Іс-шараға қатысқан Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, біздің елге саяси реформалар ауадай қажет.
– Президенттің осыған дейін айтқан тапсырмаларын іске асырып, экономиканы дамыту үшін саяси реформалар ауадай қажет. Өйткені Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік даму модельдері өзінің шегіне жетті. Оларды әрі қарай қозғалтып, дамыту үшін қажетті энергия көздерін таба алмайтын сияқтымыз. Азаматтық қоғамның ашылуы, қоғамның ішіндегі еркіндік, сөз, ой бостандығы ғана азаматтардың энергиясын оята алады, – деді А.Сарым.
Депутат еліміздегі жаңа аймақтардың құрылуы туралы да пікір білдірді.
– Бұл 25 жылдан бері айтылып келе жатқан әңгіме еді. Соған нүкте қойылды. Мұндай қадам сол аймақтарда тұрып жатқан халықтың еңсесін көтеріп, өмірге деген құштарлығын, болашаққа деген жауапкершілігін арттырады, – деді ол.
А.Сарым саяси реформалар елімізде қалыптасқан саяси бәсекелестік ережелерін қайта жасақтауға бағытталатынын жеткізді.
– Партиялар туралы заңға, сайлау үдерістеріне өзгерістер енгізудің, Конституциялық өзгерістердің түпкі мақсаты бір. Ол – саяси алаңды жаңарту, саяси алаңға жаңа ойыншылардың келуіне мүмкіндік беру, сол арқылы жаңа саяси диалогты бастау. Саяси диалог үлкен саяси сенімге итермелеуі керек, – деді Мәжіліс депутаты.
Депутат Конституциялық соттың қайта пайда болуы, оның әділеттікті қамтамасыз ету жолындағы кешенді институтқа айналуы Қазақстандағы сот жүйесінің дамуына жақсы пәрмен беретініне сенімді.
Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры Марат Бәшімовтің айтуынша, Президенттің жаңа Жолдауы шын мәнінде революциялық сипатқа ие.
– Конституцияға мемлекеттің басқару формасына байланысты маңызды дүниелер енгізілетіні түсінікті болды. Бұл дегеніміз – парламенттік бақылауды, Парламенттің рөлін күшейту. Парламентке бюджетті бақылау өкілеттігі берілмек. Демек, енді бюджет қаржысының әр тиыны Парламенттің бақылауында болады, – деді М.Бәшімов.
Оның пікіріне қарағанда, Жолдауда құқық қорғау блогына, құқық үстемдігіне, адам құқықтарының үстемдігіне ерекше басымдық берілген.
– Президент құқық үстемдігіне ерекше назар аударып келеді. Тұрғындардың Адам құқықтары жөніндегі уәкілге, Бас прокурорға жүгінуіне құқық ұсынуда. Олар үнемі заңсыздыққа, заңнаманың жетілмегендігіне тап болып жатады. Енді олар тікелей Конституциялық кеңеске заңдардың, заңға тәуелді актілердің Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтінішпен жүгіне алады. Бұл – үлкен қадам. Өркениетті 112 мемлекетте Конституциялық кеңес жұмыс істейді, – деді ол.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев саяси реформаларды жалғастыру батыл қадам екенін алға тартты.
– Тұрақтылықтың соңынан қуамыз деп, тоқырауға, консервацияға ұшырадық. Сондықтан қазір саяси процестер жаңа импульс алып, мүлдем өзгеруі керек. Президенттің туысқандары жоғары қызметте бола алмайды деу арқылы Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне шектеу қойып жатыр. Бұл болашақта үлкен дәстүрге айналуы мүмкін. Президент, мемлекеттік қызметкер болатын адам өзіне осындай шектеу қойып, адал қызмет етуі керек. Мәслихаттың күші жоқ деген пікір айтылды. Мәслихаттың да жартысы мажоритарлық формамен, жартысы пропорционалды жолмен тағайындалса, онда халық өз басшысын өзі тікелей таңдайды. Сонда мәслихаттың да өз билігі болады. Бұл жаңа дәстүрлер қалыптастырып, жаңа саяси мәдениетке жасалатын үлкен қадам, – деді Т.Қалиев.
Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Қарағанды филиалының директоры Серікжан Байбосыновтың пікіріне қарағанда, жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру бағытында нақты механизмдерді қолға алу барысында осы уақытқа дейін жіберілген қателіктерді қайталамас үшін өткеннен сабақ алу тәсілін меңгеру маңызды.
