Қоғам • 08 Наурыз, 2022

Ақынды дәріптеген көрме

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстанның халық жазушысы Мәриям Хәкімжанованың туғанына 115 жыл толады. Соған орай елордадағы Ұлттық музейде «Таң Шолпан» халықаралық тәуелсіз суретші әйелдер қорының ұйымдастыруымен жыл сайын өтетін игі дәстүрге айналған «Таң Шолпан» атты көрме өтті.

Ақынды дәріптеген көрме

Мазмұнды шара алдымен көрнекті ақынның шығармашылығы мен қай­раткерлігіне арналған дөңгелек үстел мәжілісімен басталды. Онда сөз алған зиялы қауым өкілдері қаламгердің өмірі мен өнері туралы айта келіп, бүгінде шығармашылықпен айналысып жүрген әйелдер жайында да салмақты ой қозғады. Сондай-ақ қоғамдағы суретшілерді мазалаған өзекті мәселелер де айтылды.

Одан кейін іс-шара көрменің ашылуына ұласты. Мұнда Ұлттық му­зейдегі Өнертану бөлімінің жетекшісі Елдос Мертенов мерейтой иесінің шығармашылығына жан-жақты тоқ­талды.

− Мәриям Хәкімжанова поэзиясынан Отан, өмір, бейбітшілік туралы толғаған азаматтық үн айқын аңғарылып тұрады. Ол кісінің түрлі ауыртпалықты кешкен өмір жолын көпшілік біле бермейді. Сондықтан бүгінгі көрменің, әсіресе жастар үшін ой түйетін тәлімі мол» дей келіп, осы іс-шараны өткізуге мұрындық болған азаматтарға ризашылығын жеткізді.

Көрмеге 47 суретшінің 123 туынды­сы қойылды. Ол суретшілердің бәрі де жалпақ елге есімдері таныс, рес­публикалық, халықаралық бай­қаулардың лауреаттары. Олардың бар­лығын әлемге көзқарастары мен көркем тілі, пішін мен композиция мәнері бі­ріктіреді.

«Таң Шолпан» халықаралық тәуелсіз суретші әйелдер қорының президенті, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Жәмилә Тәкен өз сөзінде аталған қор − суретші әйелдердің шығармашылық дамуына арналған алаң, онда әрбір суретші өзінің бірегей көркемдік стилі мен композициялық идеясын көрсетеді дейді.