Бизнес форумға Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен Түркия Республикасының вице-президенті Фуат Октай, сондай-ақ екі елдің мемлекеттік органдарының, бизнес және квазимемлекеттік секторының 250-ден астам өкілі қатысты. Іс-шара Қазақстан мен Түркияның кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ екі мемлекеттің өзара сауда және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылауға арналған платформаны құруға бағытталған.
Өздеріңіз білетіндей, Түркия біз
үшін бауырлас ел ғана емес, Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 33%-ға өсіп, 4,1 млрд доллардан асты. Соңғы 15 жылда Түркия еліміздің экономикасына 3,5 млрд доллардан астам инвестиция салған. Әлихан Смайылов бүгінгі таңда түрік инвесторларының Қазақстанға деген қызығушылығы айтарлықтай өскенін де атап өтті.
– Пандемияға қарамастан, Қазақстан үшінші жыл қатарынан Түркиядан рекордтық көлемде инвестиция тартып келеді. Өткен жылдың 9 айында Түркиядан келген тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 2 есеге жуық өсіп, 535 млн долларды құрады. Бұл – Қазақстанға деген үлкен сенімнің белгісі және біздің еліміздегі оңтайлы инвестициялық ахуалдың көрінісі, – деді Ә.Смайылов.
Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 3 700-ге жуық компания жұмыс істейді. Жалпы, 2 млрд долларға жуық сомаға 58 ірі жоба бірлесіп іске асырылды. Тау-кен металлургия кешені, инфрақұрылым, азық-түлік өнеркәсібі және фармацевтика секілді салаларда жобалар табысты іске қосылған. Жалпы құны 2,5 млрд долларға жуық соманы құрайтын 27 жоба іске асырылу сатысында тұр. Сондай-ақ 1 млрд доллардан астам сомаға 55 перспективалы жоба пысықталып жатыр.
Премьер-Министрдің айтуын-
ша, Қазақстан COVID-19-ға бай-
ланысты орын алған экономикалық қиындықтарды еңсере алды. Мысалы, өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өсімі 3,8%-ды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 5,5%-ды құрады.
– Шикізаттық емес секторлардағы жоғары инвестициялық белсенділік өсімнің негізгі факторына айналды. Аталған сектордағы инвестициялар 9,5%-ға өсті. Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар 2021 жылдың 9 айында 50%-ға, яғни 18,8 млрд долларға дейін ұлғайды, – деді Ә.Смайылов.
Үкімет еліміздің инвестициялық тартымдылығының деңгейін арттыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. ESG, жаһандық энергетикалық және технологиялық көшу талаптарының күшеюі жағдайында еліміздің инвестициялық саясатын жақсартуға бағдарланған, Қазақстанның инвестициялық саясатының жаңа тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Жаңашылдықтар экономиканың басым секторларындағы инвесторлар үшін салық режімдерін оңтайландыру және жеңілдету, субсидиялар және басқа да ынталандыру шараларын қамтиды.
Ә.Смайылов түрік компанияларын инвестициялық байланыстардың ауқымын кеңейтуге, сондай-ақ жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға шақырды.
– Металлургия және тау-кен өндірісі саласы – экономикамыздың басты секторы, оған өнеркәсіп пен ұлттық экспорттың шамамен 20%-ы тиесілі. Сонымен қатар машина жасау өнімдерінің экспорты көлемінің қарқынды өсуі, импорт көлемінің біртіндеп төмендеуі байқалады, – деп атап өтті Ә.Смайылов.
Министрлер кабинетінің басшысы түрік бизнесмендерінің назарын Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде іске асырылып жатқан жобаларға аударды.
– Қазақстандағы ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы
ауданы 200 млн гектардан асады және жайылымдар аумағы 180 млн гектарға жуық. Қазақстанды БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы әлемдегі ең перспективалы 5 ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің бірі және таяу жылдардағы жаһандық және өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қатысушы ретінде таныды. Аграрлық салада өзара тиімді ынтымақтастық орнатудың әлеуеті өте зор, – деді Премьер-Министр.
Сондай-ақ Қазақстан энергетика саласындағы жобаларды іске асыруға тәжірибесі мол түрік компанияларының қатысуына мүдделі екенін де баса айтты.
Түркия Республикасының вице-президенті Фуат Октай екі ел арасындағы достық, бауырластық байланыстар барлық жағынан дамып келе жатқанын жеткізді.
– Түркия мен Қазақстан – бекем байланыстары бар бауырлас екі халық, сонымен қатар діни және тілдік құндылықтарымыз да ортақ. Екі ел арасындағы достық байланыстар барлық жағынан дамып келеді. Кәсіпкерлеріміз бекіткен келісімдер экономикалық ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтатынына сенімдіміз. Қаңтар оқиғалары кезінде де ынтымақ-бірлігіміздің іргесі сөгілмейтінін көрдік. Әрдайым бір-бірімізге қолдау көрсетіп, ортақ жобалар жалғаса береді деп ойлаймыз, – деді Түркия Республикасының вице-президенті.
Фуат Октай Түркия әлемдегі үлкен экономикалардың бірі екенін атап өтті.
– Пандемия кезінде Түркия мемлекеттік салада, жеке салада да экономикасын әрі қарай жалғастыра берді. Біздің экономикамыз 11%-ға дамып, соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Экспорттық үлесіміз де жақсы дамып келеді. Түркияның экспорты соңғы 21 жыл ішінде алғашқы рекордтық деңгейге жетті. Көрсеткіш алдыңғы жылға қарағанда 56 млрд долларға артып, 225 млрд долларды құрады. Сыртқы саудада да көрсеткіштер 2021 жылы шамамен 500 млрд долларға жетті. Қазақстанның көршілес елдермен салыстырғанда мықты нарықтық орталық атанатын үлкен әлеуеті бар. Осы мүмкіндікті жақсы пайдалану керек, – дейді Фуат Октай.
Мәртебелі мейман атап өткендей, Қазақстанда түрік фирмалары дайын киімнен дәрі индустриясына дейін түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді.
– Түрік мердігерлері Қазақстанда 27 млрд доллар деңгейінде 508 жобада өз қолтаңбасын қалдырған. Каспий теңізінде 750 млн долларлық жоба бар, 650 млн долларлық ЭКСПО ғимаратының жобасы, одан басқа «Ақтоғай мыс» кешені секілді үлкен жобарларда мердігерлік жасады. Бұған қоса 11 айда аяқталған Түркістан халықаралық әуежайы бар. Бұлар да толықтай түрік инвестициясы арқылы жүзеге асты. Қаңтар оқиғаларынан кейін де Қазақстандағы түрік фирмаларының ынтымақтастығы сенімді түрде жалғасып жатыр. Бұл ретте инвесторлар мен инвестицияларды қорғауға Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген кепілдемелері үлкен маңызға ие. Сондықтан Қазақстанға түрік кәсіпкерлері атынан алғысымды білдіргім келеді, – деді Ф.Октай.
Форум қорытындысы бойынша 10 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Келісімдерді іске асыру аясында инвесторлар Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында көлік-логистикалық орталықтар, Алматы қаласында фармацевтикалық зауыт, елордада медициналық бұйымдар, бетперделер мен респираторлар шығаратын кәсіпорын, болат өнімдері, металл болат конструкцияларын шығаратын зауыт, сауда ойын-сауық орталығын салуды жоспарлап отыр. Аталған жобаларға салынатын инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 500 млн долларды құрайды.