Қоғам • 10 Наурыз, 2022

«Отбасы банкі» банктер жүйесінен шығарылады

705 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Отбасы банкі» Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қадағалауынан шығарылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Отбасы банкі» банктер жүйесінен шығарылады

ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық әктілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев осындай мәлімет айтты.

«Заң жобасы шеңберінде «Отбасы Банкі» ұлттық даму институты болып қайта құрылуда, оның негізгі міндеті – республика бойынша азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша тұрғын үй қатынастарын дамыту. Осыған байланысты Отбасы банкін екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығару және оған тұрғын үйге есепке алуды, қоюды және оны бөлуді орталықтандырып жүзеге асыратын ұлттық даму институты мәртебесін беру көзделген.

Отбасы банкінің құқықтық мәртебесі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен айқындалатын болады. Отбасы банкі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қадағалауындағы субъектілер қатарынан шығарылатын болады», деді вице-министр.

Оның айтуына қарағанда, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық Банк қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша бақылау мен қадағалауды сақтайды.

«Сонымен қатар, Отбасы банкі депозиттерді қабылдау, заңды және жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашу және жүргізу, кассалық операциялар, банктік қарыз операциялары, салымшыларға тұрғын үй, аралық және алдын ала тұрғын үй қарыздарын беру сияқты Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған шеңберде банктік және басқа да операцияларды агенттіктің лицензиясынсыз жүзеге асыратын болады. Бұл ретте уәкілетті органның екінші деңгейдегі банкті банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиядан айыру туралы шешімі кепілдік берілген өтемді төлеу үшін негіз болып табылатындығын ескере отырып, Отбасы банкінің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысуы мүмкін емес. Осыған байланысты, «Отбасы банкінде» орналастырылған тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына салымдардың сақталуына ҚР Үкіметі айқындайтын мөлшерде және тәртіпте мемлекетпен кепілдік беру ұсынылады», деді Еркебұлан Дауылбаев.

Ведомство өкілі ұсынылып отырған жаңа тетік бойынша жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандардың ағымдағы базасы «Отбасы банкіне» беріліп, жергілікті деңгейде есепке қою тоқтатылатынын айтты.