Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер жалғасуы керек. Дүйсенбіде онлайн форматта екі ел делегациялары арасындағы келіссөздер өткені белгілі. Алайда тараптар «техникалық үзіліс» жариялап, ертесіне қайта жиналатындарын мәлімдеді. Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляктың айтуынша, Ресей Федерациясы мен Украина делегацияларының келіссөздерінде сейсенбіге дейін техникалық үзіліс жасалған.
Украина президенті Владимир Зеленский Еуропалық комиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйенмен, Польша президенті Анджей Дудамен, Люксембург премьер-министрі Ксавье Беттельмен сөйлескенін хабарлады.
«Өзара түсіністік 100%-ға артты. Израиль премьер-министрі (Нафтали) Беннетпен де әңгімелестім. Бұл соғысты тезірек аяқтау үшін келіссөздер жүргізудің маңызды бір бөлігі болды. Біздің делегация Ресей тарапымен келіссөздерде осы бағытта жұмыс істеді. Маған хабарланғандай әзірге жаман емес, бірақ тағы көрейік. Ертең жалғасады», деді В.Зеленский.
Польша, Чехия және Словения премьер-министрлері президент В.Зеленскиймен кездесу үшін Киевке сапарға шыққаны белгілі болды. Сапарды Польша үкіметі растады, ол сапардың мақсаты «бүкіл Еуропалық одақтың Украинаның егемендігі мен тәуелсіздігін қолдауын растау» деп мәлімдеді. Чехия премьер-министрі Еуропалық Кеңестің ресми сапарының мақсаты бостандық пен тәуелсіздікті қолдауды растау екенін айтты.
Қытайдың бас дипломаты кешегі АҚШ шенеуніктерімен жоғары деңгейдегі кездесуде екі тарапты тағы да ұстамдылық танытуға шақырды. «Барлық тарап барынша ұстамдылық танытуы керек, бейбіт тұрғындарды қорғауы керек және ауқымды гуманитарлық дағдарыстың алдын алуы қажет», деді Ян Цзечи. Ол Қытай бейбіт келіссөздерді ілгерілетуге дайын екенін және халықаралық қоғамдастық жағдайды тезірек реттеу үшін жұмылуы керек деген пікір білдірді. Алайда ол барлық тараптың заңды талабы ескерілуі керек дегенді қоса айтты.
Бұл уақытта Украинадағы қақтығыстар тоқтаған жоқ. Киевте ірі жарылыстар естіліп, тұрғын үйлерде екі адам қаза болғаны хабарланды. Қауіпсіздік үшін ұзақ коменданттық сағат бейсенбі күні таңертеңге дейін жалғасатын болды.
ЕО Ресейге қарсы төртінші санкциялар пакетін жариялады, бұл оның әскери қимылдарды қаржыландыруын тежеу үшін жасалған шаралар екені айтылды. Ұлыбритания сонымен қатар ресейлік арақ пен сәнді тауарларға қарсы жаңа шектеулерді енгізді.
Ресейлік ақпарат агенттіктері елдің Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков сейсенбіде Ресей әскерлері Украинаның Херсон облысының оңтүстігінде бүкіл аумақты толық бақылауға алғанын хабарлады.
Неміс супермаркеттері Украинадағы дағдарысқа байланысты азық-түлік жетіспеушілігі туындауы мүмкін деп алаңдап отыр. Оның қатарында күнбағыс майы бар. Украина күнбағыс майының әлемдік нарығының 50 пайыздан астамын қамтамасыз етеді, ал Германия оның ең ірі импорттаушыларының бірі болып табылады.
АҚШ президенті Джо Байден НАТО одақтастарымен кездесулер өткізу үшін Еуропаға сапар шегуі мүмкін екені айтылды. Reuters агенттігі ол 23 наурызда Брюссельде басқа басшылармен кездесіп, одан кейін Польшаға баруы мүмкін делінген хабарламада.
Ал Ұлыбритания көшбасшысы Борис Джонсон Батыс елдерін Ресей мұнайына тәуелділікті азайтуға шақырды. Оның мұнай өндіруді ұлғайту мәселесіне қатысты Сауд Арабиясына сапарлайтыны белгілі болды.
Украина вице-премьер-министрі Ирина Верещук Мариуполь қаласында қалып қойған бейбіт тұрғындарға көмек жеткізу үшін тағы бір рет әрекет жасап көретіндерін айтты. Осыған дейін Ресей әскерінің тоқтаусыз атысынан гуманитарлық көмек тиелген жүк көліктері діттеген жеріне жете алмаған.