Аймақтар • 04 Наурыз, 2022

Әулиеата өңіріндегі жыр аламаны

451 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туған күніне және Aulieata-Мedia жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты облыстық «Aq jol» газетінің жүз жылдығына орай, «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан айтыстың беташарын облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек сөз сөйлеп ашып, ақындарға сәттілік тіледі.

Әулиеата өңіріндегі жыр аламаны

 

Жыр аламанына еліміздің әр ай­мағынан 18 ақын қатысты. Айтысты бел­гілі айтыс­кер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев жүргізіп отырды. Тараз төрінде өткен айтысқа ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов, ақын, Ғалым Жайлыбай, ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, республикалық жыршы-термешілер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков, жазушы, облыстық Aq jol газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, айтыскер ақын Бауыржан Халиолла сынды қаламгерлер қазылық етті.

Жалпы, ақындар тоғыз жұп болып айтысты. Сөз ұсталары негізінен Әулиеата өңірінің тарихын, бүгінгі жеткен жетістігін, сондай-ақ Аq jol газетінің тарихын да жырға қосты. Аq jol газеті 1922 жылы 1 ма­­мыр күні алғаш рет «Кедей еркі» деген атаумен жарық көрген. Мұнда әр жылдары елімізге белгілі қаламгерлер жұмыс істеген. Жамбыл өңірінің бүкіл тарихы аталған басылым беттерінде тұнып тұр.

Қазылар алқасының шешімімен «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысының бас жүлдесі батыстық Бауыржан Ширмеден мен жамбылдық Қанат Мырзахан екеуіне берілді. Ал бірінші орынды Солтүстік Қазақстан облысынан келген Жарқын Жұпархан жеңіп алса, екінші орынды шымкенттік Біржан Байтуов иеленді. Сонымен қатар үшінші орын Аq jol газетінің арнайы сыйлығы қарағандылық Айтбай Жұмағұлов, қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан және тараздық Есет Досалыға бұйырды. Жалпы, айтысқа қатысушы барлық ақынға Алғыс хат табысталды. Жүлдегер және қатысушы айтыскерлердің бәріне ақшалай сыйлықтар мен «Жамбыл жырау» кітабы сыйға тартылды. Айтыс аламанына арнайы келген Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қазылар алқасы мен айтыскер ақындарға ризашылығын білдірді. «Мынадай аума­лы-төкпелі заманда дәстүрімізді жал­ғастыруымыз керек. Жамбыл бабамыз да елдің бірлігін жырлаған. Бүгін сіздердің еңселеріңіз көтерілді, таңертеңнен бері келіп отырғандарыңыз ақындарға деген құрметтеріңіз деп білемін. Біз бір-бірімізге тілеулес, қазақ деген халықпыз. Киелі Әулиеата жерінде айтыстың көші жолға шықты. Алда наурыз айы, бұл ай біз үшін мереке. Шаңырағымыздан шаттық кетпесін, ел тыныш, іргеміз берік болсын», деді әкім.

Марапаттау рәсімі барысында айтыс­кер ақын Бауыржан Халиолла облыстық Аq jol газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт пен айтыскер ақын Ахметжан Өзбековке Сырым Датұлы атындағы арнайы төсбелгіні табыстады.

 

Жамбыл облысы