Ұлт ұстазы өз қолымен жазған өмірбаянында 1895 жылдың 1 маусымынан бастап Қазақстанның бірнеше өңіріндегі ауылдық, болыстық және 2 сыныптық мектептерде мұғалімдік қызмет атқарғанын айтады. Ахаңның Әулиекөлде бір жылдай аялдап ұстаздық етіп, бала оқытқаны да осы кезең ішінде болса керек.
Тарихтың бір тасын көтерсең, оның астынан екінші бір тарихтың ұшығы қылаң ете қалады. Осы орайда, кезінде Әулиекөл-Аманқарағай өңірінде ұзақ жыл болыс болып, өз қаржысына мектеп салдырған Мұқаш Тойғожаұлы туралы айтпай кетпеске болмайды. Әулиекөлдегі Тойғожаның Мұқашы салдырған мектептің орнында бүгінде аудандық кешкі мектеп ғимараты тұр. Ауыл қарияларының айтуынша, қазіргі өлшеммен алсақ шағын ғана білім ошағының ғимараты кейін кеңейтіліп, қайта салыныпты. Осылайша, Мұқаштың мектебі кеңейтілген ғимараттың бір бұрышы ғана болып қалса керек.
– Әулиекөл – есімдері әлі белгісіз көптеген батырлар мен ақындар, жыраулар шыққан жер ғой. Бірақ біз оның бәрін зерттеп, тарихын толық меңгеріп жатқан жоқпыз. Аманқарағай орманының ішінде Мұқаштың алаңы деген орын бар. Тойғожаның Мұқашы Әулиекөлде мектеп пен емхана салған адам. Оның орны осы күнге дейін бар. Бірақ бұл кісі кеңес өкіметінің тұсында қысым көріп, қудалауға ұшырап, Башқұртстанға көшіп кеткен. Сүйегі сонда жатыр, ұрпағы Алматыда, – деді Әулиекөл ауданының құрметті азаматы Әкімбек Қабден ақсақал.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы осы Мұқаш мектебінде қысқа уақыт еңбек етіп, шәкірт оқытқан. Әулиекөл ауданында көп жыл білім саласында қызмет атқарған ардагер ұстаз Жұмабай Байжанов ақсақалдың айтуынша, кезінде Ахаң ұстаздық еткен білім ғимараты кешкі мектеп ретінде күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұр. Қазір мұнда отыз шақты оқушы білім алып жатыр.
– Кезінде қазіргі кешкі мектептің орнында шағын ғана білім ошағы болыпты. Ахмет Байтұрсынұлы 1897-1898 жылдары осы мектепте жұмыс істеген және осы ғимараттағы шағын бір бөлмеде тұрған деген әңгімелер айтылатын. Қазір ол бөлме бос тұрған болу керек. Алдағы уақытта осы мектеп жөнделіп, шатыры оңдалып, Ахаңа арналған арнайы мұражай ашылса деген тілегіміз бар, – деді бүгінде Қостанай қаласында тұрып жатқан қария.
Әулиекөлдің өзге елді мекендерден даралап тұратын тағы бір ерекшелігі – ауылдың әр жерінде орналасқан 7 бірдей айдын көлі. Оның ішіндегі ең көлемді әрі ең әсем айдын Мұғалім көлі деп аталады. Ахаң ұстаздық еткен мектеп те дәл осы көлдің жағасында тұр. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, Орынбор мектебін жаңа бітіріп келген жас Ахметтің Бәдрисапамен танысқан жері де – осы көлдің жағасы. Сондықтан жергілікті жұрт бұл көлді Ахаңның есімімен байланыстырып, Мұғалім көлі деп атап кеткен деседі.
Әулиекөлдегі Ахаң сабақ берген мектептен кейін Ерік Асанбаев, Нығметжан Есенғарин, Кенжеғали Сағадиев, Сағындық Сатыбалдин, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметов сынды ғалымдар мен қоғам қайраткерлері шықты.
Әулие деген сөзді айтуға болмайтын кеңестік кезеңде бұл мекен Семиозер деп аталып жүрді. Кейін біраз жыл Жетікөл деп аталды. Елді мекеннің тарихи атауы 1997 жылы ғана қайтарылды.
Қостанай облысы,
Әулиекөл ауылы