Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Әуелі, тереңнен толғап сөйлесек, 12 жылға негізделіп, бес мүшелге үйлестірілген жыл санау есебі, зерттеушілер пікірінше, б.з.б. ІІ ғасырда Тун тауын мекендеген ғұн тайпаларынан бастау алған дейді. Бұған дәлел – осы өңірде жартасқа қашап салынған петроглиф түрінде 12 жылдың мүсін-бейнесі сақталған. Бұл жәдігерді тауып, ғылыми айналымға енгізген әйгілі қытай археологы Гай Шаньлин: «Тастағы жыл атаулары мен мүшелдік таңбалар осы өлкеде екі мың жыл бұрын өмір сүрген халықтың туындысы» депті («Қазақша мүшелдік жыл санау», «Өрнек» баспасы. Нұр-Сұлтан, 2000 жыл. – 12 б).
Ал көне түркілік танымда бір ғасыр 60 жылға тән. