Аймақтар • 08 Наурыз, 2022

Жауапкершілік жүгі жоғары

535 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 3,7 мың көпбалалы ана бар. Соның ішінде 196-сы Кеңес кезінің «Батыр ана» атағын алған. Ал аналарға арналған қазақстандық ең жоғары марапат «Алтын алқаны» иеленгендер саны – 1,2 мың. Бұл – жетіден көп бала өсіріп, тәрбиелегендер. Ал алты бала өсіргендерге берілетін «Күміс алқаны» 2 мыңнан астам ана иеленген.

Жауапкершілік жүгі жоғары

 

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Ана­лар мерекесі қарсаңында 7 ба­ла­­ның анасы Инеш Жанайда­ро­ва, Анна Әбішева және Ирина Исаеваға «Алтын алқа» тапсырды. Ал 6 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген Анар Амантаева мен Гүлбаршын Ақтаева «Күміс алқа» алды. «Ана» сөзі – бәрімізге қа­сиет­ті ұғым. Әр адамның өмі­рін­­де ананың алар орны бөлек. Осы орайда көпбалалы аналар ай­рықша құрметке лайық. Ха­лық­аралық әйелдер күні қар­са­­ңын­да көпбалалы аналарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтаймын. Өз өмірлерін бала тәрбиесіне арнап келе жатқан батыр аналарға бас иіп, алғыс айтамын» деп жазды облыс әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желі­дегі па­рақ­шасында.

Ал Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның Полиция департа­мен­тінде 409 қыз-келіншек қызмет етеді. Олардан басқа 175 әйел адам ерікті жалдамалы қызметте. Офицерлердің ішінде 10-ы бас­шылық лауазымды атқаруда. По­лиция департаментінің бастығы, полковник Айдын Қаб­дыл­ди­нов әйел қызметкерлерді 8 нау­рыз мейрамымен құттықтап: «Әр қызметкердің еңбегі ерекше бағалы. Әйелдер қолға алған жұмысын үнемі жауапкершілікпен атқарады. Табандылық пен шы­дам­дылықтың арқасында сіз­дер отбасының қам­қорлығы мен по­ли­циядағы жа­уапкершілігі зор күр­делі жұ­мысты қатар алып келе­сіздер», деді.

Осы күні 40-қа жуық қыз-келіншек ведомстволық медальдар, төсбелгілер, Құрмет грамоталары, Алғысхаттар алды. Әйел полицейлердің шығармашылық қабілеттерін көрсеткен музыкалық бейнероликтер, сондай-ақ барлық көрерменнің жүректерін ел­жірет­кен аналар мен әжелер жайлы бейнероликтер залға жиналған қыз-келіншектерге ерекше көңіл күй сыйлады. Мерекеге арналған жиын полиция қызметкерлерінің балалары мен облыстық ПД Мәдени орталығының қызметкерлері өнер көр­сет­кен концертпен аяқталды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы