Теннис • 07 Наурыз, 2022

Қазақстан – «Дэвис кубогының» финалында

161 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Теннистен Қазақстан ерлер құрамасы биылғы «Дэвис кубогының» іріктеу кезеңінде Норвегиямен шеберлік байқасып, қарсыластарынан басым түсті. Осылайша, жерлестеріміз қатарынан үшінші жыл Мадридте (Испания) өтетін жарыстың финалында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.

Қазақстан – «Дэвис кубогының» финалында

 

Норвегия – Қазақстан құрамалары арасындағы тартысты кездесу нау­рыздың 4-5-і күндері Ослодағы Oslo Tennisarena спорт кешенінде өтті. 2000 жылы бой көтерген жабық кешендегі теннис орталығы кейінгі жылдары жергілікті құрамаға сәттілік әкеп, осы орталықта бірқатар ойында жеңіске жеткен екен. Атап айтқанда, олар былтыр Барбадос (4:0), Өзбекстан (3:1) және Украина (3:1) теннисшілерін тізе бүктірген. Норвегиялықтар биыл да 2021 жылдағы жеңісті жолын жалғастыруға ниетті еді. Алайда Александр Бублик бастаған жігіттер әлемнің 8-ракеткасы саналатын Каспер Руудтың отандастарына еш мүмкіндік қалдырмады.

Іріктеу жарысының жеребесі бо­йын­ша, 4 наурыздағы алғашқы ойын күні бірінші болып кортқа Михаил Кукушкин мен Каспер Рууд, содан кейін Александр Бублик пен Виктор Дура­сович шығатын болды. Екінші күнге жоспарланған үш кездесуде алдымен Александр Недовесов пен Андрей Голу­бев жұптық сында Каспер Рууд – Виктор Дурасовичпен, сосын Бублик пен Рууд, Кукушкин мен Дурасович кездесетін болып бекітілді.

Бірінші жарыс күнінің бәсекесінде кортқа бірінші болып әлемнің 160-ракеткасы Михаил Кукушкин мен ATP рейтингінде 8-орында тұрған Каспер Рууд шықты. Алғашқы сетте Каспер жерлесімізден еш қиындықсыз айласын асырды – 6:1. Екінші кезеңде Рууд жеңіске жету үшін біраз еңбектенуге тура келді. Өйткені М.Кукушкин ойын тізгінін өз қолына алып, допты ойынға қосу кезегінде үнемі есепте алға шығып отырды. Алтыншы геймге дейін таразы басы 3:3 болып теңесіп тұрған-ды. Бірақ жетінші геймде Рууд брейк жасап, есепте алға шықты. Норвегияның бірінші ракеткасы кейінгі геймде де білгенінен жаңылмай, бұл сетті де өз пайдасына жазды – 6:4. Осылайша, Каспер Рууд Норвегия құрамасына алғашқы жеңісін сыйлады.

Бірінші күннің екінші кездесуінде Александр Бублик пен Виктор Дурасович кім мықтыны анықтады. Бублик Қазақстанның бірінші, әлемнің 32-ракеткасы болса, қарсыласы дүниежүзілік рейтингте 321-орында тұр. Бірінші партияда бірден ойын тізгінін қолына алған қазақстандық теннисші екі геймнен брейкпен алға шықты – 2:0. Осы басымдықты бірінші партияның соңына дейін сақтай білген отандасымыз 6:3 есебімен жеңіске жетті. Екінші сетте есеп 2:2 болған кезде Бублик брейк жасап, алға шықты. Кейіннен тағы да бір брейкке қол жеткізді – 5:2. Ал кездесудің соңғы геймін эйспен аяқтады – 6:2. Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған бәсеке барысында Бублик 11 эйс жасап, 3 брейкке қол жеткізді. Сөйтіп Александр Қазақстан – Норвегия матчында таразы басын теңестіріп, жанкүйерлерге қуаныш сыйлады.

