15 Мамыр, 2010

ЖАҢА МЕКТЕПТЕ 500 ОҚУШЫ ОҚИДЫ

700 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Облыс орталығының іргесін­дегі Павлодар ауылындағы №40 жалпы білім беретін жаңа орта мектеп қаланың солтүстік бөлі­гінде орналасқан. Онда бүгінде 500 бала оқиды. Ауылда Қасым қажы мешіті салынды. Жергілікті тұрғындар жаңа мектептің бой көтеруіне үлес қосқан Парламент Мәжілісінің депутаты Тито Сыз­дықовқа рахмет айтуда. Дағдарыс уақытына қарамай, өткен жылы ашылған жаңа мектепке бұл күндері ауылдықтар, ата-аналар көл-көсір риза. Қалаға жақын ауыл болған­дықтан, жан-жақтан көшіп келушілер де көп. Ауыл әкімі Ирина Фогельдің айтуынша, соңғы бір-екі жылда елді мекен­де 200-дей сәби өмірге келіпті. Бұл – жаңа мектепке келетін алғашқы бірінші сыныптықтар қатарын көбейтеді деген сөз. Былтыр қала әкімі Бақытжан Жоламанов мектепке “Жигули” жеңіл авто­көлігін сыйға тартты. Республи­калық бюджет есебінен салынған бұл мектепке 738 мил­лион теңге қаржы жұмсалды. Жаңа мектепте оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін қазіргі күні барлық жағдай жасалған, арнайы жабдықталған пән кабинеттері кең де жарық, компьютер сы­ныптары, үлкен асхана, спорт залы бар. Фарида БЫҚАЙ, ПАВЛОДАР.