– Қанат Әбдуәлиұлы, ғалымдар шынымен Қазақстанды парниктік газ шығарындыларынан толықтай арылтудың нақты жолын біле ме?
– Иә. Біз көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің ең тиімді және үнемді түрін зерттедік. Бұған қатысты қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді көзқарас ұсынылған. Алайда Қазақстанның жыл сайын шамамен 400 млн тонна CO2-эквивалентін шығаратынын және республикада энергияның көп көлемі көмір электр стансаларында өндірілетінін ескерсек, бұған қол жеткізу оңай емес. Сондай-ақ электр энергиясы мен жылу өндіру процесінде көмірге деген тәуелділік жоғары. Қазақстан жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция тартуда да тым сылбыр. Климаттың өзгеру салдарын төмендету жөніндегі іс-шараларға арналған мемлекеттік шығыстар да тиімсіз болып отыр. Еліміз егістік алқаптарында өндірілетін парниктік газдың жоғары шығарындыларымен және басқа да қиындықтармен бетпе-бет келуге мәжбүр.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2060 жылға дейін Қазақстанды көміртегі бейтараптығына көшірудің ресми доктринасы әзірленді. Біздің зерттеу аталған құжатқа сәйкес жүргізілді. Оны әзірлеуге Үкімет те, бизнес те қатысқан жоқ. Осылайша, ғалымдар елдегі экологиялық мәселелерді шешуге қатысты өз көзқарастарын білдірді. Баяндама БҰҰ-ның Глазгодағы климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясында ұсынылды және оны халықаралық сарапшылар мен мамандар зор қызығушылықпен қабылдады.
– Сонымен ғалымдар қандай қорытындыға келіп отыр?
– Жаһандық климаттың өзгеруі дегеніміз – тап қазір және дәл осы жерде орын алып жатқан жағдай. Бұл өзгеріс әрбір қазақстандықтың, ғаламшардағы әрбір тұрғынның өміріне әсер етеді. Мәселен, зерттеу барысында экватордан неғұрлым алыс болса, орташа температураның соғұрлым тез көтерілетіні анықталды. Егер жаһандық деңгейдегі орташа температура 2 градусқа көтерілсе, онда ол Қазақстанда 3 градусқа, ал Антарктикада, Арктикада 4 градусқа көтеріледі. Тиісінше, климаттағы өзгеріс айқын әрі бірден көрінеді. Баяндамада пайдаланылған математикалық модель Қазақстанда келесі 25 жыл ішінде температура 1980-2004 жылдардағы орташа көрсеткіштен 2-3 градусқа жоғары көтеріледі деген болжам жасады. Әрі қарай алдағы 50 жылда температура 5-6 градусқа көтеріледі. Еліміздің солтүстігінде температураның көтерілуі Оңтүстік Қазақстанға қарағанда жоғары болады.
– Бұдан не өзгеруі мүмкін?
– Ел аумағының басым бөлігінде жазғы жауын-шашын қысқаруы мүмкін. Бұл өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін азайтады. Мұздықтардың еруі су қорының азаюына және көршілес Қырғызстан мен Тәжікстанда электр энергиясының жетіспеушілігіне әкеледі. Өйткені бұл елдер су электр стансаларына тәуелді. Салдарынан аталған екі елде және Оңтүстік Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында электр энергиясы мен су тапшылығы орын алады. Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі су қоры мен азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсер етеді.
– Ғалымдар қандай бағыттарға талдау жүргізді?
– «Парниктік газдың нөлдік шығарындыларына қол жеткізудегі Қазақстан жолы» ғылыми жұмысы энергетикалық сектор, көлік, ауыл шаруашылығы, қалдықтарды басқару және басқа да бағыттарға арналған бөлімдерден тұрады. Көміртегі шығарындыларына арналған квоталар саудасы, технологиялар алмасу, халықаралық ынтымақтастық сияқты өзекті мәселелер талданды. Осы бағыттардың әрқайсысы бойынша тәжірибелі сарапшылар негізгі мәселелерді анықтап, парниктік газ шығарындыларын азайту жолдарын ұсынды. Мәселен, көміртегі балансына жетудің бірден бір жолы – орман алқаптарын ұлғайту.