Осы кездесудегі бірінші сеттің екінші геймінде Ослодағы теннис аренасында электр жарығы өшіп, төреші кездесуді 10 минутқа тоқтатуға мәжбүр болды. Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Александр Бублик электр қуатының өшуі ойынның басында болғандықтан, оның көңіл күйіне әсер етпегенін айтты. «Егер бұл тай-брейкте орын алса, бәлкім бұл екеуміздің бірімізге зиян тигізер еді. Сондықтан біз жағдайды салқынқанды қабылдауға тырысуымыз керек. Виктор жақсы ойнады, кей сәттерде аздап қобал­жыды. Мен жақсы ойнадым, солай болуы керек еді. Сондықтан матчтың ба­рысы негізінен анық болды», деді А.Бублик.

Ослодағы Норвегия – Қазақстан матчының екінші ойын күнін жұптық сында бақ сынайтын теннисшілер бас­тап берді. Бұл бәсекеде норвегиялықтар сапында Каспер Рууд пен Виктор Дура­сович жұп құрап өнер көрсетуі керек еді. Алайда Норвегия құрамасының капи­таны (бас жаттықтырушы) Андерс Хосет Руудқа демалыс беріп, 23 жастағы Симен Сунде Братхольмге сенім артты. Сөйтіп ол Виктор Дурасовичпен бірге қазақстандықтар Андрей Голубев пен Александр Недовесовке қарсы тұрды. Бірінші сетте норвегиялық жұп 4:1 есебімен алға шықты. Дегенмен қазақстандық теннисшілер соңғы сәтке дейін ойнап, 12 геймде таразы басын теңестірді. Сосын тай-брейкте 12:10 есе­бімен басым түсіп, жеңісті жұлып алды – 6:7. Екінші сетте қазақстандық жұп тағы бір брейк жасап, матчты же­ңіспен тәмамдады – 6:3. Екі сағат­қа жу­ық уақытқа созылған матчта қазақ­стандықтар 1 эйс жасап, 7 брейк-пойнт­тың екеуін пайдалана білді. Екін­ші күннің бірінші матчынан кейін Қазақ­стан құрамасы 2:1 есебімен алға шықты.

Төртінші кездесуде Қазақстан мен Норвегияның бірінші ракеткалары Александр Бублик пен Каспер Рууд шеберлік байқасты. Бұл кездесу жерлесіміз үшін өте ерекше матч болатын. Өйткені Бублик бұған дейін Руудпен кортта үш мәрте кездесіп, үшеуінде де жеңіліп қалған болатын. Сондықтан бұл матч Александрға Касперден есе қайтаруға және Қазақстан құрамасын мерзімінен бұрын турнирдің финалына шығаруға тамаша мүмкіндік еді. Қуанышқа қарай, кездесу Бублик жоспарлағандай өтіп, өткен үш же­ңістің есесін қайтарды. Аса тартыс­ты кездесудің бірінші партиясында брейк жасаған қазақстандық теннисші басым­дық танытты – 6:4. Екінші сетте К.Рууд есе қайтарды – 7:5. Үшінші, ше­шуші партияны Бублик әуелі брейктің арқасында жеңіспен бастап (2:0), матч соңында 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, Қазақстан құрамасы қо­нақта Норвегия құрамасын 3:1 есебі­мен ұтып, биыл күзде өтетін Дэвис ку­богының финалдық кезеңіне жолдама алды. Финалда Қазақстаннан бөлек, іріктеуде жеңіске жеткен Аус­тралия, Оңтүстік Корея, Нидерланд, Ис­пания, Франция, Аргентина, Бельгия, Швеция, Италия, АҚШ және Германия құрамалары мен тікелей жолдамаға ие болған Хорватия, Ұлыбритания Сербия және былтырғы чемпион Ресей құрамасы ойнайды. Бірақ әзірге Ресейдің Испанияға бару-бармауы шешілген жоқ.

р