қаза болғандар мен жараланғандар туралы деректі күнделікті жариялап отырғанымен, оны нақты растайтын дәлел жоқ. Дегенмен мыңдаған сарбаздың өлім құшқаны белгілі. Екі ел ұсынған мәліметтің алшақтығы орасан.

Ресейге салынған санкциялар саны да көп. Халықаралық компаниялар да Ресейде сауда жасауға қарсылық білдіріп, дүкендерін жауып, тауарларын жеткізбеу туралы шешім қабылдап жатыр.

Өз азаматтарын Ресейден кетуге шақырып жатқан мемлекеттер де бар. Мысалы, Франция үкіметі соңғы жағдайға байланысты елде бо­луы міндетті емес азаматтарын Ресей­ден кетуге шақырады. Бұл қатарда Ұлыбритания мен АҚШ та бар.

Оған қоса Халықаралық паралимпиада комитеті Ресей және Беларусь спортшыларына Бейжіңдегі паралимпиада ойындарына қатысуға тыйым салды. Осыған дейін қос ел спортшыларына бейтарап мәртебеде қатысуға рұқсат берген еді. Сондай-ақ өзге де спорттық немесе шығармашылық жарыстар мен ұйымдардың Ресеймен байланысы күрделеніп кетті.

Ресей мен Франция президенттері В.Путин мен Э.Макрон әскери қақтығыс басталғалы үшінші рет телефон арқылы сөйлескені белгілі болды. Онда Путин Ресей өз мақсаттарына жететінін және Украина уақыт ұту үшін келіссөзді созған сайын Кремль талабы қосыла беретінін мәлімдеген.

Украинадағы дағдарыс қашан және қалай аяқталатынын болжау күннен-күнге қиындап барады.