Бокс жанкүйерлерінің есінде болса, екі боксшы бұған дейін 2021 жылдың 29 желтоқсанында жұдырықтасуға тиіс еді. Алайда пандемияға байланысты бұл айқас белгісіз мерзімге шегерілген болатын. Сол кезде Жапония билігі коронавирус індетіне байланысты жаңа қаулы қабылдап, онда шетел азаматтарының елге кіруіне тыйым салынған-ды.
Осылайша, араға екі ай салып қос тараптың промоутерлері жекпе-жектің жаңа уақытын белгіледі. Бұл туралы күні кеше екі боксшы өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында мәлімдеді. Бір қызығы, жекпе-жектен бір күн бұрын, яғни 8 сәуірде Геннадий Головкин 40 жасқа толады.
Жерлесіміз кейінгі жекпе-жегін 2020 жылдың желтоқсанында польшалық Камил Шереметамен өткізген болатын. АҚШ-тың Флорида штатындағы Seminole Hard Rock Hotel & Casino аренасында ұйымдастырылған айқаста отандасымыз қарсыласын жетінші раундта техникалық нокаутпен жеңген еді.
Ал Риота Мурата болса, соңғы рет шаршы алаңға 2019 жылдың желтоқсанында көтерілді. Сол жылы ол канадалық Стивен Батлермен (28-1-1) өз елінде жұдырықтасып, бесінші раундта техникалық нокаутпен басым түскен болатын.
Америкалық журналист Майк Коппинджердің мәліметі бойынша жекпе-жек кеші Жапония телеарнасындағы прайм-тайм уақытына белгілеген. Ал кештің басты айқасы жергілікті уақыт бойынша 22:20-ға жоспарланған болса, қазақстандық жанкүйерлер бұл кездесуді Нұр-Сұлтан уақыты бойынша кешкі 19:20-да көре алады.