Руханият • Бүгін, 08:45

Ғабит ғибраты

25 мин
оқу үшін

«Атынан ат үркеді. Ғабит Мүсіреп. Ұлы ақын Александр Пушкиннің туған күнінде дүние есігін ашқан бала. Бас сүйегі, жүріс-тұрысы, дауыс мақамы Әбіш Кекілбайұлына келеді. Жер бетіндегі классиктердің элементтерін бойына жинап алған оның өзіндік ерекшеліктері де көп. Ана сүті, ата күшімен келген туа біткен қасиеттеріне қызықпау мүмкін емес».

Ғабит ғибраты

Мұны жазған адамы – кәдімгі Шархан Қазығұл. Сонда ол қандай қасиеттер екен? Шархан бір кезде қызметтес болған, өзіне орынбасар етіп алған (ол әңгімеге келеміз әлі), содан жаны жарасып қалған әріптес інісін әсіре әспеттеп жіберген жоқ па өзі?

Сәл шегініс жасайық.

Нөкіске бардым. Орал Таңсықбаевтың ізімен. 2023 жылы... Баршаға белгілі оқиғадан кейін бір жыл өткенде. Жұрттың жүйкесі жұқарып жүрген кезі екен. Әуе­жай­да жолжүкті күтіп тұрғанмын. Үш-төрт жігіт дабырласа әңгіме соғып жатыр. Тіл­­дің жақындығы сондай, тіпті ажырату қиын. Қайдан аузыма түскенін, «Бауыр­ла­рым, сендер қазақша сөйлесіп тұрсың­дар ма, қа­рақалпақша сөйлесіп тұрсыңдар ма?» деп қалғаным. Біреуі жалт бұрылып, «Неге қазақша сөйлесуіміз керек екен?!» деді. Дауысында сыз бар. Ғафу өтінуіме тура келді.

Екі-ақ күндік сапарымда Бесқала жеріндегі қарақалпақ пен қазаққа ортақ қасиет соншама мол екеніне көз жеткізіп қайттым. Орыс авангардының, кеңес импрессионизмінің әлемдегі аса бай коллекциясының басқа жерде емес, дәл Нөкісте, иә, сонау қиян түкпірдегі Нөкісте – Қарақалпақстанның И.В.Савицкий атындағы мемлекеттік өнер музейінде (көбіне «Савицкий музейі» деп айтыла береді) жинақталуының түпкі сырын ұғып қайттым. «Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қарақалпақ жеріне қуғын-сүргінге ұшыраған суретшілер, ғалымдар, ақындар көптеп келген» (Ерсұлтан Бек­тұрғанов). Солардың бірі – суретші әрі коллекционер Игорь Савицкий Кеңес одағында тыйым салынған авангард пен «батыстық бояуға былыққан» делінетін импрессионизм бағытында жұмыс істеген қылқалам шеберлерінің музейлер, галереялар, көркемдік қорлар қажет етпейтін, көрмелерге қойылмайтын шы­ғар­маларына қолжетімді бағамен қол жет­кізіп, көзден қағыс, сөзден алыс сол Нөкіс музейіне ала берген, ала берген, жа­бық қорға («запасник») сала берген, сала берген. Автономиялық рес­пуб­лика басшылығы қолын қақпаған, жолын жаппаған. Жариялылық жетіп, сәт са­ғаты соққанда соның бәрі құн жет­пес қазынаға айналып шыға келген. Қазір Нөкіске барсаңыз, музейге келу­ші­лердің арасында шетелдіктердің көп­тігіне қайран қаласыз. Бүгінде 100 мың­нан астам экспонат жинақталған ол музейдің бейресми аты да бар: «Шөл да­ла­дағы Лувр». Ашығын айтқанда, Кеңес ода­ғы­ның «бейресми өнері» негізінен сол Савицкийдің арқасында аман сақталған. Өзімізге жақындатып сөйлер болсақ, Таң­сықбаевтың импрессионизммен, ­пуантилизммен, сезаннизммен әуестенген 20-30-жылдардағы Мәскеу, Ташкент, Алматы жолатпай қойған майлы бояулы пей­заждарының, ғажап графикасының бәрі қарақалпақ еліндегі сол музейде тұр. Орал ағамыз Игорь досы арқылы сенімді жерге сақтаған екен. Бұл нені көрсетеді? Бұл қарақалпақ жерінде өрнегі өзгеше өнерді бағалайтын, қасаң қалыпты қақырата алатын азаматты саялатқан, аялаған ағайын барын көрсетеді. Өр халық. Ер халық. Әнге әуес, күйге құмар, жырға жақын, сері халық. Қарақалпағы да, қазағы да. Біздің Ғабит сондай ортадан шыққан.

