Жолдауда президенттік басқару нысанын одан әрі жаңғырту, Парламент пен жергілікті өкілді органдардың рөлін күшейту, сайлау заңнамасын, партиялық және құқық қорғау жүйелерін, әкімшілік-аумақтық құрылымды және басқаларды жетілдіру бойынша пәрменді шаралар ұсынылды.
Әсіресе Президенттің Конституциялық бақылау органына азаматтардың, сондай-ақ басқа субъектілердің өтініш беруіне жол ашып, Конституциялық Кеңесті Конституциялық сотқа айналдыру бастамасын ерекше атап өткім келеді.
Конституциялық бақылау органдары Ата Заңның талаптарын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Бұл негізінен ресми түсіндірме беру, конституциялық-құқықтық даулар бойынша қорытындылар беру, заңнаманың конституциялылығын тексеру арқылы жасалады.
1995 жылы Конституция қабылданғаннан кейін құрылған Конституциялық Кеңес құқықтық мемлекет қағидаттарын бекіту ісіне лайықты үлес қосты. Алайда заман ағымы жаңа талаптар қойып отыр. Конституциялық реформалар практикасының соңғы онжылдығы конституциялық құқықтарын қорғау мақсатында азаматтардың конституциялық бақылауға қол жеткізуін кеңейту үрдісін байқатады.
Халықаралық құқық қорғау құрылымдары мен көптеген мемлекет азаматтардың тікелей конституциялық шағымын енгізуге басымдық береді. Соңғы уақытта бұл Түркияда (2011), Мажарстанда (2012), Украинада (2016), Литвада (2019), Қырғызстанда (2021), Өзбекстанда (2021), Беларусьте (2022) және басқа елдерде жүзеге асырылды. Әлемдік тәжірибені ескере отырып, біз бұған дейін осындай ұсыныстар енгізген едік. Енді, міне, олар Мемлекет басшысының қолдауына ие болды.
Мемлекет басшысының аталған идеяларын іске асыру құқықтық жүйені дамытуға, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау кепілдіктерін және елдегі заңдылық режімін нығайтуға, халықтың мемлекеттік институттарға сенімін арттыруға ықпал ететін болады.
Қайрат МӘМИ,
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы