Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС, «EQ»
Семестр сайын грантқа мүмкіндік беріледі
Жаһаншах Жандосұлы Польшаның Жешув қаласындағы Ақпарат Технологиясы мен Менеджмент Университетінде (UITM, Rzeszów) білім алған. Аталған жоғары оқу орнында мамандықтың түр-түрі бар, бірақ оның ішінде санаулысы ғана ағылшынша оқытылады. Кейіпкеріміз сол санаулының ішіндегі Авиация Менеджменті бағытында білім алды. Қазір өзі сол Польша елінде еңбек етіп жүр. Шетелден хат жолдаған Жаһаншахтан ең әуелі осындай халықаралық білімге қалай қол жеткізгенін сұрадық.
«11-сыныпта оқып жүрдім. Мен бітірген польшалық университеттің Қазақстандағы өкілдері оқу ордамызға келіп кетті. Оқу ақысы сол уақытта өзім қызығып жүрген Еуразия ұлттық университетімен шамалас болды. Содан ойланып, үйдегілермен ақылдаса келе Польшаның шағын қаласындағы осы оқу орнында оқуға шешім қабылдадым. Тіл үйренуге деген қызығушылығым, Польшаның, әсіресе сол қаланың тыныштығы, жалпы, осы елдегі және Қазақстандағы тұрмыстың бағасы, сонда алатын білімнің пайдасы, ата-анамның кеңесі осындай шешім шығаруға ықпал етті. Оқу ақылы, бірақ әр семестр сайын ректорлық грантқа ілігуге мүмкіндік беріледі, барлығы орташа баға мен қоғамдық шаралардағы, не шығармашылықтағы белсенділікпен өлшенеді. Дегенмен негізгі басымдық – білімде және нәтижеде», деді Ж.Жандосұлы.
Кейіпкеріміздің ойынша, шетелде оқу дегеніміз «оқу, оқу және оқу» дейтін жаттанды көзқараспен шектеліп қалмайды, университеттің оқудан тыс, шетелдегі өмірдің университеттен бөлек қызықтары бар. Өз бетінше өмір сүру, маңызды шешімдер қабылдау, мүлде басқа тілде қағаз қуалап, құжат жинау, қансонарда бүркітпен түлкі аулағаннан кем түспейтін жеңілдіктер мен акцияларды «аңду», ақшаны үнемдеп пайдалану, біздің тіл мен мәдениетті жат көретін бейтаныстармен саудаласу, келісімдерге келу, қоныс іздеу... Мұның бәрі – өмірдің сабақтары.
«Бәрінен бұрын өзім білім алған мамандықта әуе индустриясының бүге-шүгесіне дейін ғана емес, авиация саласына қатысты немесе тәуелді болады деген экономика, туризм, маркетинг және заңдар бойынша білім алдық. Әуежайлардың, әуе тасымалдаушылардың экономикасы, бәсекелестігі секілді маңызды білім берілді. Бірақ мұның өзі – бір шеті ғана. Жұмыс табу пандемиядан бұрын оңай болатын, қазір сәл күрделірек. Дегенмен қабілетті адамға әрдайым есік ашық. Меніңше, көп студент мұнда тіл жағынан қиналады. Польшаға келсе де, поляк тілін үйренгісі жоқ. Ал бұл елде құжаттардың бәрі полякша, үйін жалға беретіндердің басым бөлігі ағылшынша білмейді. Тіл білмегеннің кесірінен алданып қалып жатқандарды да көрдік», дейді Ж.Жандосұлы.