Ғабит оның үстіне... Тақтакөпірде туған. Қазақстандағы кеңес өкіметіне қарсы көтерілістің алғашқысы осы Тақтакөпір ауданында басталған. «Қазақстандағы» дегенімізге таңданбаңыз: Қарақалпақ автономиялық облысы 1925–1930 жылдарда Қазақ автономиялық республикасының құрамында болған. Талас Омарбековтің «Қарақалпақстандағы көтеріліс» атты мақа­ласындағы «1929 жылдың 8 желтоқсанына дейін ОГПУ-дың Ерекше үштігі біраз істі қарап, көтеріліске қатысқан 32 адамды ату жазасына кесті. Үкім жедел орындалды. 1930 жылдың 1 маусымына дейін 27 адам әртүрлі мерзімге концлагерьге айдалды, тағы 25 адам 3 жылға жер аударылды» деген сөздерге қарап-ақ, бұл қарсылықтың ауқымын аңғара аласыз.

Қазақ журналистикасының бүгінгі ірі өкілдерінің бірі Ғабит Мүсірептің (Іскендерұлы) шығармашылығындағы бас-ты бағыт азаттық жолындағы, азаматтық жолындағы жанкештілік болатынының бір сыры осында – бала күннен санасына сыйдыра, сүйегіне сіңдіре өскен тектілікте жатыр. Ұлт баспасөзінде Желтоқсан ­жайында жеріне жеткізе жазғандардың ­кеуде тұсында Ғабит те тұратыны сондықтан. 2024 жылы шыққан «Тоғызыншы территория» атты кітабының тұтас бір тарауы осы тақырыпқа арналған. Ондағы «Желтоқсан жылнамасы», «Қыршыннан қиылған ғұмырлар», «Ұлтшыл» ұстаз», «Он бес күндік оқиға», «Қалтарыста қалған қаһармандар», «Дара тұрар даталар», «Жайыма қалдырыңыздаршы мені...», «Желтоқсан жастары экстремист пе?» деген мақалалардың әрқайсысы бір-бір зерттеудің жүгін арқалап тұр.

Өзінің сөзімен айтсақ, қиыр Қызыл­құм­ның қойнауындағы ауылды қазақ руханиятының бір бөлшегі санатында ұлт мәдениетінің тамырына қан жүгіртіп жатыр десе, сол кезде сенбес те еді, сөйтсе, Алаш баласы дүниенің қай түкпірінде жүрсе де ана тілін ардақтап, баба дәстүрін ұлықтап, халық қазынасын қадір тұту арқылы ұлтының рухани байлығын еселеуге үлесін қоса алады екен. Қарақалпақстандағы қазақ­тар өткен ғасырдың сексенінші жыл­дарында, басқасын былай қойғанда, «Қазақстан пионері» газетінің 20 мыңға жуық данасын жаздырған көрінеді... Бала Ғабит те газеттің әр санын тосып жүретін. Содан, тағы да кейіпкеріміздің сөзімен айтсақ, мәдениеттің де, өркениеттің де, бар жақсының көкесі тым алыста, атажұртта, ерекше бір лепеспен ауызға алатын Алматыда сияқты болатын да тұратын.

Алатау аясындағы арман қалаға да жет­ті. Аңсаған университетіне де түсті. Сол жылдарда біресе ана газеттен, біресе мына газеттен «Ғабит Мүсірепов, КазГУ-дің сту­денті» деп қол қойылған мақалаларды кө­зіміз шалып қалатын. Осындай да сәй­кес­тік болады екен-ау деп таңданып қоятынбыз.

