Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы Мәлiк Ғабдуллиннің музейі батыр атамыздың 80 жылдығына орай 1995 жылы 5 қыркүйекте ашылған.
Ал Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың мемориалды музейі болса, 1985 жылдың 22 сәуірінде Ақтөбе қаласында Жеңістің 40 жылдығы және батыр қыздың 60 жылдығы қарсаңында салтанатты түрде ашылды.
Соғыс пен батыр қыз туралы материалдарды жинақтау мен зерттеу мақсатында 1989 жылы музей жанынан «Әлия» іздестіру тобы құрылды. Топ кейінен «Жауынгерлік бауырластық» іздестіру тобы деп өзгертілді. Топтың мақсаты – қызыл әскер жауынгерлерінің мүрделерін тауып, құрметпен жерлеу, қаза тапқандардың отбасыларына және музейге соғыс кезінде қолданылған заттарды, құжаттарды тапсыру.
Іздестірушілер тобының жұмысы музей қорының толығуына жағдай жасады. Музейге соғыс қарулары – автомат, пулемет, гранаталар, патрондар, каска, медальон, әскери ыдыстар, т.б. тапсырылды.
Қазіргі таңда музей қорында 10 мыңнан астам экспонат тіркелген. Экспозиция жаңа экспонаттармен үнемі толығып отырады. Музейдегі ең құнды экспонаттарға соғыс кезіндегі құжаттар мен заттар, батыр қыздың майданнан жазған хаттары, Кеңес Одағының Батыры атағы берілгендігі туралы грамотасы жатады.
Жыл сайын музей 40 мыңнан астам көрерменді қаһарман қыздың ерлік, өмір жолымен, Ұлы Отан соғысының тарихымен таныстырады. Музей ашылғаннан бері еліміздің барлық өңірінен, алыс-жақын шетелдерден мыңдаған көрермен музей экспозициясымен танысты.
«Мәңгілік елдің батырлары» атты салтанатты іс-шарада қос музей арасында Кеңес Одағының Батырлары Мәлік Ғабдуллин мен Әлия Молдағұлованың ерлігін көпшілікке таныстыру, рухани-мәдени байланысты жетілдіре түсудің тағы бір оңтайлы әдісі әріптестікті нығайту болатын.
Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова екі музейдің арасындағы әріптестік ынтымақтастық аясында атқарылуға тиісті жұмыстарға сәттілік тілеп, рухани-мәдени керуенді алыстан арнайы ат арытып алып келген көкшетаулықтарға ризашылығын айтып, алғыс білдірді.
Кеште ұраны мен мақсаты бір аталған тұлғалық музейлердің бағыты, ішкі жұмыстары туралы ақпарат берілді. Қос батырдың музейі арасында ынтымақтастық меморандумына музей басшылары қол қойды. Ақтөбеліктер мен қала қонақтарын Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Серікжан Жүзжанова өздерінің тыныс-тіршілігінен хабардар етсе, батырдың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ғажайып өмір баспалдақтары» атты жылжымалы көрмесімен музейдің ғылыми қызметкері Аягөз Махметова таныстырды.
Кеште Сапар Молдағұлов шежірелерге тоқталып, естеліктермен бөлісті. Көпшілікке отбасы жайын, әкесі, Әлия Молдағұлованың нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұловтың майдангер қыз баланың тағдыры туралы әңгімелерін айтып берді.
Назерке ЖОЛДИЕВА,
Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мемориалды музейдің ғылыми қызметкері
Ақтөбе облысы