Қостанайдағы көтерме сауда орындарында қант көп екенін жеке дүкені бар кәсіпкерлер де растап отыр. Бірақ сатылмайды.
– Осыдан екі апта бұрын қанттың килосын 400 теңгеден алғанмын. Одан кейін бүкіл апта бойы таба алмадым. Кеше барлық көтерме сауда орындарын тағы шарлап шықтым, қант жоқ. Жұрттың айтуынша, көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлер бір өзгерісті күтіп отыр. Естуімше, қазір қалада қант сататын бір-ақ нүкте бар. Бұрын ол жерден 390 теңгеден алатынбыз, бүгін 700 теңгеден сатып жатыр екен. Маған 25 килолық бір қапты 14 мың теңгеден ұсынды. Бұған 20 пайыз үстеме пұл қосып сатсам, оны кім алады? Ресей мен Беларусьтен келетін тауықтың сан етін де таба алмадым, – деді шағын дүкен ұстап отырған кәсіпкердің бірі.
Аймақ басшысы облыстың азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорындағы қанттың таяу күндері жергілікті сауда желілері арқылы сатыла бастайтынын мәлімдеді.
– Сауда желілері қантты шектеулі түрде сатады. Осы арқылы қанттың аймақтан тыс жерлерге сатылып кетуіне жол бермейтін боламыз. Сондай-ақ «Азық-түлік корпорациясы» АҚ арқылы жеткізушілер жақын арада тағы да қант сатып алатын болады. Басқа елдерден де қант әкелу мәселесі қарастырылуда. Облыста қант қорын жеткілікті мөлшерде сатып алу үшін қосымша 850 млн теңге қаражат бөлу туралы тапсырма бердім, – деді Архимед Мұхамбетов.
Облыстың барлық аумағында қант тапшылығын жою шаралары қолға алынып, қала және аудан әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына күнделікті мониторинг жүргізе бастады.
Қостанай облысы