Қазақстан • 14 Наурыз, 2022

Бас прокурор қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың санын айтты

553 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Парламенті Мәжілісінің қаңтар айындағы оқиғаларға арналған пленарлық отырысында ҚР Бас прокуроры Берік Асылов қаңтар айындағы оқиғаларда қаза тапқан 230 адамның 20-сы кездейсоқ оққа ұшқандар, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бас прокурор қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың санын айтты

Оның айтуынша, оқиға салдарынан барлығы 230 адам қаза тапқан, олардың ішінде 19 әскери және қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері.

«Алматының өзінде 139 адам қаза тапты. Бүгінгі күні әкімшілік ғимараттардың шабуылдарына тойтарыс беру кезінде және құқық тәртібін орнату барысында 86 шабуылдаушы жойылғаны анықталды. 53 адам бойынша өлімнің мән-жайы анықталуда. Олар қала аумағында әртүрлі жарақаттармен, соның ішінде 48 - атыс, 2 - пышақ, 3 - басқа жарақаттармен және күйіктермен табылды», деп түсіндірді ҚР Бас прокуроры Берік Асылов.

Оның айтуынша, басқа жеті өңірде 63 шабуылдаушы әкімдік, полиция және ҰҚК Департаментінің ғимараттарын қорғау кезінде құқық қорғау күштерімен жойылды.

«Бүгінгі таңда біз кездейсоқ атысқа түскен 20 азаматтың қайтыс болғаны туралы нақты білеміз. Оның 11-і Алматы қаласында, 8-і Алматы облысында және 1-уі Таразда. Олардың ішінде айқас оттың астына түскендер, лаңкестердің қолынан қаза тапқандар, сондай-ақ блок-бекеттерде әскери талаптарға бағынбағандар да бар», деп қосты Берік Асылов.