Саясат • 18 Наурыз, 2022

Саяси реформаларды жалғастыру – батыл қадам

462 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Саяси реформалар 5.0: сараптамалық көзқарас» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жа­ңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауы талқы­ланды.

Саяси реформаларды жалғастыру – батыл қадам

Іс-шараға қатысқан Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, біздің елге саяси реформалар ауадай қажет.

– Президенттің осыған де­йін айтқан тапсырмаларын іс­ке асы­рып, экономиканы дамы­ту үшін саяси реформалар ауа­дай қажет. Өйткені Қазақ­ста­н­ның эконо­микалық, әлеумет­тік даму модель­дері өзінің ше­гіне жетті. Олар­ды әрі қарай қоз­ғал­тып, дамы­ту үшін қажетті энер­гия көз­де­рін таба алмайтын сияқ­тымыз. Аза­мат­тық қоғамның ашылуы, қоғам­ның ішіндегі еркіндік, сөз, ой бос­тан­дығы ғана азаматтардың энергия­сын оята алады, – деді А.Сарым.

Депутат еліміздегі жаңа ай­мақ­­тардың құрылуы туралы да пікір білдірді.

– Бұл 25 жылдан бері айтылып келе жатқан әңгіме еді. Соған нүк­те қойылды. Мұндай қа­дам сол ай­мақтарда тұрып жат­қан халық­тың еңсесін көте­ріп, өмірге деген құш­тарлығын, бола­шаққа деген жауап­керші­лігін арттырады, – деді ол.

А.Сарым саяси реформалар елі­мізде қалыптасқан саяси бәсе­ке­лестік ережелерін қайта жа­сақ­тауға бағытталатынын жеткізді.

– Партиялар туралы заңға, сайлау үдерістеріне өзгерістер ен­гі­зудің, Конституциялық өзгеріс­тердің түпкі мақсаты бір. Ол – сая­си алаңды жаңарту, саяси алаңға жаңа ойыншылардың келуіне мүмкіндік беру, сол арқылы жаңа саяси диалогты бас­тау. Саяси диалог үлкен сая­си сенімге итермелеуі керек, – деді Мәжіліс депутаты.

Депутат Конституциялық сот­тың қайта пайда болуы, оның әді­лет­тікті қамтамасыз ету жолын­дағы кешенді институтқа айналуы Қазақстандағы сот жүйесінің дамуына жақсы пәрмен беретініне сенімді.

Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық инсти­тутының директоры Марат Бә­шімовтің айтуынша, Президенттің жаңа Жолдауы шын мәнінде рево­люциялық сипатқа ие.

– Конституцияға мемлекеттің басқару формасына байланысты маңызды дүниелер енгізілетіні түсінікті болды. Бұл дегеніміз – пар­ламенттік бақылауды, Парла­менттің рөлін күшейту. Парла­ментке бюджетті бақылау өкілет­тігі берілмек. Демек, енді бюджет қар­жы­сының әр тиыны Пар­ла­менттің бақылауында болады, – деді М.Бәшімов.

Оның пікіріне қарағанда, Жол­дауда құқық қорғау блогына, құқық үстемдігіне, адам құқықтарының үстемдігіне ерекше басымдық берілген.

– Президент құқық үстем­дігіне ерекше назар аударып келеді. Тұрғындардың Адам құқық­тары жөніндегі уәкілге, Бас про­курорға жүгінуіне құқық ұсынуда. Олар үнемі заң­сыздыққа, заңна­маның жетіл­мегендігіне тап бо­лып жатады. Енді олар тікелей Конс­титуциялық кеңеске заңдардың, заңға тәуелді актілердің Консти­туцияға сәйкестігін қарау туралы өті­нішпен жүгіне алады. Бұл – үлкен қадам. Өркениетті 112 мемлекетте Конституциялық кеңес жұмыс істейді, – деді ол.

Қолданбалы этносаяси зерттеу­лер институтының директоры Талғат Қалиев саяси реформаларды жалғастыру батыл қадам екенін алға тартты.

– Тұрақтылықтың соңынан қуамыз деп, тоқырауға, консер­вацияға ұшырадық. Сондықтан қазір саяси процестер жаңа импульс алып, мүлдем өзгеруі керек. Президенттің туысқандары жо­ғары қызметте бола алмайды деу арқылы Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне шектеу қойып жатыр. Бұл болашақта үлкен дәстүрге айна­луы мүмкін. Пре­зи­дент, мемлекеттік қызметкер болатын адам өзіне осындай шек­теу қойып, адал қызмет етуі керек. Мәсли­хаттың күші жоқ деген пікір айтылды. Мәс­ли­хаттың да жар­тысы мажори­тарлық формамен, жартысы пропорционалды жолмен тағайындалса, онда халық өз басшысын өзі тікелей таңдайды. Сонда мәслихаттың да өз билігі болады. Бұл жаңа дәстүрлер қалыптастырып, жаңа саяси мәдениетке жасалатын үлкен қадам, – деді Т.Қалиев.

Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Қарағанды филиалының директоры Серікжан Байбосыновтың пікіріне қарағанда, жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру бағытында нақты механизмдерді қолға алу барысында осы уа­қыт­қа дейін жіберілген қателіктерді қайталамас үшін өткеннен сабақ алу тәсілін меңгеру маңызды.

– Қазіргі кезде мемлекеттік бас­қаруға жобалық басқару тұжы­рымдамасы енгізіліп жатыр. Ұлттық жобалық кеңес өз жұмысын атқаруда. Прези­дент жобалық менеджментке кө­шу­дің қажеттілігіне баса назар ауда­руда. Жергілікті өзін-өзі бас­қаруды реформалау, халықтың қажеттілігіне, игілігіне жұмыс істеу барысында оны жобалық менеджмент қағидасына енгізу керек. Ауыл әкімдерін сайлауда сәйкессіздіктер болғаны рас. Бірақ келесі сайлауда жергілікті өзін-өзі басқарудың дұрыс ме­ха­низмдерін дайындауымыз керек. Бұл жерде жергілікті қауым­дастықтардың рөлін арттыру маңызды. Сондай-ақ жергілікті қауымдастыққа тартылатын аза­мат­тардың кәсіби біліктілігіне назар аудару қажет. Сондықтан жергілікті өзін-өзі басқарудың эко­номиканың дамуына тигізе­тін зор әсерін көргіміз келсе, жер­­гі­лікті қауымдастықтан бас­тап, қо­ғамдық кеңестердің жұ­мы­­сына жаңа форматта сер­пін беруі­міз қажет, – деді С.Бай­бо­сы­нов.

Оның айтуынша, жобалық менеджмент қағидаттарын қоғам­дық кеңестер мен жергілікті өзін-өзі басқару формасындағы қауымдастықтарға енгізуді назарда ұстаған жөн. Сондай-ақ халықтың билік пен Үкіметке деген сенімін қайтару үшін күшті әрі кәсіби қоғамдық кеңестер керек. Бұл – жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі қайнар көзі, азаматтардың позициясын нақтылауға мүмкіндік беретін үлкен алаң.

Amanat партиясының қоғам­дық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиева партия үшін жауапты һәм қызықты кезең басталғанын жеткізді.

– Саяси партиялар «Жаңа Қазақстанда» маңызды рөл атқа­­ратын болады. Саяси партия­ларды институттандыру процесі күшейеді, іріленеді, инвестицияланады. Бұрын адамдар билікке сыни көзқараспен қарап, жаңа партиялардың пайда болуы мүмкін емес, бұл кеңістік реттел­ген деп айтып келсе, ал қа­зір жаңа саяси партияның пайда болуына еш кедергі жоқ. Әрине, Amanat үшін өте қызықты кезең басталады. Билеуші партия өзінің саяси жеті­луін, саяси жауапкершілігін көрсетеді. Партия модернизациялану, қайта құру сатысында. Партияны барынша манев­рлі, икемді және сезімтал ететін ішкі процестер өте көп. Бүгінгі Amanat – қалыптасқан институт. Ол дербес, әрекетке қабі­летті, ресурстық базасы үлкен, ұйымдастырушылық мүмкіндіктері, кадрлық, тар­мақ­­талған филиалдық желісі, үл­кен электоралдық тәжірибесі бар. Әрине, билеуші партия мәрте­бесіне сай болу үшін алда әлі та­лай жұмыс күтіп тұр. Әкім­дер мен олардың орынбасар­ларына партияда қызмет атқа­руға тыйым салынды. Бұл пар­тия­лық бақылау тетігін күшей­туге мүмкіндік бе­реді. Әкімдер­дің жұмысын мұқият қадаға­лап, бақылай алады, – деді М.Нұр­ға­лиева.

Қазақстандық қоғамдық да­му институтының директоры Қаз­бек Майгелдинов Президент жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға, ықпалды Парламент құруға негізгі алғышарттар жасап бергенін айтады.

– Біріншіден, Президент өкі­леттігін шектеу. Ол тек қана супер­президенттіктен мықты Пре­зидент, ықпалды Парламент жүйе­сіне өту ғана емес, сонымен қатар алдағы уақыттағы саяси жүйеде игі дәстүрге айналады. Екіншіден, Жолдауда қоғамның сұранысы да, талабы да 80-90 пайызға ескерілді. Жергілікті өзін-өзі басқаруда жер­гілікті халықтың ең үлкен сыны атқа­рушы билікке, әкімдерге қа­тыс­ты болды. Мәслихаттың жұмы­сы нәтижесіз деген пікір айтыл­ды. Осыған байланысты Пре­зи­дент өз өкілеттігін шектей оты­­рып, жо­ғарыда айтқан тепе-тең­­дік пен тежегіш жүйесін енгізуге ал­­ғы­шарттар жасады, – деді Қ.Май­гел­­динов.