Журналистика факультетін бітіретін жылында «Егемен Қазақстанға» жұмысқа қабылданды. Мұның өзі талабымен тас жарудың арқасы екенін айтудың өзі артық. Оған қоса алғашқы курстардан-ақ назарында ұстап, өзгеше өбектеп өсірген қайран Ерекеңнің – Ержұман Смайылдың ағалық қамқорлығы тағы бар.

Ғабит Мүсірептің әу бастан көп қаузаған тақырыбының бірі – қан майдандағы ерлікті елге жеткізген қаламгерлер еңбегі. Орын үнемдеу үшін бір сөйлемге сыйғызатын болсақ: берілмеген Брест бекінісі туралы тамаша кітабымен Ленин сыйлығын алған Сергей Смирнов, ұшағы ағаштардың ұшар басына келіп соғылып, 18 тәулік бойы аш-жалаңаш, үсік шалған қалпында партизан балалары тауып алғанға дейін жер бауырлап жылжыған да отырған, тізеден кесілген протез аяқтарымен қайтадан штурвалға қонып, жауды жайратуын жалғастырған аңыз адам Алексей Маресьев жайындағы кітабы әлем халықтарының 52 тілінде 229 рет басылып, жалпы таралымы 36 миллионнан асқан Борис Полевой, Рақымжан Қошқарбаевтың ерен ерлігін жазуды Кәкімжан Қазыбаевқа: «Журналиспін дейсің! Дипломым бар деп мақтанасың. Журналиске, ең алдымен, сезгір жүрек, көреген көз керек. Соғыс біткелі бері он үш жыл өтті, Рақымжандай тарихи адамды күні бүгінге дейін көрмей жүрген неғылған журналиссіңдер!.. Рақымжан Жеңіс ­жалауын желбіретіп, Рейхстагқа ту тіккен батыр. Осыдан артық сендерге – журналистерге атаңның басы керек пе?!» деп буырқанып, бұрсанып тапсырма беретін Бауыржан Момышұлы, әу баста Баукеңмен журнал материалы үшін сұхбаттасуға барып, аяғын нағыз халықтық роман-диалогке ұластыратын Әзілхан Нұршайықов, Кәкімжан Қазыбаевтай ұстазының аманатын атқарып, «Әділеттілік қалпына келсін десек, ел екенімізді білдіргіміз келсе, Рахаң туралы 60–70-жылдардағы қоғамдық пікір негізінде бір дүмпіп басылған ұмтылысты тағы бір қайталап көрсек қайтеді? Сөйтейік, жарандар! Пікір білдірейік. Ұсыныс айтайық. Халық ала алмай келе жатқан қамалға тағы бір рет шабуыл жасап көрейік. Нәтижесі болып қалар...» деп бастап, өзі осы тақырыпқа бірнеше мақала арнайтын, ақыры батырға «Қазақстанның халық қаһарманы» атағы берілуіне шешуші үлес қосатын Жанболат Аупбаев...

Жалпы, Ғабит Мүсіреп портреттік очерктерінде қаламгерлердің тұтас бір га­лереясын жасап шықты деудің артығы жоқ. Төлеген Айбергенов, Өмірзақ Қожамұра­тов, Нұрмахан Оразбек, Сағат Әшім­баев, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Ержұман Смайыл, Артығали Ыбыраев, Жұматай Сабыржанұлы, Амантай Шәріп, Шархан Қазы­ғұл, Самат Мұса, Серікқали Мұқаш, Ерма­хан Шайхы, Меңдібай Әбілұлы... Бір ма­қаласын сөз етумен тоқтайық. Ол – «Нұраға».