– Біздегі ормандар мемлекет меншігінде. Демек, орман алқаптарын ұлғайтуға республикалық бюджеттен қаржы бөлу қиын болады-ау...
– Мәселені күрделендірудің қажеті жоқ. Жасанды ормандарды көбейтуге болады ғой?! Ол үшін кәсіпкерлерге ауыл шаруашылығы мақсатына пайдаланылмайтын бос аумақтарда орман өсіруге рұқсат беру керек. Бизнес ағаш жинауға, коммерциялық пайда табуға мүмкіндік алады. Ал ел аумағында жаңадан отырғызылған ормандар көміртекті сіңіреді. Орманды жерлер климатты, биоалуантүрлілікті жақсартады. Әрине, бұл үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет.
– Ғалымдар тағы қандай тиімді жолдарды ұсынды?
– Парниктік газ шығарындыларын азайту үшін еліміздің энергетикалық жүйесін қайта құруға қатысты бірқатар маңызды саяси шешімдер қабылдау қажет. Бірінші кезекте органикалық отыннан біртіндеп бас тартып, таза, баламалы энергия көздеріне көшуді көздейтін энергетикалық секторды трансформациялау қажет.
Біріншіден, ғалымдар Қазақстанға атом энергетикасы қажет деген қорытынды жасады. Иә, қоғамда бұған қатысты алаңдаушылық бар. Еліміз уранның мол қорына ие, ядролық энергоблогты пайдалануда тәжірибе жеткілікті. Ендеше атом энергетикасын дамыту аса қиындық тудырмайды. Дұрыс басқарып, тиімді пайдалана білсек, мұның зиянынан гөрі пайдасы басым. Біз атом энергиясын жақсы мақсатқа пайдаланамыз. Тек ол үшін ядролық инженерлерді даярлау қажет. Себебі мұндағы қауіпсіздік мамандарға тікелей байланысты.
Екінші қорытынды – өтпелі кезеңде көмір генерациясының үлесін азайту үшін экологиялық таза газ генерациясын барынша арттыру керек. Бүгінгі таңда электр энергиясын өндіру және орталықтандырылған жылу жүйесі негізінен көмір жағуға негізделген. Бұл жағдайды жүйелі және тұрақты түрде өзгерту керек. Халқының 40 пайызы ауылдық жерлерде тұратын республика үшін газдандырудың да әлеуметтік маңызы зор. Өйткені бұл көмірмен пеш жағып отырған ауыл әйелдерінің жағдайына да оң әсер етеді.
Үшінші қорытынды – Қазақстанның энергия жүйелерін Орталық Азиядағы, сондай-ақ Ресейдің батысы мен шығысындағы энергия жүйелерімен біріктіруге ұмтылу қажет. Бұл жердегі әңгіме физикалық байланыста ғана емес, жалпы тарифтік саясат құруда жатыр. Еуропа елдерінің энергетикалық жүйесі де осыған негізделген. Бұрынғы одақ республикаларының әрқайсысы толық оқшаулау арқылы өзінің энергетикалық қауіпсіздігіне қол жеткізді. Бірыңғай энергия жүйесіне оралу бірыңғай энергия жүйесінің тұрақтылығын, оның қауіпсіздігі мен экономикалық тиімділігін қамтамасыз етуге, өндірісті оңтайландыруға және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл парниктік газ шығарындыларын азайтуға және оңтайландыруға жол ашады.
Көлік саласында бензин мен дизель отыны сияқты отын түрлері біртіндеп тарихтың еншісіне кетуі керек. Оларды биоотын, электр энергиясы, сутегі алмастыратын болады.
– Бірақ көмір өнеркәсібі Қазақстандағы моноқалалар мен тұтас өңірлердің дамуына серпін беріп отырған сала ғой. Сонда олардың жағдайы не болмақ?
– Көміртегі бейтараптығы ең алдымен барша қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Бұл дегеніміз – таза ауа, таза су. Тиісінше, халықтың денсаулығын жақсарту. Көмірлі өлкелерде тұратын кеншілер бұдан тыс қалмақ емес.
