«КТК» телеарнасынан «Той вестар» деген бағдарлама көрсетіле бастағалы бері көкейде жүрген ой еді, оны астаналық тарих ғылымдарының кандидаты Жұмамұрат Шәмші інім де барша қазақстандықтардың басты газеті «Егемен Қазақстан» басылымы арқылы «Осы күннің қыздары» атты мақаласында (20 наурыз, 2014 жыл) жалғастырып әкетіпті. Бұл айтып отырған өзекті мәселе тек Шәмші мен менің ғана пікірім болмаса керек, бірқатар ел азаматтарының да көкейінде жүрген запыран екені анық. Бағдарламаның «тойы» қазақша «вестары» ағылшынша жазылып жарнамаланған.
«Тілі жоғалғанның ұлты да жоғалады», – деп Ахмет Байтұрсынов бабамыз айтқандай, шын мәнінде біз қазақ ұлты болып қалуымыз үшін бір ғана тіл емес, сонымен бірге, дініміз бен ділімізді де көзіміздің қарашығындай тең дәрежеде сақтай білуге тиіспіз. Дін дегеніміз әрине түсінікті, ал, діл мәселесі туралы айтқанда біз салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды сақтап, бұл ретте өшкенімізді жандырып, ұмытқанымызды қайта қалпына келтіруге атсалысқанымыз жөн. Біз негізі ұлттық тілімізбен бірге түрлі нақыштарымыз арқылы ғана тарихи тұлға, бет-бейне, қазақы қалпымызды өзгелерге мәңгілік таныта аламыз. Демек, өскелең жас ұрпағымызды да міне, осы ұстаным, мақсат пен міндет, талап тұрғысында тәрбиелей білуіміз керек. Ол біз-аға ұрпақтың ұлт алдындағы басты борыш, асыл міндетіміз болуға тиіс.
Егер біз тілге бай, өнерге шебер, досқа адал, кең пейіл, таза жүрек, инабатты да иманды қазақ екенімізді болашақ жас ұрпақтың санасына жете сіңіріп, құлағына құя білуді міндетіміз деп қарасақ, онда халықтың ұлттық өнері мен дәстүрлі әндерінен, мақал-мәтелдері мен астарлы сөз маржандарынан, бесік жыры мен иман жүзді қыз қылық, ерлікке толы ер азаматтардың қайтпас қайсар ержүректілігінен көз жазып, қол үзіп қалмауды ойлауымыз керек. Әсіресе, біз жастарымызды шетелдің әуені, мінез-құлқы мен іс-әрекеттері арқылы тәрбиелейтін болсақ онда біз қалайша Мәңгілік қазақ елі бола аламыз?
Мысалы, жоғарыда айтылған бағдарламаның «Той фактор» деген тағы бір бөлімін көріп отырып ішімнің қанжыламасы бар ма? Бір әнші бойжеткенді шынылы жәшікке жатқызып қойып, әлгі қос жүргізушіміз Жанар мен Айгүл: «Әй, сен бес жұлдызды әнші атағын алып қайтамын десең, қандайда бір іс-әрекеттерге қарамастан бастаған әніңді тоқтатып алмауың керек», деп қатаң шарт қойып жатыр. Осы тұста екі қолы екі жаққа таңулы жатқан әнші қыздың балтыры мен білектеріне бір ер жігіт келіп біртіндеп майда құрттарды шаша бастады. Құрттардың жыбырына қалай шыдасын, әлгі бойжеткен әнін жалғастыра түскенімен аяғын бұлғақтатып, әрі де бір көтереді, бері де бір көтереді. Өзі көйлекшең бұлқынып жатқан қызға қарап жігітіміз жүр тура бір келелі істі тындырғандай мәз-майрам болып.
Сонда бұл не тәрбие? Қазақтың бойжеткені қай жерде бүкіл жұрттың көзінше аяғын кезек-кезек көтеріп, шалқалап жатқан еді? Әдеп қайда, ар қайда? Мен өз басым Жанар мен Айгүлді қазақтың ұлттық өнері мен салт-дәстүрлерінің нағыз жанашырлары ретінде ұғынушы едім. Түсінбей қалдым. Жарайды, бұл екеуін енді тапсырманы орындауға тиіс жүргізуші деп қабылдайық, ал, осы бағдарламаны түзіп, оны эфирге жіберуге рұқсат беріп отырған азаматтардың бойындағы қазақы талғам-біліктің дәрежесі қалай болғаны сонда?
Біз бойымыздағы түйсік-танымымыз бен бар қабілетімізді, ізденісімізді осы ғұмырлы ұлттық қасиеттерімізге арнап, шұғыл бетбұрысты бүгіннен, болашақ ұрпақ тәрбиесінен бастағанымыз жөн емес пе? Өзге жұрт қазақ халқының бойынан ұлттық нақышқа сәйкес кескін-келбет пен жүріс-тұрысты, сөз мәдениеті мен мәнерін, ұлттық салт-дәстүрге сай ұстаным мен үлкен парасаттылықты, имандылық пен инабаттылықты, көріп, оның нағыз қазақ екенін жазбай тануы керек емес пе?
Ал, батыстың әуеніне еліктеп, қанымызға сіңісті о бастағы ұлттық қасиетімізді бара-бара жол-жөнекей жоғалтып алатын болсақ, онда біз өнегелі қазақ елі болып қалай қалыптаса аламыз? Біздіңше Президент идеясын жүзеге асыру үшін бәлкім әрбір қазақ, басшылықтың тізгінін ұстап отырған әрбір арлы азаматтарымыз күнделікті өміріміздегі ұлттық тәрбиені барынша жандандыра түсуге сергек қарап, ерекше жанашырлық көзқараста болуымыз керек шығар. Шын мәнінде ұлттық намыс қана бізді осындай жарасымды жетістіктерге қарай жетелей түсетіні анық.
Серікбай ТҰРЖАН,
Бәйдібек ауданының құрметті азаматы.
Оңтүстік Қазақстан облысы.