Кореядағы ұлттық университеттің гранты
Қазіргі жастар көбіне ата-анасына салмақ салмау үшін тегін білімді таңдайды, соған талаптанады. Сондай жастың бірі – Оңтүстік Кореядан байланысқа шыққан, Корея (Kyungpook) ұлттық университетінің шетелдіктерге бөлінетін грантпен оқыған Гүлзира Абуова. Ол өзінің ізденісі нәтижесінде оқуға түсті. Бұдан бұрын кейіпкеріміз Қазақстанда музыкалық колледждің хореография мамандығын бітіріпті. Кейін өзі өскен Қызылорда қаласындағы мемлекеттік спорт мектебінде гимнастикалық биден сабақ берді. Оның айтуынша, Кореяда шетелдік студенттерге жақсы жағдай жасалған. Мәселен, жатар орны, тамағы тегін, В.0 деңгейінен түсіп қалмаса, стипендиясын тағы алады. Бізде де, айталық, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де жыл сайын академиялық ұтқырлық бағдарламасымен шетелден студенттер келіп оқиды. Олар жоспарланған арнайы курстарды таңдап, білім алады. Шетелдік студенттерге жатақхана және шәкіртақы беріледі. Олардың оқу мерзімі – 1 семестр (4 немесе 5 ай). Сондай-ақ Қазақстан мемлекеті тарапынан Ауғанстан, Пәкістан және т.б. елдерден келген студенттерге арнайы грант бөлінеді. Шетелдік студенттер Қазақстан студенттерімен бірге 4 жыл оқып, бакалавриат дипломын алып шығады.
Ал мынадай мүмкіндіктің бізде жоқ екені рас. Сенесіз бе, кореялық студенттер сабақ кестесін өздері құрады. «Мұнда ізденушілерге еркіндік берілген. Біздің елдегі жүйеге осы жетіспейтін сияқты. Әрине, мамандыққа қатысты міндетті пәндер бар, бірақ қалғанын өзім таңдаймын. Мысалы, осы семестрге ағылшын тілін қосып қойдым. Бұл – бір. Екіншіден, өзіме ыңғайлы уақытты да белгілей аламын», дейді екінші кейіпкеріміз Гүлзира.
Ал елімізде студенттерге сабақ кестесін жасау мүмкіндігі берілмеген. Алайда студент оқытушыны немесе арнайы пәндерді таңдай алады. Сонымен қатар студент өз мамандығына байланысты пәндерді ағылшын тілінде білім беретін топтарда оқуға құқылы. Бірақ ондай топтарға түсу үшін арнайы талаптарға сай болу керек. Ең басты және міндетті талап – студенттің ағылшын тілін білу деңгейі. Иә, талап әртүрлі болғанымен, әр университеттің шетелдік студенттерге бөлетін гранты болады. Соған ұмтылуға әр үміткердің мүмкіндігі бар.
Ақша төлеп, табыс табуға болады
Бірінші кейіпкеріміз сынды шетелдік университеттің ұсынысымен, екінші кейіпкеріміздей университеттің грантымен оқығандардан бөлек, елімізде жұмыс істейтін арнайы орталықтар арқылы мұхит асып білім алғандар бар. Мақсұтбек Айтмағамбет Work and travel US мәдени білім беру бағдарламасымен оқып келген. Қазір АҚШ-тан алған «Кәсіпкерлік білім» бағытында игерген дағдыларын өмірде қолданып, жұмыс істеп жүр.
«Өзім – осы бағдарламамен барған алғашқы қатысушының бірімін. 2000-жылы бардым. Балалар лагерінде тәлімгер болып жұмыс істедім. Америкаға бірнеше рет әртүрлі бағдарламамен барып, кейін сол АҚШ-та университеттің және өзім қызмет ететін компанияның грантымен магистратураны оқыдым. Бұл бағдарлама саяхаттау арқылы үйрету, білім беруді көздейді. Білім саяхаты деп атасақ та болады. Бірақ бір нәрсені ұмытпау керек, Work and travel тек студенттерге арналған, олардың жазғы немесе қысқы демалыстарында саяхаттай жүріп жұмыс істеуге, ел танып, жер көруге бағытталады. Негізі аталған бағдарлама 1957 жылы Америкада пайда болды. Әуелде Еуропа мен АҚШ студенттері өзара білімін бөлісіп, өзара мәдениетті, тілді үйренді. Мұнда неге жұмысқа мән беріледі? Білім негізінен формалды, формалды емес болып екіге бөлінеді ғой. Көбіне-көп жұмысқа тұрарда оқулықтардағы формалды білімнен гөрі қарым-қатынас мәдениеті, күрделі мәселелердің шешімін табу, жұмыстарды жүйелей білу секілді формалды емес білім сұралады, кей жерде тіпті талап етіледі. Ал мұндай білімді адам өмірден, шынайы практикадан алады, яғни қандай да бір жауапкершілік алып жұмыс істеуден үйренеді», дейді М.Айтмағамбет.
Бұл кейіпкеріміздің айтуынша, мұндай бағдарлама Америкада ғана емес, дүниежүзінің көптеген елінде бар. Мысалы, Work and travel Germany, Work and travel Australia бағдарламасы жұмыс істейді. Атауы бөлек болғанымен, Work and study дейтін аустралиялық бағдарламаның бағыты да осындай.
Work and travel US мәдени білім беру бағдарламасы Қазақстанда 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл бағдарламаны елімізде өзім еңбек ететін Халықаралық білім алмастыру орталығы іске асырды. Осы уақыт ішінде 22 мыңнан аса студенттің шетелдік мәдениетті көріп, тіл үйреніп, қажетті дағдыны игеріп, формалды емес білім алып, практикада қолдануына көмектестік. Барған студенттер шағын бизнес мекемелерінде жұмыс істеді. Мұндағы мақсат – ең алдымен еңбекке баулу, өзін-өзі қамтамасыз етуге үйрету. Мейлі, өзінің болашақ мамандығына қатысы жоқ кафеде, қонақүйлерде, ресторандарда қызмет етсе де, ондағы көзге көрінбейтін дағдылар кейін мамандығымен жұмысқа тұрғанда қажет болады. Рас, жобаға қатысу ақылы, соңғы екі жылда пандемия мен кейбір санкциялардың себебінен қымбаттады. Қазір орта есеппен 2 000-2 500 АҚШ долларын төлеу керек. Оған қосымша алатын билеті бар. Бірақ барған соң жұмыс істеп, жұмсаған қаржысын бірнеше еселеп қайтарып алғандар жетерлік. Әдетте көбі 10 мың доллардың көлемінде табыс табады. Ал былтыр барған студенттер арасында 23 мың долларға дейін табыс тапқандар болды», дейді Халықаралық білім алмастыру орталығының өкілі М.Айтмағамбет.
Work and travel US бағдарламасымен Америкаға бару үшін ағылшын тілін ауызекі білу жеткілікті, халықаралық тіл білімі жөніндегі IELTS, TOEFL секілді тестілеулерді тапсыру, одан белгілі бір нәтижелі сертификаттар талап етілмейді. Дегенмен орталықтың координаторлары, кейін АҚШ елшілігінің консулы алатын ағылшын тіліндегі сұхбаттан өтеді. Осы сұхбаттан өте алған студенттер ғана бара алады.
Зерттеуге де грант ала аласыз
Ал бізге Түркиядан хат жолдаған Бекарыс Нұриман Turkiye Burslari жайлы 2014 жылы ести бастапты. «Мен 2014 жылы магистратураны бітірдім. Сөйтіп, докторантураны осы Turkiye Burslari бағдарламасымен оқығым келді. Құжат тапсырғаныммен, өте алмадым. Өйткені құжаттарды өз бетімше толтырғандықтан қателіктер болды. Бір құжатымды ағылшынша, енді бірін қазақша толтырғанмын. Сөйтсем, өзінің www.turkiyeburslari.gov.tr сайтында әлемде мойындалған халықаралық 6 тілдің бірінде ғана жазып тапсыру керегі көрсетілген екен. 2015 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне докторантураға түстім. Докторантурада оқи жүріп тағы Turkiye Burslari бағдарламасына құжат тапсырдым. Алайда бұл жолы докторантураға емес, зерттеу грантына тапсырдым», дейді.
Кейіпкеріміз атап өткендей, Turkiye Burslari бағдарламасының зерттеу гранты докторанттарға беріледі. Екінші кезекте докторантураны бітіргендер де посдокторантура секілді зерттеу жүргізуге грант ала алады. Докторанттарға не үшін беріледі? Сіз әлемнің қай жерінде оқып жатсаңыз да грантты иеленіп, әлеуметтік-экономикалық жағдайыңызды аз уақытқа шешіп, алаңсыз ғылыммен айналысуыңызға болады.