Көмір қуатын бірден айналымнан шығару мүмкін емес. Көмірді пайдаланудан шығынсыз бас тарту мемлекеттің ерекше бақылауында болуы керек. Оның үстіне көміріміз ешқайда кетпейді, осы елде қалады. Оның негізінде жаңа салаларды, ең алдымен көмір химиясын дамыту қажет. Көмір өнеркәсібі Қазақстан экономикасының бір бөлігі ретінде пайдалы болып қала бермек және ол энергия өндірумен байланысты басқа да процестерге жұмылдырылуы мүмкін.
Көміртегі бейтараптығы – қауіп емес, мүмкіндік. Осыны түсініп, қабылдау маңызды. Жаңа салалар мен технологияларды дамыту жаңа жұмыс орындарын ашуды талап етеді. Өзгерістерден қорқудың қажеті жоқ. Әлемнің барлық елдері осыған бет бұрды. Қазақстан да іргелі істерді бастауға дайын тұр. Әлбетте, қателіктер болады. Оны жедел түзеп, алға қарай ұмтыла берген абзал. Сонда көштен қалмаймыз. Қазақстан көмір секторын қайта құрылымдау, қысқарту және жабу сатысынан өткен өзге елдердің тәжірибесінен сабақ алуы тиіс.
– Осы жолда Қазақстанға кімдер қол ұшын соза алады?
– Қазақстан білімді генерациялап, өзара алмасуда платформа қалыптастыру үшін, сондай-ақ ұзақ мерзімді жеңілдетілген және инновациялық қаржыландыруды тарту үшін халықаралық қаржы институттарымен байланыс орнатуы керек. Бұл ретте Дүниежүзілік банк көміртегі бейтараптығына әділ көшу жоспарларын әзірлеуде, қаржыландыруда және іске асыруда жақсы әріптес бола алады. Оның көмір секторын құрылымдық қайта құруды несиелеу жобаларын іске асыру тәжірибесі жеткілікті. Сондай-ақ халықаралық жеке капиталды қайта өңдеу жобаларына жұмылдыру мүмкіндігін зерделеу қажет. Қаржы секторы қолдау шараларын қарапайым жобалар мен технологияларды қаржыландырудан төмен көміртекті және көміртексіз шешімдерге бағыттауы керек. Көміртегі бейтараптылығына көшуді қолдау үшін халықаралық, мемлекеттік, жеке қаржыландыру көздерін тегіс пайдалану маңызды.
– Біздің елге халықаралық қауымдастық қандай көмек бере алады?
– Әлемдік қауымдастық Қазақстанға коммуналдық-тұрмыстық жағдайларда парниктік газ шығарындыларын азайту үшін пайдаланылатын озық технологияларды беру арқылы көмектесе алады. Ағынды суларды тазартудың тиімді технологиялары бар. Бұл дегеніміз – анаэробты ыдырау процесі, жетілдірілген тотығу процесі, мембраналық технология және басқалар. Ғимараттардың энергия тиімділігін оңтайландыру үшін үй шаруашылығында әртүрлі энергия үнемдейтін технологияларды қолдануға болады. Еліміздің, тұтас ғаламшардың ресурстарына жауапты болуды үйренуіміз қажет.
– Сіздер жасаған зерттеу Қазақстанды көміртегі бейтараптығына көшірудің ресми доктринасымен қаншалықты үндеседі?
– Доктрина ережелеріне қайшы келмейді. Зерттеушілердің тұжырымдары Қазақстанның көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу тұрғысынан қолға алған жұмыстарына қосымша бола алады. Біз бұл жұмысты Қазақстанды осы жолға дәл бағыттау, заманауи жоғары технологияларды пайдалана отырып, нөлдік шығарындыларға ұтымды, парасатты түрде қол жеткізуге көмектесу үшін қолға алдық. Оны Үкіметтің назарына ұсынсақ дейміз және мұның ел үшін пайдалы боларына сенеміз.
Әңгімелескен
Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»