«Тобыл» былтыр Түркістанда ұйымдастырылған төрт клуб («Астана», «Қайрат», «Шахтер», «Тобыл») арасындағы Суперкубок бәсекесінің жартылай финалында сол жылғы Қазақстан чемпионы «Қайратты» матч соңындағы пенальти сериясында жеңсе, финалда да елорданың «Астанасын» пенальтиде қапы қалдырып, өз тарихында алғаш рет Суперкубок иегері атанған еді.
Қостанайдың командасы араға жыл салып былтырғы атағын сақтап қана қоймай, жаңа жылды тағы бір ірі жеңіспен бастады. 2021 жылғы ел чемпиондары маусымаралық үзілісте құрамын әжептәуір күшейтті. Атап айтқанда, ол биыл «Астананың» экс-ойыншылары Дмитрий Непогодов (қақпашы) пен Жарко Томашевич (қорғаушы), ұлттық құраманың футболшылары Владислав Васильев пен Айбар Жақсылықов және тағы басқа ойыншылармен толықты. Ал «Қайрат» бірқатар негізгі құрам ойыншыларымен қоштасып, жаңа маусымда жастарға сенім артып отыр.
«Астана Аренадағы» алты мыңнан аса жанкүйердің қолдауымен өткен Суперкубок ойынында «Тобылдың» үстемдігі анық байқалды. Екі клубтың футболшылары дене қыздырып, алаңға бой үйреткенге дейін кездесудің алғашқы 10-15 минуты көрермендерді аздап жалықтырғандай болды. Кейіннен қостанайлық ойыншылар «Қайрат» қақпасына дүркін-дүркін қауіпті шабуыл ұйымдастырып, тамаша ойынымен стадионға жиналған жанкүйерлерді елітіп әкетті. Бірінші таймның бел ортасынан ауғанда «Тобылдың» кезекті шабуылын «Қайраттың» қорғаушылары өз айып алаңында ереже бұзу арқылы тоқтатты. Нәтижесінде, бас төреші пенальти белгіледі. 11 метрлік нүктеде мүлт кетпеген Серікжан Мужиков өз командасын алға шығарды. Алайда ойынның 40-минутында «Қайраттың» бразилиялық легионері Жоао Пауло айып алаңының сыртынан тамаша гол соғып, таразы басын теңестірді – 1:1.
Екінші таймда ойынға VAR араласты. 64-минутта «Тобыл» өз айып алаңында ойын тәртібін бұзды. Ұзақ талқылаудан соң бас төреші Данияр Сахи VAR көмегіне жүгініп, бұл жолы қостанайлық команданың қақпасына пенальти белгіледі. Бірақ «Қайраттың» португалиялық легионері Рикардо Алвеш допты қақпаға дарыта алмады. Сөйтіп «сен соқпасаң саған соғады» дегендей, матчтың аяқталуына санаулы минуттар қалғанда алаңға қосалқы құрамнан шыққан шабуылшы Айбар Жақсылықов мергендігімен көзге түсіп, «Тобылға» жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп – 2:1.
Бұл – «Тобылдың» Қазақстан Суперкубогындағы екінші жеңісі. Қостанайлықтар осы нәтижесінің арқасында Алматының «Қайратымен» теңесіп алды. Ал осы жарыста үш мәрте топ жарған «Ақтөбе» мен бес дүркін Суперкубок иегері «Астана» үздіктер көшін бастап тұр.
Сонымен қатар «Тобыл» бұл жеңісінің арқасында Қазақстан Суперкубогы мен 27,5 млн теңге қаржыға кенелсе, «Қайрат» 12,5 миллион теңге табыс тапты.
Осылайша, Суперкубок ойынымен Қазақстанның жаңа футбол маусымы ашылды. Ертең еліміздің бірнеше қаласында футболдан кезекті Қазақстан чемпионатының жалауы көтеріледі. Сенбі (5 наурыз) күні «Каспий» – «Қызылжар», «Тұран» – «Тараз», «Атырау» – «Ақсу», «Астана» – «Шахтер», «Ордабасы» – «Мақтаарал» командалары бақ сынаса, жексенбіде (6 наурыз) «Қайрат» – «Ақтөбе» және «Тобыл» – «Ақжайық» клубтары жасыл алаңда жолығады.