Руханият • 09 Наурыз, 2022

Өз үйің

464 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Өз үйің

Көгілдір көктем,

Көңілсіз өткен,

Нан жабумен, мал бағумен

Өмірім өткен...

Неге екенін, әр көктем келген сайын анам терезенің алдында тұрып осы бір шумақты ыңылдап әнге қосып тұрады. Әнінің мұңы әлемнің мұңынан ауыр-ау...

«Апа», деймін, «бұл қандай ән?».

Апамның айтуынша, 9-­шы сыныпқа барған жылы, үш құр­бысы оқуға келмей қалған. Он беске жаңа шыққан ақжайнақ жастар мектептен қайтарда ауыл көшелерін әнмен көмкеріп, қатар құрбылар қол ұстасып, қыдырып қайтады екен. Бәрі де малшының балалары, мектеп-интернатта оқи­ды. Көшенің басындағы көне­тоздау үйге жақын келгенде, оқуға келмеген бір құрбысының сыртта нан жауып отырғанын көреді. Шарбақтың сыртына келіп, қыздар шу-шу етіп, жөн сұрасады, оқуға неге келмегенін, мектеп өмірінің қызығынан құр қалып жатқанын жамыраса айтысады. Сонда әлгі құрбысы, шоқ қарыған маңдайының терін етегімен сүртіп, көзін қоламтаның қызыл-күлгін жалынынан алмас­тан, ыңылдап осы бір әнді айтады екен. Көңілсіз әнін көтере айтқан сайын көзінің жасын көрсетпей сүртеді екен. Қыз үндемейді, бірақ басындағы орамал бәрін айтып тұрғандай. Ұрланған жастықтың әнмен айтылған зары, қой соңындағы ата-анаға деген өкпесі екен.

Көктем терезесінің алдында ыңылдап тұрып апам, сол бір балауса, балалық шағын, басына орамал таққан құрбысын бір сәт еске алып,  ойлайды екен-ау.

Бұл да сол бір заманның әңгімесі. Бір үйдің жалғыз баласы үйдегі қартайған ата-анаға қолқанат болсын деп, келін түсіріп, шешемнің қолы ұзарсын деп, сыңғырлақ қызбен сөз байласып жүрсе керек.

Қызды айттыруға ата-ананың бақуаты жетпейді, алып қашып келуге қыздың ағаларынан қаймы­ғады. Заңқой деседі. Шарасыз жігіт не қыларын білмей, шай үстін­де өзі де кетік кеселерді бірі­не-бірін соғып, шаға береді екен.

«Жәкен-ау» деп қояды екен шешесі. Өңге сөз жоқ.

Қыр астында қыздың қолын қаттырақ қысып, қайта үйге келген жігіт, қайта ызаланып, қабырғаны шынтағымен түй­гіштейді екен.

«Жәкен-ау» деп тағы бір қояды екен шешесі. Момын кісілер ғой.

Жәкенде де үн жоқ. Бір күні сондай көңіл күймен келіп, кебежені өкшесімен солқылдатып тепсе керек.

Шыдамай кеткен қайран анасы қатты сөйлепті дейді сонда. Сондағы қатты сөзі осы екен: «Жәкен-ау, Жәкен, өз үйің, өз үйің».