«Өз тәжірибемнен айтсам, зерттеу грантына құжат тапсыру қағазбастылықтан тұрмайды. Бастысы грантқа тапсыратын зерттеу тақырып докторанттар үшін сол докторантурадағы диссертациясының тақырыбынан тыс болмауға тиіс. Екіншіден, зерттеу туралы қысқаша сипаттап негіздеме беру керек. Мұнда осы зерттеу арқылы сіз қандай мәселені шешетініңізді, оны қандай әдістермен зерттейтініңізді, нендей деректерге сүйенетініңізді, ғылымға қалай пайдасын әкелетінін, яғни күтілетін нәтижесін дәйектеп түсініктеме толтырасыз. Бас-аяғы 2 беттен тұратын негіздеме жазып тапсырдым. Тағы бір ескеретін нәрсе, оны бір-ақ тілде жаздым. Негізі зерттеуді қай тілде жүргізсеңіз, сол тілде жазған дұрыс. Зерттеуіңізді Түркиядағы бір ғалыммен бірлесіп жүргізуіңіз керек. Таңдаған жетекшіңізден жетекшілік ететіні туралы, сіздің сол тақырыпты зерттеу алатыныңызға сенім білдірген қолдау-хаты қажет. Осы зерттеуді шынымен жүргізе алатыныңызға көз жеткізу үшін тағы екі ғалымның кепілдік ретінде тағы қолдау-хаты талап етіледі. Комиссия мүшелері өзіңіз бен ғылым жолыңыз жайлы берген ақпаратты қарап, еңбектеріңізбен танысып, қазіргі тақырыбыңыздың өзектілігін саралай келе шешім шығарады», дейді Б.Нұриман.
Түркияның зерттеу грантын иеленген кейіпкеріміздің айтуынша, комиссия мүшелерінің шешіміне қолдау-хат иелерінің жауабы да зор ықпал етеді. Яғни комиссия өкілдері арнайы әлгі сенім білдірген ғалымдарға хабарласып, сұрайды екен. Шындыққа көз жеткізгеннен кейін ғана сенімнен шығуға мүмкіндік бар. Грант иеленсеңіз, ай сайынғы стипендия секілді түсіп тұрады. Б.Нұриман докторант ретіндегі стипендиясына қоса осындай грантқа қол жеткізіп, тұрмыстық жағдайға 1 жыл алаңдамай зерттеуімен шұғылданды. Әбден електен өтіп, сенімге ие болып грант алғандардан ешбір артық есеп сұралмайды екен. Бірақ кейіпкеріміз өзінің алғашқы негіздемесінде көрсеткендей, 3 ай сайын 2 беттен тұратын тоқсандық, кейін 4-5 беттей қорытынды жылдық есебін жазып өткізген.
Жалпы, Turkiye Burslari атты 4 деңгейлі (бакалавриат, магистратура, докторантура, зерттеу) грант берілетін түркиялық бағдарламасы жайлы қазақ жастары біршама хабардар болып қалғандай. Себебі осы бағдарламамен Қазақстаннан Түркияға аттанған жас отандастарымыздың қатары көбейіп келеді. Грант жыл сайын беріледі. Құжат қабылдау мерзімі әр жылдың басында, яғни қаңтар айынан басталып, ақпан айының 20-на дейін өтеді. Әр деңгейде грант үміткерлеріне жас ерекшелігіне байланысты шектеулер бар. Мәселен, 35 жастан асқандар докторантураға тапсыра алмайды. Дегенмен тіл мәселесінде қиындық жоқ. Көп ел шетелдік студенттерге сол елдің мемлекеттік тілін жеткілікті деңгейде меңгергенде ғана грант береді. Ал Turkiye Burslari бағдарламасы бойынша Түркияның мемлекеттік гранты түрікше мүлдем білмейтіндерге де беріледі. Бір жыл арнайы тіл курсынан өтеді.
P.S. Біз жер жүзінің әр қиырынан білім алған жастармен тілдесіп, олардың өз мақсатына қалай қол жеткізгенін жазуға тырыстық. Грантпен, стипендиямен, ақылы, стипендиясыз болса да тегін оқудың мүмкіндіктерін, сондай-ақ формалды оқумен ғана шектелмей, өмірлік маңызы зор формалды емес оқудың жолдарын кейіпкерлер арқылы ұсындық. Қазіргі білім қуған жастар біз білмейтін бағдарламаларды білетін де болар. Егер сіз халықаралық білімді өз бетінше алғандардың қатарында болсаңыз, редакциямызға оқуға түсу тарихыңызды жазып жіберіңіз. Бұл өзіңіздей қаншама жастың үміт шырағын жағуы мүмкін.