Қызылағаштағы тасқынның салдарынан зардап шеккен елді мекендердің қатарында Егінсу да бар. Қызылағаштықтардың мұқтаждықтарына байланысты құрылыс қарқынды басталып, бүгінде тұрғындар баспаналы болып, жұмыс нәтиже бере бастады. Енді егінсулықтардың жағдайын жіті бақылаған облыс әкімі Серік Үмбетов Егінсу ауылында болып, елді мекендегі қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.
Бұған дейін мұнда Қазақ құрылыс және архитектура, сейсмология ғылыми зерттеу институтының мамандары тасқын салдарынан зардап шеккен тұрғын үйлердің бүгінгі жағдайын зерттеп, нақты қорытынды шығарыпты. Ауылдағы 75 үй осындай тексеруден өтіп, қорытынды бойынша 21 үй бұзылуға және жаңадан салынуға жататындығы, ал 54 үй күрделі жөндеуді қажет ететіндігі атап көрсетілген. Осыған байланысты мұндағы құрылыс жұмыстары қалыпты жүргізілуде деуге болады.
Қазіргі кезде ауылдағы 12 үйдің шатыры жабылып, 14 үйдің қабырғасы қаланған. Құрылысы аяқталуға жақын алғашқы 3 үй 15 мамырда пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл үйлердің ішкі әрлеу және аулаларын абаттандыру жұмыстары қалыпты. Ал қалған үйлердің құрылысын жедел жүргізіп, шілденің біріне дейін беру белгіленген. Оған 7 мердігер компания тартылса, оларда 400-ге жуық құрылысшы жұмыс істеуде.
Ауылдағы зардап щеккен нысандардың қатарында 640 орындық мектеп пен бала бақша да бар. Мұнда да күрделі жөндеу жұмыстары етек алыпты. Сондай-ак фельдшерлік-амбулаториялық қосын мен малдәрігерлік емдеу орнының ғимараттары да жаңадан бой көтеруде. Жас ұрпаққа сапалы білім беретін мектептегі қолға алынған құрылыс жұмыстарын аралаған облыс әкімі мұндағы атқарылған жұмыстарға бағасын беріп, құрылыстың мейлінше сапалы атқарылуын талап етті. Сонымен қатар ол білім шаңырағын оқушы партасынан бастап, компьютер мен барлық оқу үдерісіне қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді тапсырды.
Облыс әкімі тұрғындармен кездесіп, олардың сауалдарына жауап қайтарды. Олардың қатарында баспаналарын жаңадан салуды өтінгендер де бар. Оған байланысты облыс басшысы Қазақ құрылыс және архитектура, сейсмология ғылыми зерттеу институтының мамандары жүргізген жұмыс қорытындысы басшылыққа алынатынын түсіндірді.
Халық бастарына түскен ауыртпалықты бірге бөліскен барша жұртшылыққа ризашылықтарын да айтты. Әсіресе, апаттың алдын алуда Мемлекет басшысы жедел шешім қабылдап, Үкіметтен қаржы бөлдіріп, жұмысты жіті қадағалағанына алғыстарын білдірді. Біз мұндай қиындықты өз күшімізбен көтере алмайтын едік. Мынадай күрделі жөндеу жұмыстарын жасай алмайтынымыз анық. Мемлекеттің көмегінің арқасында үйлеріміз тасқынға дейінгі қалпынан әлдеқайда жақсарды. Ауыл жаңа кейіпке еніп, сәулеттене түсетін болды, деді тұрғындар бізбен әңгімесінде.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.