«Бұл – төңкеріс!» деп жазды ол Мәс­кеу­де­гі тамыз бүлігі туралы... ГКЧП-ға, бәлкім, осындай бағаны батыс баспасөзі берсе берген шығар, ал кеңестік кеңістіктегі бірде-бір басылым дер кезінде ашық айта алған жоқ. Мәскеуден әлдеқайда шалғайда, кен­ші­лер қаласы Қарағандыдағы облыстық газеттің бас редакторы Нұрмахан Оразбек мәселенің мәнісін бір қайырды». Нөмірге жазған мақаласының аяғына: «Соңғы айтарым, бұл асығыс жазба – қайғылы хабардан туған алғашқы әсер, жеке пікірім. Ертең төтенше жағдай деген желеумен қаратүнек күндер туа қалса, редакция коллективінің басқа бірде-бір мүшесін айыптамауды сұраймын» деп қосып қойғанына не дерсіз! Ерлік, нағыз ерлік дейсіз де қоясыз. Сол ерлікті бүкіл КСРО-да жасаған жалғыз журналист қазақ болғанына мақтанасыз. Журналист мамандығы үшін мерейленесіз.

Кейіпкер портретін жасаудың әдемі бір үлгісі – «Княгинин». Сонау сын сағатта сепаратистік пиғылдағы саясаткерлерге сойқан тойтарыс беріп, халықтың алғысын арқалаған азамат Александр Княгининнің ақиқат үшін арпалысын айқара ашады да тастайды. Немесе «Тоқтарды» оқыңыз. Көбіміз Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа алғаш ұшқан қазақ екенін айтумен қайырылып қала береміз. Ал Ғабит алдымен оның ғарышқа көтерілгенге дейін-ақ Кеңес Одағының Батыры атануының сырына үңіледі. Жазғаны ақпараттық байлығымен, дерек дәлдігімен ерекшеленіп тұр: «Тоқтардың ерлігі туралы ең әуелі туған халқы емес, мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ жұрты хабардар болды. Құпия саналатын ақпаратты америкалықтардың қандай амалмен қолға түсіргені өз алдына бөлек әңгіме. Алайда тоталитарлық жүйе ішкі дүниесін қымтай ұстап, сыртқа шашау шығармай тұмшалаған тұста, 80-жылдары АҚШ-та басылатын «Air world» («Авиация әлемі») атты беделді журналда әлемнің ең үздік деген он сынақшы-ұшқышының тізімі жарияланған. Сол ондықтың ішінде Тоқтар Әубәкіров есімі де болды». Әлемдегі ондықта!.. Өйткені Тоқтар Микоян атындағы тәжірибе-конструкторлық бюросының ұшақтың

50-ге жуық түрін меңгерген белді сынақшысы, КСРО-да бірінші болып Солтүстік полюске жанармайды әуеде құйдырып ұшқан, палуба авиациясын бастап беріп, дыбыстан ұшқыр ұшақты әскери кемеге қондырған, МиГ-29К-ні «Тбилиси» крейсерінен көкке көтерген, кәсіби ортада есімі Валерий Чкаловпен, Александр Федотовпен, Виктор Пугачевпен қатар аталатын сынақшы-ұшқыш! Ғарышқа аттанудың мәселесі қалай шешілгенін Тоқтар өз аузымен былай айтып өтеді: « – Ертеңіне Нұрекең қабылдады да, намысымды жаныды. Қатты айтты. «Сен ұшуың керек. Бұл – қазақ халқының 30 жыл бойғы арманы. Отыз жыл бойы қазақтың Байқоңырынан кімдер ұшпады?! Қазақтан басқаның бәрі ұшты. Елдің намысы – бәрімізге ортақ», – деп, елдік мұратты көздеген талабын қойды. Мен қарсылық танытып едім: «Жарайды, ұшпай-ақ қой. Маған да керек емес!» – деген сөзі өтіп кетті де, мен келісімімді бердім. Сөйтіп, Нұрекеңнің намысымды қамшылауымен бір-ақ күнде ғарышкер болып шыға келдім».

Ғабит қаламы тосын толғамға толы.