– Қазіргі кезде мемлекеттік басқаруға жобалық басқару тұжырымдамасы енгізіліп жатыр. Ұлттық жобалық кеңес өз жұмысын атқаруда. Президент жобалық менеджментке көшудің қажеттілігіне баса назар аударуда. Жергілікті өзін-өзі басқаруды реформалау, халықтың қажеттілігіне, игілігіне жұмыс істеу барысында оны жобалық менеджмент қағидасына енгізу керек. Ауыл әкімдерін сайлауда сәйкессіздіктер болғаны рас. Бірақ келесі сайлауда жергілікті өзін-өзі басқарудың дұрыс механизмдерін дайындауымыз керек. Бұл жерде жергілікті қауымдастықтардың рөлін арттыру маңызды. Сондай-ақ жергілікті қауымдастыққа тартылатын азаматтардың кәсіби біліктілігіне назар аудару қажет. Сондықтан жергілікті өзін-өзі басқарудың экономиканың дамуына тигізетін зор әсерін көргіміз келсе, жергілікті қауымдастықтан бастап, қоғамдық кеңестердің жұмысына жаңа форматта серпін беруіміз қажет, – деді С.Байбосынов.
Оның айтуынша, жобалық менеджмент қағидаттарын қоғамдық кеңестер мен жергілікті өзін-өзі басқару формасындағы қауымдастықтарға енгізуді назарда ұстаған жөн. Сондай-ақ халықтың билік пен Үкіметке деген сенімін қайтару үшін күшті әрі кәсіби қоғамдық кеңестер керек. Бұл – жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі қайнар көзі, азаматтардың позициясын нақтылауға мүмкіндік беретін үлкен алаң.
Amanat партиясының қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиева партия үшін жауапты һәм қызықты кезең басталғанын жеткізді.
– Саяси партиялар «Жаңа Қазақстанда» маңызды рөл атқаратын болады. Саяси партияларды институттандыру процесі күшейеді, іріленеді, инвестицияланады. Бұрын адамдар билікке сыни көзқараспен қарап, жаңа партиялардың пайда болуы мүмкін емес, бұл кеңістік реттелген деп айтып келсе, ал қазір жаңа саяси партияның пайда болуына еш кедергі жоқ. Әрине, Amanat үшін өте қызықты кезең басталады. Билеуші партия өзінің саяси жетілуін, саяси жауапкершілігін көрсетеді. Партия модернизациялану, қайта құру сатысында. Партияны барынша маневрлі, икемді және сезімтал ететін ішкі процестер өте көп. Бүгінгі Amanat – қалыптасқан институт. Ол дербес, әрекетке қабілетті, ресурстық базасы үлкен, ұйымдастырушылық мүмкіндіктері, кадрлық, тармақталған филиалдық желісі, үлкен электоралдық тәжірибесі бар. Әрине, билеуші партия мәртебесіне сай болу үшін алда әлі талай жұмыс күтіп тұр. Әкімдер мен олардың орынбасарларына партияда қызмет атқаруға тыйым салынды. Бұл партиялық бақылау тетігін күшейтуге мүмкіндік береді. Әкімдердің жұмысын мұқият қадағалап, бақылай алады, – деді М.Нұрғалиева.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының директоры Қазбек Майгелдинов Президент жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға, ықпалды Парламент құруға негізгі алғышарттар жасап бергенін айтады.
– Біріншіден, Президент өкілеттігін шектеу. Ол тек қана суперпрезиденттіктен мықты Президент, ықпалды Парламент жүйесіне өту ғана емес, сонымен қатар алдағы уақыттағы саяси жүйеде игі дәстүрге айналады. Екіншіден, Жолдауда қоғамның сұранысы да, талабы да 80-90 пайызға ескерілді. Жергілікті өзін-өзі басқаруда жергілікті халықтың ең үлкен сыны атқарушы билікке, әкімдерге қатысты болды. Мәслихаттың жұмысы нәтижесіз деген пікір айтылды. Осыған байланысты Президент өз өкілеттігін шектей отырып, жоғарыда айтқан тепе-теңдік пен тежегіш жүйесін енгізуге алғышарттар жасады, – деді Қ.Майгелдинов.