Футбол • 04 Наурыз, 2022

«Тобыл» – Суперкубок иегері

168 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда 2022 жылғы футбол маусымының шымылдығы түрілді. Жылдың алғашқы ойынында былтырғы ел чемпионы «Тобыл» мен Қазақстан кубогының иегері Қайрат» командалары кездесіп, OLIMPBET-Суперкубогын сарапқа салды. Елордадағы «Астана Арена» стадионында өткен тартысты матчта қостанайлық команда қатарынан екінші жыл қос құлақты кубокты жеңіп алды.

«Тобыл» – Суперкубок иегері

 

«Тобыл» былтыр Түр­кіс­танда ұйымдастырылған төрт клуб («Астана», «Қайрат», «Шах­­тер», «Тобыл») арасын­дағы Суперкубок бәсекесінің жар­­тылай финалында сол жыл­ғы Қазақстан чемпионы «Қай­ратты» матч соңындағы пенальти сериясында жеңсе, фи­налда да елорданың «Ас­тана­сын» пенальтиде қапы қалдырып, өз тарихында алғаш рет Суперкубок иегері атанған еді.

Қостанайдың командасы араға жыл салып былтырғы атағын сақтап қана қоймай, жа­ңа жылды тағы бір ірі же­ңіспен бастады. 2021 жылғы ел чемпиондары маусымаралық үзілісте құрамын әжептәуір күшейтті. Атап айтқанда, ол биыл «Астананың» экс-ойын­шылары Дмитрий Непогодов (қақпашы) пен Жарко Тома­шевич (қорғаушы), ұлттық құ­раманың футболшылары Вла­дислав Васильев пен Айбар Жақ­сылықов және тағы басқа ойыншылармен толықты. Ал «Қайрат» бірқатар негізгі құрам ойыншыларымен қоштасып, жаңа маусымда жастарға сенім артып отыр.

«Астана Аренадағы» алты мыңнан аса жанкүйердің қол­дауымен өткен Суперкубок ойы­нында «Тобылдың» үстем­дігі анық байқалды. Екі клубтың футболшылары дене қыздырып, алаңға бой үйреткенге дейін кез­десудің алғашқы 10-15 ми­­нуты көрермендерді аздап жалықтырғандай болды. Кейін­­нен қостанайлық ойыншы­лар «Қайрат» қақпасына дүр­кін-дүркін қауіпті шабуыл ұйымдастырып, тамаша ойы­нымен стадионға жиналған жанкүйерлерді елітіп әкетті. Бірінші таймның бел ортасынан ауғанда «Тобылдың» кезекті шабуылын «Қайраттың» қор­ғаушылары өз айып ала­ңында ереже бұзу арқылы тоқтатты. Нәтижесінде, бас төреші пенальти белгіледі. 11 метрлік нүк­теде мүлт кетпеген Серікжан Мужиков өз командасын алға шығарды. Алайда ойынның 40-минутында «Қайраттың» бразилиялық легионері Жоао Пауло айып алаңының сыртынан тамаша гол соғып, таразы басын теңестірді – 1:1.

Екінші таймда ойынға VAR араласты. 64-минутта «То­­был» өз айып алаңында ойын тәртібін бұзды. Ұзақ тал­қылаудан соң бас төреші Да­нияр Сахи VAR көмегіне жү­гініп, бұл жолы қостанайлық команданың қақпасына пенальти белгіледі. Бірақ «Қайраттың» португалиялық легионері Рикардо Алвеш допты қақпаға дарыта алмады. Сөйтіп «сен соқпасаң саған соғады» дегендей, матчтың аяқталуына санау­лы минуттар қалғанда алаңға қосалқы құрамнан шыққан шабуылшы Айбар Жақсылықов мергендігімен көзге түсіп, «То­былға» жеңіс сыйлады. Қоры­тынды есеп – 2:1.

Бұл – «Тобылдың» Қа­зақ­стан Суперкубогындағы екін­ші жеңісі. Қостанайлықтар осы нәти­жесінің арқасында Ал­ма­тының «Қайратымен» те­ңе­сіп алды. Ал осы жарыста үш мәр­те топ жарған «Ақтөбе» мен бес дүр­кін Суперкубок иеге­рі «Ас­тана» үздіктер көшін бас­тап тұр.

Сонымен қатар «Тобыл» бұл жеңісінің арқасында Қа­зақстан Суперкубогы мен 27,5  млн теңге қаржыға кенелсе, «Қайрат» 12,5 миллион теңге табыс тапты.

Осылайша, Суперкубок ойынымен Қазақстанның жаңа футбол маусымы ашылды. Ертең еліміздің бірнеше қаласында фут­болдан кезекті Қазақстан чем­пио­натының жалауы көте­ріледі. Сенбі (5 наурыз) күні «Кас­­­пий» – «Қызылжар», «Тұ­ран» – «Тараз», «Атырау» – «Ақ­­су», «Астана» – «Шахтер», «Ор­­да­­басы» – «Мақтаарал» ко­ман­­да­­лары бақ сынаса, жексен­біде (6 наурыз) «Қайрат» – «Ақ­­төбе» және «Тобыл» – «Ақ­жа­йық» клуб­­­­тары жасыл алаңда жолы­ғады.