Парламент • 17 Наурыз, 2022

Ассамблеяның квотасы Мәжілістен Сенатқа беріледі

342 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Жолдауы аясында Парламентке үлкен міндет пен жауапкершілік жүктеліп отыр. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ассамблеяның квотасы Мәжілістен Сенатқа беріледі

«Президентіміз Жолдауда еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Соған сәйкес көптеген маңызды саяси реформалар мен тың бастамалар туралы сөз болды. Соның ішінде Парламенттің рөлін күшейту керектігі де айтылды. Мұндай қадам жаңару мен жаңғыру жолында Парламентке үлкен міндет пен жауапкершілік жүктейді. Соған байланысты Мемлекет басшысы Сенат пен Мәжілістің жұмысы мен құрылымына қатысты реформаларға тоқталды. Енді Сенаттағы президенттік квотаның саны 15-тен 10-ға дейін қысқарады», деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.

Осы орайда ол өңірлердің мүддесі ең басты басымдықтардың бірі болып қала беретінін айтты.

«Президентіміздің шешімімен өңірлердің саны көбейетін болды. Яғни, біздің жұмысымыздың аясы кеңейеді. Сондықтан алдағы уақытта осы бағыттағы мақсат-міндетіміз бұрынғыдан да арта түседі. Шын мәнінде, Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының құрылуы біздің ұлт ретінде өсуіміздің жарқын көрінісі. Сонымен бірге Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы Мәжілістен Сенатқа беріледі. Бұл шешім қоғамдық келісім мен ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан біздің әлеуетімізді арттыратыны сөзсіз», деді Сенат төрағасы.