Үкімет • 17 Шілде, 2024

Су тасқыны: 4 облыста құрылыс қарқыны төмен

220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов су тасқынынан кейін тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп жазады Egemen.kz.

Су тасқыны: 4 облыста құрылыс қарқыны төмен

Фото: aqtobegazeti.kz

Кеңесте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Көлік вице-министрі Сатжан Аблалиев қазіргі  жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары әкімдерінің мәліметі тыңдалды. 

Су тасқыны салдарынан барлығы 19 342 жылжымайтын мүлік (жалғыз баспана болып саналатын үйлер мен саяжайлар) зақымданды, оның 8 578-і қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды. Бүгінгі таңда 2 578 үй құрылысы мен 6 мың жылжымайтын мүлік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Премьер-министр СҚО-да 200, Павлодар облысында 5 жаңа үй құрылысының жедел жүргізілгенін атап өтті. Сондай-ақ жуырда Қостанай облысында 22 үй тапсырылады.

Үкімет дерегінше, әкімдіктер қажетті қаржымен толық қамтамасыз етіліп, барлық кемшілік жойылған және салынып жатқан үйлердің үлгілік жобалары бекітілген. Десе де 4 өңірде құрылыс жұмыс кестесінен 15-25 күнге артта қалып келеді. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола және Атырау облыстарында құрылыс қарқыны төмен екені белгілі болды.

Олжас Бектенов зардап шеккендерге берілетін үй сапасын назарға алуды, кедергіні дер кезінде орталыққа хабарлауды тапсырды.

«Қажет болса, біз ресурстарды қайта бөліп, техника мен адамдарды көбейтеміз. Барлық құрылыс нормалары мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл мәселелер азаматтарды алаңдатпауы керек. Өңірлердің әкімдері үйлердің сапасына жеке жауап береді. Президент жүктеген міндеттерді орындау үшін шамамен 2,5 ай қалды», деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ жергілікті жолдарды жөндеуге және реконструкциялауға Үкімет резервінен 22,7 млрд теңге бөлініп, зардап шеккен өңірлердегі мектептерді қалпына келтіруге 7,5 млрд теңге бағытталды. Барлық мектеп оқу жылы басталғанға дейін қалпына келтірілу керек.