Медицина • 15 Наурыз, 2022

Медициналық сақтандырудың пайдасы зор

334 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Солтүстікқазақстандықтар жыл өткен сайын міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандырудың (МӘМС) пай­­дасын артығырақ көріп келеді. Мәселен, 2020 жыл­­мен салыстырғанда былтыр МӘМС жүйесі бо­йынша көрсетілген консультативті-диагностикалық көмек 1,3 есе артқан. Соның ішінде КТ, МРТ аппа­р­а­т­тарының аса қымбат қызметтері 23 600 рет көр­се­тіл­ген. Ал бұл – 2020 жылғыдан 3,5 есе артық. Сөйтіп, об­лыс тұрғындары өздерінің 473 млн теңге шы­ғындарын үнем­деп қалды.

Медициналық сақтандырудың пайдасы зор

Жоғары технологияны қолдану арқылы болатын қымбат операциялар МӘМС-тің көмегімен 23 рет жасалған, соның 16-сы – жүрекке жасалған кардиохирургиялық оталар. Ал мұндай оталарды халық өз қалтасынан жасатса, орта есеппен 3,6 млн теңге төлеген болар еді.

2021 жылы біздің облысқа МӘМС аясында «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы бойынша 217 квота бөлінген. Бағ­дарлама бойынша 213 әйел оң нәтижемен өткен. Бұл бағ­дарлама жұмысының тиімділігін көрсетеді. 2022 жылға 203 квота бөлінді.

Жуырда брифинг өткізген «Әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру қоры» Солтүстік Қазақстан облыстық филиа­лы­ның директоры Лариса Гордеева мен осы филиал­дың бөлім басшысы Қарлығаш Ілиясова «Аңсаған сәби» бағдарламасына ерлі-зайыптылардың қатысу жолдарының тәртібін де тәптіштеп баяндап берді. Бүгінгі таңда Қазақстанда репродуктивтік медицинаның 24 орталығы бар екен.

Қазір Солтүстік Қазақстан облысында 600 мыңға жуық тұрғын болса, соның 78 пайызы, яғни 440 мыңдай адам МӘМС-пен қамтылған. Бұл сандардың ішінде қорға жарна төлеуден босатылған жеңілдік категориясындағы 280 мыңдай адам да кіріп отыр. Олар үшін жарнаны мемлекет төлейді.

Алайда 2021 жылы еңбекке жарамды адамдардың 86 мыңы қорға жарна төлемеген. Жасалған сарапқа қарағанда, мұндайлар 30 бен 40 жас арасындағы барлық жарна төлемеген азам­аттың 32 пайызын қамтиды. Ал 41 мен 50 жас ара­лы­ғын­дағылар – 25 пайыздай.

Спикерлердің айтуынша, қорға түсетін барлық қаржы жинақталуды мақсат етпейді, ол пациентке жедел көмектесу үшін жұмсалады. Сонымен қатар пациенттің өзі тіркелген емханада жалпы, тәжірибелік дәрігерді таңдауына қатысы бар екені айтылды. Осы қор арқылы емдеуге республика бо­йынша 4 мыңдай жекеменшік емханалар да қатысады. Соның 16-сы Солтүстік Қазақстанның аумағында орналасқан. Атап айтқанда, Петропавл қаласында «Айна-көз» көз емдеу орта­лы­ғы», «Формула здоровья» ЖШС, «Нефрос-СК» ЖШС, «Үміт Солтүстік» ЖШС, «Панацея» отбасылық медицина ор­та­лығы» ЖШС және т.б. Халық арасында бұлардың еміне ай­тылған ризашылықтарды жиі естиміз.

Әрине, мұндай қорлардың болғаны, халықты емдеуге қызмет еткені жақсы ғой, бірақ сондайлар ақша алғанымен, әрбір пациенттің құқын қорғап, емделуіне мүмкіндік тудыра ма деген сұрақтар қойылған еді. Бұл ретте әрбір ем орындарында пациентті қолдау және ішкі сараптама қызметі бар екені айтылды.

«Бұл қызмет медициналық қызмет көрсету толығымен стандартқа сай болуын бақылайды. Егер пациенттің емханаға шағымы болса осы қызметке қайырылуы керек. Ал егер бұл қызмет мәселені шеше алмаса, МӘМС қорының өзіне fms.kz сайты арқылы (Call орталығы 1406) шағым жасай аласыз», деді Л.Гордеева.

 

ПЕТРОПАВЛ