Спорт • 17 Наурыз, 2022

«Еңбек сіңірген спорт шебері» атағы берілді

379 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда ғана Бейжіңде мәресіне жеткен 2022 жылғы Қысқы Паралимпия ойын­дарының қола жүлдегері Александр Гер­лицке «Қазақстан Республикасының ең­бек сіңірген спорт шебері» атағы беріл­ді. Спор­т­шыға төсбелгіні Премьер-Минис­тр­­­­дің орынбасары Ералы Тоғжанов тапсырды. Салтанатты іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Ұлттық Паралимпиада комитетінің Бас хатшысы Ерлан Сүлейменов және Паралимпиада құра­масының бас бапкері Василий Коло­миец қатысты.

«Еңбек сіңірген спорт шебері» атағы берілді

«Қазақстанның Паралимпиада құрамасына осындай жетістігі үшін ерекше алғыс айтқым келеді. Сіздер керемет нәтиже көрсеттіңіздер. Қай­сарлық пен табандылықтың арқасында біздің еліміз осы ойындарда лайықты өнер көрсетті. Бұл нәтиженің соңында спортшылардың өздері­не және олардың жаттықтырушыларына ғана бел­гілі орасан зор еңбек жатыр», деді Ералы Тоғжанов.

Премьер-Министрдің орынбасары бұқаралық спортты дамыту және инклюзивті ортаны құру мәселелеріне ерекше назар аудару керек екенін айтып, бұл мәселелер Мемлекет басшысының жеке бақылауында екенін жеткізді. Ералы Тоғжанов мемлекет тарапынан спортты дәріптеу үшін барлық қажетті жағдайларды жасау алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.

«Александр өзіне жүктелген сенімді толығы­мен ақтады. Сіздің жетістіктеріңіз рухани жігер­дің жарқын үлгісі. Бізді алдағы уақытта үлкен жұмыс күтіп тұрғанын атап өткім келеді. Біз осы Паралимпиадада жоғары нәтижелер көрсеткен ҚХР мен Украинаның тәжірибесін мұқият зерделейтін боламыз», деді Дәурен Абаев.

Александр Герлиц қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, құраманың барлық жаттықтырушылар штабының үйлесімді және кәсіби жұмысын атап өтті.

XIII Қысқы Паралимпиада 4-13 наурыз аралығында Бейжіңде өтіп, оған әлемнің 50 елінен 700-ден астам спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы бір қола медальмен жалпыкомандалық есепте 17-орынға табан тіреді.