Руханият • 11 Наурыз, 2022

Байғазы

692 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаман тұмау жолды қыс­қартқалы немере мен жиен біздің үйге үйір болып алған. Көп­қа­батты үйде тұратындықтан, ата-аналары бойында дерті бар бейсауат біреуден індет жұқ­тырып ала ма деп, аулаға шығаруға да жасқанады. Ал біз тұратын жер үйдің жөні басқа.

Байғазы

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Аула атшаптырым, асыр салып ойнауға мүмкіндік мол. Екі күннің бірінде салып ұрып келіп, мұрындарынан тізіп, әкеліп тастайды. Өздері де келуге құмар. Басында мен «атасы мен әжесін жақсы көреді-ау» деп топшылап, ішім уылжып тұратын. Кейін білдім, үлкен шаңыраққа телефонмен ойнауға келеді екен де. Біз балалардың қас-қабағына қарап, тыйым салмаймыз. Таң атқанша ойнаса да бәрібір. Өз үйлерінен қашатын себептері сол екен. Қарап отыр­ғанша, бірдеңе үйренсін деп ежелгі ұлт дәстүрін саналарына сіңір­мекпін. Ең оңайы – байғазы мен көрімдік.

Көрімдік пен байғазыны көп алған баланың бірі менмін. Ауылдағы мектепте оқып жүр­генімде ит тартқандай жырым-жырым болып жүретін күн­делігіме дене шынықтыру пә­нінен «бес» деген бағаны өзім қонжитып аламын да, апама көрсетемін. Егде адам қай пән екенін ескере қоймайды, тарбиып бес тұрса болғаны. Қам­золының терең қалтасына әжім-әжім қолын сүңгітіп жібереді. Іле сары­құлақ теңгелер ере шығады. Тақа ақша болмай қалғанда дәмі тіл үйіретін құрт пен ірімшік дайын. Дәндеп алғаным сондай, күнде «бес» алатын болдым. Кейін ойласам, ежелгі жұрттың ел ертеңін ойлайтын дәстүрі екен ғой. Алып үйренген бала ертең өзі де береген, қолы ашық болмақ. Демек жомарттыққа бау­литын жақсы ырым. Негізінде байғазы мен көрімдіктің сәл-пәл айырмашылығы бар. Байғазы арыдағы аталарымыздың тү­сінігінше, жаңа киімге, әлдебір мүлік алғанда, әйтпесе жаңа қонысқа енгенде беріледі. Ал көрімдік он сегіз мың ғаламдағы жандының сыбағасы. Жаңа түскен келінге, жаңа туған ба­лаға, малдың төліне де берілуі мүмкін. Мұның барлығы жаны жомарт халықтың ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан асыл мұрасы.

Күнімен телефон шұқылап отыратын немере де, жиен де аталарының әңгімесін ұққан тәрізді. Бір күні өздері де сұрай­ды-ау деп өткен айдағы жа­ла­қымның жартысын жан қал­тама салып қойғанмын. Ба­ланың бетін қайтаруға болмайды. Міндетті түрде сыйлық болуға татитын сыбаға берген дұрыс. Алыс-берістің де әдемі әсері аз емес. Бір-бірін құр­­меттеп, жақсылығына қуа­нып, көрімдігін көркейтіп беріп жатқан ағайынның бірлігі де мықты болмақ. Бармақтай дү­ниені таудай көретін бала көңілі сыйлыққа ие болса, бір көркейіп қалмай ма?!

Арада алты ай өткенімен, немере әлі үнсіз. Ал жиен WhatsApp желісі арқылы байғазы сұрауды үдетті. Құдды баяғы аңқау әжемді алдайтын өзім сияқты. Мен «бес» алғанда сұ­раушы едім, бұл үш алса да сұрай бе­реді. Амал жоқ жиен назары қатты болғандықтан, қолын қақ­­паймын. Әжесі «қыздан туғанды қайтесің, ұлдан туғанға берсеңші» деп күңкілдеп қояды. Сұрамаса қалай берейін, әрі байғазы ғана емес, «жиеннің қырық серкешінен» осылай құ­тылып қалмаймын ба? Іштей ойлап қоямын, қанша айтқанда ұқпаған немереден гөрі бір айт­қанды қағып алған жиенге бер­генің дұрыс-ау осы!

 

Көкшетау