Өнер • 13 Наурыз, 2022

Әсемдікті әспеттеу – мәңгілік құндылық

629 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Ком­позиторлар одағының мүшесі, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­­кері, Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, есімі Америка Құрама Штаттарының Солтүстік Каролина штатының дүниежүзілік өмір­баяндық институтының кітабы­на еніп, «Әлемнің көрнекті әйелдері» атағына ие болған өнертану ғылым­дарының докторы, профессор Сара Әділгерейқызы Күзембайдың 85 жыл­дығы аталып өтеді.

Әсемдікті әспеттеу – мәңгілік құндылық

 

Сара Әділгерейқызы Күзембай жарты ғасырдан астам М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музы­ка­тану» бөліміне қызметке орналасып, осы бөлімнің негізін қалаған ҰҒА академигі А.Жұбанов пен ҰҒА-ның корреспондент-мү­шесі Б.Ерзаковичтердің көзін көріп, тәлі­мін алды. Музыкатану ғылымының ақса­қал­дары бастаған сара жолды абыроймен жалғастырып, 1987-1993 және 2000-2012 жылдар аралығында аталған бөлімнің мең­герушісі қызметін атқарды. Ал 2013 жыл­дан өмірінің соңына дейін «Музыкатану» бөлімінің бас ғылыми қызметкері ретінде жобаларға жетекшілік етіп, жас ғалымдарға бағыт-бағдар көрсетті.

Сара Күзембайдың 85 жылдығына арнал­ғ­ан іс-шаралардың легін Білім және ғылым министрлігі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен өткен «Әсемдікті әспеттеу – мәңгілік рухани құндылық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен бастады.

Конференция аясында ұйымдастырылған пленарлық және секциялық мәжілістерде «С.Күзембайдың шығармашылық келбеті», «С.Ә.Күзембайдың ғылыми еңбектері және заманауи музыкатану мәселелері», «Ұлт­тық мәдениеттегі тарихи уақиғалар мен тұл­ғалар», «Филология және өнертанудағы иннова­циялық зерттеулер», «Бейматериалдық рухани құндылықтардың зерттелуі, сақталуы және насихатталуы» сынды мәселелер талқы­ланды.

Жиында алдын ала баспадан шығарылған «Әсемдікті әспеттеу – мәңгілік рухани құн­ды­лық» атты халықаралық ғылыми-тәжі­рибелік конференцияның материалдар жинағының тұсауы кесіліп, көпшіліктің назарына ұсынылды.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҰҒА кор­респондент-мүшесі Кенжехан Матыжанов: «Ұлттық опера өнерінің қалыптасуы мен дамуын, композиторлық шығармашылықтың көркемдік-стильдік бағыттарын, дәстүрлі және қазіргі заман музыкасының әртүрлі аспектілерін, Шығыс және Батыс Еуропа мәдениетіндегі фольклорлық жаңашылдық бел­гілердің тоғысуы сияқты күрделі мәсе­лелермен қатар, сахна өнері шеберлерінің портреттерін жаңғыртып, творчествосын терең зерттеген Сара Әділгерейқызы 500-ден астам ғылыми және музыкалық сыни еңбек­терді жарыққа шығарды. Қазақтың өнертану сала­сында ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі дәрежесіне жеткен бірегей тұлға Күзем­бай Сара Әділгерейқызының ұстаздық, жетекшілік, ғалымдық болмысы жастарға өнеге», деді.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова: «М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында 50 жыл қызмет еткен Сара Әділгерейқызы тек кәсіби мамандар даярлаумен шектелмей, өзінің маңайына әділдік пен аналық мейірімін жайған әріптес болды. Академик А.Жұбанов пен Б.Г.Ерзакович басқарған музыка өнері бөлімін басқарған С.Күзембаева өзінің ел мойындаған кәсібилігін ғана дәлелдеп қой­май, сауатты шәкірттер тәрбиелеген ұстаз. Сара Әділгерейқызы – әкесінің атына сай ғылым мен өмірде әділдік пен кәсіби­ліктің, ізгі­лік пен аналық мейірімді басты құнды­лықтар еткен ғалым болған», деп еске алды.

Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет және көркем публицистика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Орда: «Мерейтой иесінің көпсалалы қыры­ның бірі – педагогика саласындағы үздік­сіз еңбегі. Ұзақ жылдар Құрманғазы атын­дағы Алматы мемлекеттік консерваториясында, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педа­гогикалық институтында дәріс оқыған ұстаздың шәкірттерінің алды бүгінгі таңда елге танымал Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген өнер қайраткерлері. Кезінде орта және жоғары музыкалық мектептердің барлығы дерлік Сара Әділгерейқызымен тығыз шығармашылық байланыста жұмыс істеді. Ғылыммен айналысып жүрген магис­транттар мен докторанттар шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстазының ақыл-кеңесіне жиі жүгінді. Жыл сайын жоғары оқу орындарының Мемлекеттік аттестациялық комиссияның төрағасы, диссертациялық кеңестің төрайымы және мүшесі ретінде жалықпай, шаршамай қызмет етіп, өнертанушыларды даярлауға өз үлесін қосты» деп ой қозғады.

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Сыртқы әдеби байланыстар және аналитика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Светлана Ананьева ұлттың рухани қазынасын жаңғырту мәселесінің аясында С.А.Күзембайдың көптеген монографиялары мен оқулықтарында қазақ халқының және еліміздегі этностардың музыкалық мұрасын зерттеу идеяларын тарқатып, белгілі ғалымның ұлы даланың музыкалық мұрасын, қазақ операларын, қазіргі музыка өнері туралы еңбектерін рухани мәдениет тарихының жаңа беттерін ашатындығын баса айтты.

Музыкатану бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, өнертану ғылымдарының кандидаты, доцент Ақлима Омарова Сара Күзем­байдың алғашқы еңбектерінің бірі, 1982 жылы жарық көрген «Воспеть прекрасное» атты еңбегінің құндылығын баяндай келе, тарихи ақпараттардың дереккөзіне айналған, оның ішінде көптеген мәтіндер мен бейнесуреттер көрініс тапқан басылым ретінде ғана емес, сонымен қатар бірнеше онжылдықтар өтсе де, әртүрлі зерттеу тараптарының үйлесімділігін, автордың «көзқарасының» өзіндік сипатын және оның шығармашылық даму болашағын растайтын еңбек ретіндегі маңызын кеңінен әңгімеледі. Ал Музыкатану бөлімінің мең­геру­шісі, өнертану ғылымдарының канди­даты, қауымдастырылған профессор Айнұр Қазтуғанова С.Күзембайдың М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қабырғасында жүзеге асырған ғылыми-жетекшілік қызметін айқындап, бұл мәселенің аясын кеңейтіп, ғалымның басқа да ғылыми-жетек­шілік бағыттарын, яғни музыкатану сала­сындағы ұстаздық ғылыми-жетекшілік қыз­меті мен жалпы өнертану қоғамындағы ғылыми-жетекшілік қызметін зерттеу керегін айтты. Саналы ғұмырында түрлі салалар мен алуан түрлі азаматтық парызды бір арна­ға тоғыстыра білген Сара Күзембайдың қазақ­тың ру­хани мәдениетіне қосқан үлесі бүкіл қазақ жас­тарына үлгі-өнеге, деп тұжырымдады.

Сара Күзембайдың 85 жылдығының құрметіне орай ұйымдастырылған осынау айтулы шара болашақта музыкатану ғылымын жаңаша қырынан ашып, зерттеудің бағыт-бағдарларын одан әрі дамыта түсетіні анық.

АЛМАТЫ