– Бір тәулік ішінде 122 адам құтқарылды. Оның ішінде 7 сәби бар. Қарға батып қалған 9 автокөлікті шығарып алдық. Мысалы, 12 наурызда таңғы сағат 04.50-ден 11.45-ке дейін құтқарушылар Арқалық пен Алуа ауылының арасындағы күре жолда 8 жеңіл автокөлік пен 49 адамды эвакуациялады. 21 жолаушы Арқалыққа, қалғандары жақын маңайдағы елді мекендерге орналастырылды, – деп мәлімдеді облыстық ТЖ-ның баспасөз қызметі.
Дәл осы күні Науырзым ауданындағы Дәмді ауылынан 15 шақырым қашықта жатқан тас жолдың бойында 50 жолаушысы бар 17 жеңіл автокөлік пен 1 жүк көлігі қар құрсауында қалған. Құтқару қызметінің жігіттері алты сағат бойы арпалысып жүріп жолаушылардың бәрін аман-есен Дәмді мектебінде орналасқан жылыну пункті мен ауыл тұрғындарының үйлеріне жеткізді. Жолаушылар жол ашылғанша осы ауылда ыстық ас ішіп, тынығып ұйықтап алған. Төтенше жағдай департаменті өкілдерінің айтуынша, құтқару операциясы ойдағыдай өткендіктен, жол үстінде қалғандардың бәрі медициналық көмектен бас тартқан, денесін үсік шалған ешкім жоқ.
Жолаушылардың ішінде жас бала ерткен екі ана Дәмді ауылының учаскелік инспекторы Нұржан Исмадьяровтың үйіне түнеп шығыпты. 4 жасар және жасқа толмаған екі баласы бар Сымбат Дүйсенова сол күні Қостанайдан Торғайға баратын таксиге мінген екен.
– Қостанайдан шыққанда күн ашық болатын. Дәмдіге жете бергенде ауа райы күрт бұзылып, қарлы боран көтеріліп кетті. Сәлден соң көлік қарға батып, мүлде қозғала алмай қалдық. Жол талғамайтын ауыр көлікпен көмекке жеткен полиция қызметкері бірден үйіне апарып, ет асып құдайы қонақ етіп, құрмет көрсетті. Өздерінің де сегіз айға толған нәрестелері бар екен, – деді жас ана.
Жөргектегі сәбиін бауырына қысқан Күлжамал Таймасованың, керісінше, Амангелдіден Қостанайға қарай келе жатқан беті екен. Дәл осы Дәмдінің тұсынан өте бергенде қарлы боранның астында қалыпты.
– Машинамыз тоқтап қалғанда қатты қорқып кеттім. Учаскелік инспекторға алғысым шексіз. Зайыбы Ақмарал да қолы ашық, қонақжай адам екен. Балам екеумізді өз туғанындай қарсы алды, – деді Күлжамал.
Қонақтарын үйіне жайғастырған Нұржан Исмадьяров ауылдың маңайында құтқару шараларын жүргізіп жатқан ТЖ қызметкерлеріне көмектесу үшін қайтадан күре жолдың бойына кетеді. Түні бойы көз ілмеген құтқарушылар жолаушылардың бәрін мектептің жылы ғимараты мен ауыл тұрғындарының үйлеріне орналастырған.
Қостанай облысы