Руханият • 06 Наурыз, 2022

Ана мейірімі

642 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осы суретке көз алмай қараймын. Жаныңызды баурап алатын бір сырлы сұлулық бар. Бойыңызды сағыныш билеп, нәзік әуенге елтігендей күй кешесіз. Көз алдыма анамның жас кез келді. Бір қарағанда, ұқсайтын секілді. Керімсал дала, жайқалған көк майса. Арғы жағынан таулардың сұлбасы ағараңдайды. Ошақта жанған от үстіндегі қазанға қарап, мейірімді жас ана ойға батқан. Не ойлап отыр екен дейсіз... От –деген өмір. Өмірдің ұйытқысы –ана. Осы екі ұғым бір-бірімен сәтті үйлесім тапқан.

 

Ана мейірімі

Бұл–Қазақстанның халық суретшісі Қанапия Телжановтың қолтаңбасын айрықша даралаған «Жамал» атты картинасы. Оны автор 1955 жылы салған. Ол кісі бір сөзінде осы еңбегін анасының есімімен атағанын айтады. Суретші ше­бер­лігін жарқырата көрсеткен туынды сол жылдары

Монреальдегі Қазақстан күндеріне арналған көрмеде жұртшылықтың қызығу­шылығын тудырып, таңдай қақтырады. Кейін бұл картинаны Мәскеудегі Третья­ков галереясы аттай қалап сатып алады. Бүгінге дейін ол сонда сақталған.

Осы туынды туралы белгілі өнер­танушы Зухра Ыдырыс былай деп жазады: «Тырнақалды дара туындысында өзінің жадында сақталған ана бейнесін қайта жандандырған суретші, балалық махаббаты мен сағынышын осы көркем туындысында айқын көрсетуге тырысады. Ол қазан қасында ас әзірлеп отырған өз анасының жер ошақтан шыққан түтінмен астаса елестей сағымданған сағы­­нышқа толы мейірімді келбетін жа­сай­ды. Даланың жусан иісімен сабақ­тас­қан анасының лирикалық бейнесі арқы­лы бүкіл қазақ халқына тән қонақжай­лылықты, жылылықты жеткізуге тырысса, көкжиекпен жалғасып, шексіз созылған ұлан-ғайыр дала арқылы сол ана жүрегінің кеңдігін паш еткендей болады» дейді.

Қанапия Телжановтың кез келген картинасы бас-аяғы бүтін, көркемдігі мен шеберлігі келіскен, толымды дүние. Оның жұмыстарын көргенде әдеби кітап оқығандай әсерде боласыз. Адамды ойға, мұңға батырады.

Өткен ғасырда халқымыз түрлі кезең­дерді бастан кешті. Азаматтық соғыс, аштық, қуғын-сүргін, екінші дүниежүзілік соғыс – осының бәрі адамдарды есеңгіретіп жіберді. Елдің еңсесін түсіріп, рухын бас­ты. Оның үстіне елуінші жылдардың бас кезінде басталған Қазақстандағы Тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны да жұдырық болып тиді. Үлкен қасірет әкелді. Қазақ өз жерінде саны аз ұлтқа айналды. Солтүстік өңірлерде жүздеген қазақ мектебі жабылды. Тың игереміз деп тусырап жатқан даланы жапатармағай жыртып, аз уақыт ішінде шаң топыраққа айналдырды. Осы жағдай, әсіресе зиялы қауым, оның ішінде жаны нәзік, сезімтал өнер адамдарына ауыр тиді. Олар барынша қарсылық көрсетуге тырысты. Оны ашық айтпаса да шығармаларында астармен, емеурінмен жеткізуге күш салды. Суретшінің 1958 жылы салған «Атамекен» туындысында осы жантүршігерлік көрініс батыл бейнеленген. Жыртып тастаған шабындық арасымен соңынан құлынын жетектеген, аттылы қария ауыр ойға батып келеді. Қария ойға жай батып келе жатқан жоқ. Автор сол арқылы ұлттық құндылықтар мен тарихымыздың тоналып жатқандығын жеткізеді. Осы картинаны көргенде, жазушы Алдан Смайылдың тың игерудің залалы туралы көркем сөзбен кестелеген «Күзде тасыған өзен» атты повесіндегі Садақ қарияның бейнесі ойыма келді.

 «Тың және тыңайған жерлердi игеру науқаны қалай болғанда да қазақ халқының тарихындағы бiр қаралы бет. Үйдiң iргесiне дейiн жыртылмаған жер қалмады ғой. Сол жыртылған жердiң үстiне Телжанов ат ойнатып, көкпар тартқызып, Махамбеттiң мiнезiн алып келдi. Бұл суреткердiң сол кезеңге деген iшкi қарсылығы едi. Осы картинаны суретшi, бәлкiм, жанын шүберекке түйiп, иненiң үстiнде отырып жазған шығар. Дейтұрғанмен де суретшi халқының рухани мұратына адалдығын танытты, намыс биiгiнен алдаспандай жарқ еттi» дейді қаламгер Қали Сәрсенбай.

Сонымен қатар ұлттық болмысымызды айна-қатесіз бедерлеген қылқалам шеберінің «Көкпар» атты туындысындағы атадан жалғасып келе жатқан ғажайып өнердің сан қырлы құбылысын шынайы­лықпен жеткізген шеберлігіне тәнті боласыз. Мұнда көкпаршылардың шие­леніске толы динамикасын дәлме-дәл келтіреді.

Қанапия Телжанов зиялы отбасында дүниеге келген, әкесі Темірболат Санкт-Петербург қаласында жоғары білім алып, кейін Орынбор советінің мүшесі, Сібір өлкетану өңірінің «Кедейлер съезі» газетінің редакторы болған. Сондай-ақ «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет істеген. Алайда отызыншы жылдары жазықсыз жаланың құрбаны болады. Содан да болар, суретші жеке басқа табынушылық кезеңінің қасіретіне алғашқылардың бірі ретінде қалам тартып, 1965 жылы «Үйде» атты картинасын салды.

Белгілі қаламгер Мамадияр Жақып суретші туралы мақаласында Телжанов­тың әлдебір саясаттың ығына келетін тақырыптар емес, кәдімгі адами, пенделік дүние иірімдерін көрсететін туындылар туғызғандығын жазады.

Көрнекті қылқалам шеберінің «Қарлы­ғаш», «Күн сәулелі өлкеде», «Жеңіс», «Төң­керіс күзетінде -11», «Алғашқы рет» және тағы басқа еңбектерінен жылы лиризмге толы сыршылдықты кө­ре­сіз. Саналы ғұмырын қазақ бейнелеу өнеріне арнаған суретшінің жұ­мыс­тары елімізде ғана емес, әлемнің көп­теген мемлекеттеріндегі айтулы көр­ме­лерде қойылған. Бірқатар туынды­сы Алматыдағы мемлекеттік өнер му­зейінде, Мәскеудегі Третьяков галерея­сында және АҚШ, Қытай, Жапония секіл­ді ел­дердегі жекеменшік галереялар қо­рында сақталған.

Жалпы, Ұлттық бейнелеу өнеріміз туралы айтқанда, соның іргесін қалап, қазығын қаққан Әбілхан Қастеев, Орал Таңсықбаев, Молдахмет Кенбаев секілді біртуар саңлақтармен бірге Қанапия Телжановтың да тұрғаны анық.