«Халықтар достығы деген сөз үлкен мәнге ие болғанымен, әсіреқызылдау боп сезіледі. Өйткені халықтардың, мемлекеттердің басты ұстанымы достық емес, мүдде болатын сияқты». Келіспеске шараңыз қалмайды. «Тағдыр жақындығы мүдде жақындығын туғызады. Мүдде жақындығы жоқ жерде тіл, қан, дін, үрдіс, нәсіл жақындығы ештеңе бітірмейді... Адам мен адамды, халық пен халықты, мемлекет пен мемлекетті жалғастырар ең берік дәнекер – мүдде жақындығы ғана», дейді абыз Әбіш.

«Жиі қайталана берген дүниенің қадірі кететіні бар емес пе? Сол сияқты біз де орынсыз жерге тықпалай беру арқылы «егемендік» пен «тәуелсіздік» атауының да беделін түсіре бастаған сияқтымыз». Бұл мақаласының жарияланғанына дәл 20 жыл толыпты. Біз осыдан ширек ғасыр бұрын-ақ, нақты айтқанда, 2001 жылғы 22 наурызда, «Егемен Қазақстанда» жарияланған «1991» атты мақаламызда бұл жөнінде былай деп жазғанбыз: «Жалпы, тәуелсіз емес мемлекет болмайтыны өзінен-өзі түсінікті. Тәуелсіздік – мемлекет атаулының болмыс-бітімінен, өзіндік табиғатынан заңды түрде туындайтын ұғым. «Егеменбіз», «тәуелсізбіз» дей беру мемлекет құрылғандағы елең-алаң шаққа көбірек жарасады. Келе-келе мұның өзі бойға сіңіп кеткені керек». Газет бетінде тәуелсіздік идеясын көп айтқанда, көп жазғанда оқырманның, көрерменнің, тыңдаушының бойына, ойына еркін елміз, дербес мемлекетпіз деген ұғымның сәт сайын, сағат сайын ұялай беруін көздедік. Кезінде бұл идеологема өзін-өзі ақтады. Нақты нәтижесін берді. Енді жаңа идеологемалар санада орнығуға тиіс. Ғабит ойы осыған шақырады. Өйткені «осы екі сөзді сөз қолданысында жиі пайдалану өзінің мемлекеттілігін әлі күнге мойындата алмай келе жатқан босаң елдің тірлігіне саяды».

Интерпретация жағынан да Ғабит ешкімге дес бере қоймайды. 2022 жылы жазылған «Құтты қоғам қандай болуы керек?» атты мақаласы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еңсеру» кітабының соңындағы түйінді – Махатма Ганди атап кеткен «жеті әлеуметтік күнәні» пайымдауға арналған. Публицист принципсіз саясаттың, еңбексіз байлықтың, ар-ұятты жоғалтып рахатқа батудың, ақиқатсыз білімнің, имандылықсыз сауданың, ізгіліксіз ғылымның, Құдайға құрбандықсыз құлшылық етудің қатпар-қатпарын қопара сөз етеді. Әуелде 2009 жылғы кітапта келтірілген осы жеті күнә жайындағы сөздің Қаңтардан кейін тіпті көкейкесті бола түскенін тайға таңба басқандай етіп түсіндіреді.

