Аймақтар • 08 Наурыз, 2022

Тау қозғалтқан арулар

150 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көшеде жеңіл көлікпен арлы-берлі жүйткітіп өте шығатын қыз-келіншектерге көз үйренгелі қашан. Ал енді қою шаңның арасында қазба жұмысы қызып жататын ірі кен табандарында тоқсан тонналық таудай техниканы тізгіндеп, руда тасып жүрген аруларды көрген жан бар ма екен? Кеніште, сонау еңісте жүрген соң олар сырт көзге байқала бермейді.

Тау қозғалтқан арулар

 

Жітіқарадағы «Комаров тау-кен кәсіпорнында» осыдан бір жыл бұрын жасақталған әйелдер бригадасының құрамында 91 тоннаға дейін жүк көтеретін Komatsu-785 көлігін жүргізетін Әсел Тұяқова, Надежда Чу­па­хи­на, Ажар Жақсыбаева, Әлия Есенова сынды арулар шахтаның терең қойнауында қопарылған жыныс қыртыстарын жер үстіне шы­ғарады. Кенші әйелдер екі-екі­ден, ауысым бойынша бөлініп жұмыс істейді. Әсел мен Ажар таңер­теңнен кешке дейін рульде, ал түнге қарай оларды Әлия мен Надежда ауыстырады.

Тұрқына қарасаң, оңайлық­пен қозғала қоймайтындай болып кө­рінетін алып машинаның тілін әйелдердің қай-қайсысы да жетік меңгеріп алған. Төрт ару бұған дейін де көлік жүр­гізген. Надежданың руль­ге отыр­ғанына биыл жиырма жыл­дан асыпты. Ал Ажардың 18 жыл жүр­гізушілік өтілі бар.

Қалай десек те, кеніш көлігін жүргізу аса жауапты әрі ауыр жұ­мыс.

– Сіздерді мұндай жұмысқа үйдегі отағаларыңыз қалай жібе­ріп жүр?, деп едік, жүргізуші келіншектер: – Жолдастарымыз да осында жұмыс істейді, біз қайда барамыз?, деп күле жауа­п қатты. Әселдің жұбайы ғана бастапқыда зайыбының кеніште көлік жүр­гізуіне қарсы болыпты, алайда кейін жұмсарған көрінеді. Ал Надежданың жұбайы «Кома­ров» кәсіпорнында «Газель» көлігін жүргізеді. – Кейде екеу­міз жол үстінде кез­десіп қала­мыз. Ондай сәт­тер­де шап-шағын кө­лігі көзіме шыр­пының қо­ра­бындай болып көрінсе де, қо­рашсынбай жеке басын сыйлап, таудай мәшинемді шетке бұрып жұбайыма жол беремін, – деп қулана жымиып қойды Komatsu жүргізушісі.

 

Қостанай облысы