Қоғам • 15 Наурыз, 2022

Жаңа бассейн пайдалануға берілді

301 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңір спортшылары бұған дейін №1 спорт мектебіндегі 25 метрлік бассейнде жаттығып келген. Ал жаңа пайдалануға берілген заманауи кешенде ұзындығы 50 метр, тереңдігі 2-3 метр болатын 10 жолақ бар. Мамандар халықаралық талаптарға сай келетін ұзын бассейн жаттығушылардың деңгейін көтеріп, жас спортшыларды жоғарғы жетістіктерге жетелейді деп отыр.

Жаңа бассейн пайдалануға берілді

Спорт кешенінің ашылу рәсімінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов құттықтау сөз сөйлеп, аймақтағы спорттың дамуын тілге тиек етті.

– Соңғы уақытта облыс тұрғындарының 38 пайызы немесе 297 мыңнан астам адам, оның ішінде 80 мың жасөспірім дене шы­нықтырумен, спортпен тұ­рақ­ты шұғылданады. Прези­дент тапсырмасы бойын­ша аймақта біраздан бері спорт бағытындағы мемлекеттік тап­­­­сырыстар жүзеге асыры­лып жатыр. Оған облыс бюд­жетінен шамамен 500 млн теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе артық. Жаттықтырушы-оқытушыларға қосымша 146 жұмыс орны құрылып, 7 мың­нан астам жас жеткіншек, оның ішінде көп­балалы және аз қамтылған от­ба­сылар­дан шыққан өрендер спорт секция­ларындағы тегін сабақтарға барып жүр, – деді А.Мұхамбетов.

Іргетасы 2020 жылы қалан­ған жаңа спорт нысанының құрылысын мемлекет-жекемен­шік әріптестігі аясында «АстанаГражданСтрой» компаниясы жүргізген. Жо­баның құны 2 млрд теңгеден асады. Жұмсалған ақшаның 30%-ы бюджеттен берілсе, 70%-ын банк қаржыландырды.

Спорт кешенінің жалпы ауданы 8 мың шаршы метр болады. Жаңа ғимарат қажетті техникалардың озық түрлерімен жабдықталған.  Бас­­сейндегі су халықаралық стандартарға сәйкес тазартылып отырады.

Салтанатты жиынның соңы суда жүзуден облыс чемпио­натына ұласты. №1 спорт мек­тебінің жаттықтырушысы Сер­гей Горощеня жаңа бассейнде жаттыққан спорт­шылардың көп кешікпей жо­ғарғы нәтиже­лерге қол жеткі­зетініне сенімді.

– Бұған дейінгі 25 метрлік қысқа бассейнде спортшылар­ды жоғарғы деңгейде жаттық­тыруға мүмкіндік бол­­май келді. Сон­дықтан 50 метрлік бассейнде жаттығатын өзге өңір­лердегі спортшылармен жарысқа түсу қиын. Ұзын бассейндегі жат­тығу спорт­шының жүзу жыл­дамдығын артты­рып,  техникасын шың­дауға өте қолайлы, – деді жат­тық­тырушы.

 

Қостанай облысы