Бұрын негізінен мақалалары арқылы ғана, сырттай білетін Ғабитті «Егемен Қазақстанға» қайта келген тұстан жақынырақ тани бастадым. Бір тапсырманы тез арада тап-тұйнақтай еткені әлі есімде. 2002 жылы Әбіш Кекілбайұлымен Түркияға сапарлап қайттық. Әбекең «Түркі дүниесіне қызмет» халықаралық сыйлығын алған еді сонда. Бас-аяғы бір аптадай жүргенбіз. Елге оралысымен шаруадан шаруа шығып, жолсапар созылып бара жатты. Басқаша пішін іздеп, сұхбат жасауды ұсындым. Әбіш аға келісті. Таңертең үйіне барып, әңгімемізді диктофонға жазып алып қайттым. Енді оны нөмірге салу туралы ой келді. Бас редактор Ержұман Смайылға «Осыны кім қағазға тез түсіріп бере алады?» дегенімде Ерекең Ғабитті атады. Редакцияда тілші, аға тілші, шолушы, бөлім меңгерушісі сияқты сатылардың бәрінен өтіп ысылған, оның үстіне саясатқа жетік Ғабит диктофондағы сөзді тыңдап, терушіге диктовка жасап отырып, жұмысты тез тындырды. Бұл айтуға ғана оңай. Қазіргідей қалтафонға қарап, әр он бес секундқа не алға, не артқа жылжытып тыңдай беретін кез емес, кассеталы диктофонды сөйлем сайын әрі-бері айналдырып жатқаның. Сонымен мәтін қолға тиді. Енді редакциялауға кірісетін шығармын деп ойлағанмын, қанша айтқанмен ауызекі сөздің аты ауызекі сөз ғой. Жоқ, Ғабит айтылғанның дәлжазбасын жасамапты, кәдімгі сұхбат мәтінінің газеттік нұсқасын дайындапты. Кей ойларды сығымдап жеткізген, тақырыптан ауыңқырап тұрған тұстарды алып тастаған. Үстінен бір жүріп өтіп, азын-аулақ түзетуді тез енгізіп, үйіне алып барып, оқытқанымда Әбіш ағаның жұмысымыздың жедеғабылдығына бір таңданғаны, таспадан түсірген журналистің шалымдылығына екі таңданғаны әлі есте. «Жігітің жіптіктей етіпті. Қысқартулары қандай қонымды! Атын қалай дәл қойған!» деп те сүйсінген еді. «Өзіңіздің сөзіңіз ғой» десем, Әбекең «Сөздің ішіндегі дәнін тапқанын айтсайшы» дейді. Тақырып «Адамның күні адаммен» деп қойылған еді. Сұхбат нөмірге (2002, 6 сәуір) салынды. Соңына «Таспадан түсірген Ғабит Мүсіреп» деп жазылды. Осыдан кейін Ғабитке сенімім арта берді. Талай-талай талмаулы тақырыпты тамаша толғап тастайтын. Әлі есімде, апталық жиналыста (журналистік жаргонда «летучка» дейді) елімізде жат діни ағымдардың бетімен кетіп, еркінсіп бара жатқаны жайында әңгіме өрбіген еді. Апта аралатпай, Ғабит сол жөнінде қаны сорғалаған мақаласын ұсынды. Аты – «Діни «плацдарм». Елді елең еткізді. «Рухыңды түсірме, ұлым!» (2010), «Тарихты тұлғалар жасайды» (2012), «Тоғызыншы территория» (2024) атты кітаптарында осындай проблемалық толғамдары, осып түсетін сын мақалалары баршылық. Қай басылымның да бәсін арттыратын дүниелер.

Журналист шеберлігіне сынақтың бірі – тақырып қою. Бұл жағынан да Ғабит шаппайбер: «Желтоқсан. Жаңаөзен. Жанайқай», «Үкімет Үсенді неге ұнатпай­ды?», «Парасаттың» парқы кетіп, «Құрмет­тің» қадірі қашқан жоқ па?», «Мәладес, Миттал, Машкевич!», «Мен украин болғым келеді...», «Төріңе шығарсаң да, төбеңе шығарма!», «Бұрынғының бәрі батыр, бәрі шешен...», «Жат жұртта жерленген жампоздар», «Құр тоқпақ», «Я-ма-аай-к-каа!»...

 Бұл Ғабиттің бізді ренжіткен кезі де болған... Еңбегін бағалап, бас редак­тор­дың орынбасары қызметіне жоғары­лат­қа­нымызға көп өтпей жатып, бір күні кабинетке келіп тұр. Жұмыстан босатуды сұрайды. Енді ашылатын «Нұр-Астана» апталығына бас редактордың орынбасары қызметіне шақырыпты. Әлі он екіде бір нұсқасы жоқ басылым. Қалай қалыптасады? Кім білсін. Қолдамадым. Жақсы журналисін кім жібергісі келеді? Баратын қызметі бас редакторлық болса бірсәрі. «Замнан» «самға» өссеңіз бір жөн, бас газеттің «замынан» басқа газеттің «замына» ауысатындай не қажеттілік туды?» деп те айттым. Көн­беді. Тың іс бастап, өзін сынап көргісі келе­тіндей. Ақыры ауысты. Айтқанынан айнымайтын жанкештілік – Ғабиттің бір ғибраты.

