Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы Көкпекті су қоймасындағы плотинаның жырылып кетуіне байланысты туындаған тасқынның салдарынан 9 адам ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қарағанды облысы Көкпекті су қоймасындағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі жұмыстар жалғасып жатыр», - делінген хабарламада.
Қазір жағдайды 7 бағытта зерттеу мақсатында төтенше жағдайлар, ішкі істер органдары, әкімдіктер, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінен құралған
7 топ құрылып, жұмыс жасауда. Болған оқиғаның зардаптарын жойып, тұрғындарды қауіпсіз жерлерге көшіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігі медициналық апат бөлімшелерінің, азаматтық қорғаныс полкінің 150-ден астам адамы мен 19 құтқарушылар техникасы, сондай-ақ ішкі істер басқармасының 20 адамы мен 4 техникасы, денсаулық сақтау басқармасының 30 адамы мен 10 техника бірлігі, жергілікті атқарушы органдардың 10 адамы мен 3 техникасы қатысуда. Төтенше жағдайларды жою жөніндегі штаб жұмысына Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко басшылық жасауда.
Көкпекті ауылындағы штабтың жанында медициналық пункт жұмыс істеп тұр. Оған 9 адам көмек сұрап келсе, олардың 6-ы шұғыл ауруханаға жатқызылды.
Мұрат Айтқожа.
Дереккөз: Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Фото: yk.kz.