Аймақтар • Бүгін, 08:49

Пайдасы көл-көсір көмір күлі

4 мин
оқу үшін

Павлодардағы арнайы экономикалық аймақта табысты жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның бірі – «KazCenospheres» ЖШС. Халықаралық «Kusto Group» инвестициялық тобының қатысуымен іске асырылған зауыт алюмосиликатты микросфераны, яғни жеңіл күл түйіршіктерін дайындап, шетелге экспорттап отыр.

Пайдасы көл-көсір көмір күлі

Микросфера – диаметрі жүздеген микрометр болатын шар тәрізді элемент. Елімізде өткен ғасырдың 90-жылдарынан құрылыс пен мұнай-газ саласында танымал бола бастаған. Цемент, бетон, жылу оқшаулағыш материалдар мен құрғақ қоспалардың салмағын жеңілдетіп, беріктігін арттыруға қосылады. Олар ультракүлгін және инфрақызыл сәулелерді қайтара алады. Мұнай-газ өнеркәсібінде ұңғымаларды бұрғылау кезінде қолданылатын ерітінділердің тығыздығын азайту үшін қажет. Ол тіпті медицина мен әскери өндірісте, автокөлік жасау саласында да пайдаланылады. Сыртынан қарағанда жай ғана ұсақ, ақшыл түсті сырғымалы ұнтақ сияқты көрінгенімен, іші газға толы бос камералардан тұратын түйіршіктер.

– Біздің шикізатымыз – жергілікті жылу-электр стансаларында қолданылатын кәдімгі көмірдің күлі. ЖЭО-лардың күл резервуарларына толтырылған суда ауыр элементтер түбіне шөгеді де жеңілдері бетіне қалқып шығады. Микросфера дегеніміз – сол жеңіл фракциялар. Оны сүзіп жинап, зауытқа өткізеді. Өте жеңіл элемент болғандықтан түйіршіктердің көлемі де өте ұсақ келеді. Онсыз да оттан шыққан материал отқа өте төзімді. Сондықтан оны отқа төзімді бояу өндірісінде көп пайдаланады. Сылаққа арналған қоспалар өндірісінде де танымал. Шикізат қазіргі уақытта Ақсу жылу-электр стансасы мен Екібастұздағы қос ГРЭС-тен алынып отыр, – деп атап өтті зауыттың директоры Асфендияр Кенжебаев.

Әлемге танымал ірі мұнай-сервистік «Шлюмберже» компаниясы мен америкалық трансұлттық мұнай-сервистік «Halliburton» компаниясы – павлодарлық зауыттың тұрақты тұтынушылары. Олар өз ұңғымаларын бекіту кезінде қоспаларды жеңілдету үшін пайдаланып отыр. Жылына 12 мың тонна микросфера шығаратын кәсіпорынның өнімдері негізінен шетелге, атап айтқанда, Біріккен Араб Әмірліктері мен АҚШ, Панама елдеріне, Еуропаға жол тартады. Өнімнің 98 пайызын солар алса, қалған бөлігін отандық кәсіпорындар тұтынып келеді.

«Зауытымыз заманға сай технология­мен жабдықталған. Қолмен көп жұмыс атқарылмайды. Жұмыскерлерімізден жоғары білім талап етпейміз. Бастысы, еңбекке деген ынтасы болса болғаны. Қазіргі уақытта 35 адам жұмыс істейді, орташа еңбекақы мөлшері 350 мың теңге. Біздің өндіріс қалдықсыз жұмыс істейді. Микросфераға ешқандай қоспа қоспаймыз, себебі тұтынушыларымыз оның таза болуын талап етеді. Тек жинап, құрғату, тазалау процестерінен өткіземіз және ең соңғысы өзіміздің ноу-хоу технологиямыз бо­йынша сұрыптаймыз. Кәсіпорын 2023 жылдан ашылғалы бері өңір экономикасына 2,3 млрд теңге инвестиция салды» деп қосты өндіріс басшысы.

Асфендияр – Назарбаев университетінің түлегі, бірнеше тілді меңгерген маман. 2017 жылдан бері Степногор, Хромтау қалаларындағы өндірістерде, кейінгі жеті жыл Жітіқарадағы тау-кен байыту комбинатында еңбек еткен. Айтуынша, микросфера өндірісінің болашағы зор. Оның аса пайдалы элемент екенін түсіне бастаған құрылыс материалдарының өндірушілері бұл элементке ден қоюда. Егер келешекте сұраныс артатын болса, кәсіпорын өзінің өндірістік көрсеткіштерін еселеуге бейіл. Ол үшін әлеует те, ресурс та жеткілікті. Зауыт Еуропа мен Азияның жаңа нарықтарына шығуды жоспарлап отыр. Бұл үшін халықаралық сертификаттау кезеңдерінен өтіп жатыр.

Павлодар облысы

Соңғы жаңалықтар

Болған ана шапаны

Руханият • Бүгін, 09:47

Жастар жиі оқитын кітаптар

Қоғам • Бүгін, 09:44

Әлемдік додада топ жарды

Технология • Бүгін, 08:50

Пайдасы көл-көсір көмір күлі

Аймақтар • Бүгін, 08:49