Жаңа басылымда да өзін таныта алды. Шып-шымыр, жұп-жұмыр публицис­ти­ка­лық мақалалары жиі жарияланып тұрды. Бірақ бір өткір сыннан кейін... Оны енді өзі айтсын: «Таяқтың ұшы бас редакторға тиді. Ұмыттырыңқырап барып керенау кеңседегілер бас редакторды «өз еркімен қызметінен кетуге» мәжбүрледі. Кетті де. Жалғыз өзі емес, ұжыммен бірге. Тоғыз адам түгел кетті. Қазақ журналистикасының тарихындағы бірегей оқиға». Кейіннен «Айқара» деген аты да, заты да бөлек жаңа апталық шығарылып, Шарханмен бірге тағы сонда ауысты Ғабит. Әттең, ол басылым нарық қыспағына шыдамай, жарты жылда жабылып тынды. Енді не істейді? «Егеменге» қайта келуге сұранғанында баяғы әңгімені есіне салғаным да, шолушылық жұмысқа қабылдағаннан кейін ұжымның жиналысында «Адасқан ұлдың оралуы» деп әзілдегенім де рас.

29 мамырда «Қазақ әдебиетінде» жария­лаған «Қалам сиясындағы қасиет» атты мақаласында Шархан Қазығұл сол кезді «Тағы да жақсының қадірін жақсы білетініне көзім жетті. Артынан ерген талантты іні­леріне қашанда демеу болып жүретін Сауыт­бек Абдрахманов ағам кеңдік танытты. Кезінде газетті «тастап» кеткен Ғабитті қайта «Егеменге» алды. Көп ұзамай Ғабит бас редактордың орынбасары болып тағайын­далды» деп жазыпты. Басқадай қалай жазсын енді? Қара шаңыраққа орал­ған соң Ғабит қайтадан атқа қонды. Көсіле шапты. Қазақстан Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты атанды, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын иеленді. Қызметі де қалпына келді: кезіндегі сөзбен айтсам, біраз уақыт «зам» болды, 2021 жылдан бері «сам» – «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы. Құрамына жеті бірдей газет, бес бірдей журнал кіретін «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, жақында өзі де алпыстың асуы-нан асқалы тұрған «Барыс» орденді бауырымыз, академик Дихан Қамзабекұлының бас басылымдағы оң қолы.

Ғабиттің газеттің бас редакторы ретіндегі қызметіне ауыссақ, әңгіме ұзаққа кетіп қалады... Сондықтан оның редакторлық қолтаңбасына бір мысал келтірумен тоқтайын. Таяуда осы газетте Президенттің оқу мәдениетін арттыру және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі Жарлығына үн қосқан мақала жариялаған едім. «Кел, ағайын, оқылық!» деп аталады. Жақын досым оқи сала SMS жазыпты, «Тақырыпты да Ыбырай атамыздың ізімен мейлінше тауып қойыпсың!» депті арасында. «Жоқ, ол менің еңбегім емес. Өзім атын «Оқымаса ой тоқырайды» деп қойған едім. Түнде Ғабит өзгертуді ұсынды...» дегенімде айызы қанды. «Редактор осындай болуы керек қой. Мықты екен» дейді. Бұл да Ғабиттің бір ғибраты.

Жоқ, Шархан әсіре әспеттемеген. Ғабит расында да мықты. Сол мықты бүгін алпыстың асқарына шықты.

Сөзі уақытты, өзі бақытты болсын.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ

Соңғы жаңалықтар

Болған ана шапаны

Руханият • Бүгін, 09:47

Жастар жиі оқитын кітаптар

Қоғам • Бүгін, 09:44

Әлемдік додада топ жарды

Технология • Бүгін, 08:50

Пайдасы көл-көсір көмір күлі

Аймақтар • Бүгін, 08:49

Ғабит ғибраты

Руханият • Бүгін, 08:45