Кеше елордада партиялық куратор, Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина жетекшілік еткен сарапшылар тобының «Нұр Отан» партиясы Сайлауалды тұғырнамасының «Әйелдерді қолдау» бағытындағы міндеттердің орындалуы барысын талқылаған отырысы болып өтті.
Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Атап айтқанда, сарапшылар тобы Елбасының перзент сүю мен бала тәрбиелеп отырған әйелдерді (соның ішінде көпбалалы және мүгедек балалары бар аналарды) қолдауды ынталандыру жүйесін жетілдіру жөніндегі алға қойған міндеттерінің жүзеге асуы;
Жұмыссыз жүрген әйелдер арасында ең озық бизнес-идеяға жарияланған республикалық конкурс қорытындысы бойынша 10 жеңімпаз-әйелге ауылда өз бизнесін дамытуға және қолдау көрсетуге грант табыстау және 2013 жылға арналған «Әйелдерді қолдау» Сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру барысы қаралды.
Алдымен сөз алған отырыс модераторы Майра Арапқызы партияның негізгі жұмысының бағыты нақты нәтижеге қол жеткізу екендігін ерекше атады. Және де әйелдерді билікке тарту тұрақты дамудың кепілі дегенді айтты. Бұл ретте әйелдердің экономиканы дамытуға қосар үлесі де аталмай қалмады. Бұл ретте Мемлекет басшысы жариялаған «Қазақстан-2050» Стратегиясының жаңа кезеңдегі әлеуметтік саясатының негізгі бөлігі ретінде белгіленгені де ортаға салынды.
Халықаралық валюта қорының сарапшылары әдемілік тек әлемді ғана емес, жаһандық экономиканы де құтқарады деген пікір білдіріпті. Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда еліміз тұрғындарының 52 пайызын нәзік жандылар құраса, еңбекке жарамды азаматтардың ішінде әйелдердің тек 40 пайызы ғана жұмыс істейді екен. Осының бедерінде ішкі жалпы өнімге әйелдердің қосқан үлесі 40 пайыз деңгейінде деп бағаланып отыр. Ал халықаралық сарапшылар әйелдердің экономикаға көбірек тартылуы, оның қарқынды дамуына серпін береді деген пікір білдірген. Осы тұрғыдан келгенде, әсіресе, ауылдық жерлерде тұратын әйел азаматтарға қолдау білдіру ерекше маңызға ие.
Негізінен, Мемлекет басшысының Жолдауында жеңілдетілген салық салу, медициналық және әлеуметтік қызмет көрсету, еңбек нарығында жаңа мүмкіндіктерді ұсыну арқылы көпбалалықты қолдау бағытында Үкіметтің алдына нақты міндеттер қойылғаны белгілі. Алайда, ана мен баланы қорғау әлі де өз деңгейінде қалыптаспай отыр. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудың қанағаттанарлық еместігі өткір сынға алынды. «Заңнамалық шаралардың қорытындысы гендерлік мәселелерді шешудегі Үкіметтің қызметін көрсете алмайды. Мысалы, жергілікті жерлерде әйелдердің саяси мемлекеттік қызметтен көрінуі 10 пайызға да жетпейді. Жергілікті жердегі тұрғындардың Үкімет қабылдаған және жүзеге асырып жатқан бағдарламалар туралы хабары жоқ. Қолы бос нәзік жандылардың үлес салмағы жоғары, әйелдердің кәсіпкерлігі жеткілікті дәрежеде дамып жатқан жоқ», деді «Нұр Отан» партиясының хатшысы Эльдар Сыздықов.
Ал Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, «Шырақ» мүгедек әйелдер ассоциациясы» ҚБ төрайымы Ләззат Қалтаева ауыл әйелдерінің басындағы ауыр тұрмысты, балабақша проблемасын және де мүгедек жандардың басындағы қиыншылықтарды жан-жақты тарқатып айтып берді.
Бұдан басқа, отырыс барысында «Ауылдағы жұмыссыз адамдарды «жасыл» технология негізінде шағын бизнесін ашуына оларды оқыту және бизнес-кейстер ұсыну арқылы қолдау» жобасы мен ең озық бизнес-идеяға жарияланған республикалық конкурс жайы таныстырылды. М.Айсинаның айтуынша, жеңімпаз болған 10 әйел өз жобасын бастауға 600 мың теңге көлемінде грант алады. Егер жұмысы жүріп жатса, оған 3 миллион теңгеге дейін несие берілуі мүмкін. Бұл ең озық бизнес-идеяға арналған республикалық конкурс өзінің шағын бизнесін ашқысы келетін ауылда тұратын Қазақстандағы жұмыссыз әйелдерге қолдау көрсетуді көздейді. Жоба шеңберінде Ақмола және Алматы облыстарындағы 20 ауылда әйелдерді оқытуға байланысты 500-ден астам ауыл тұрғынын қамтыған жұмыс басталып та кеткен.
Отырыс соңында партияның Сайлауалды тұғырнамасына енген қоғамдық маңызды, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді мемлекеттік органдардың жүзеге асыруының жағдайы талқыға түсті.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».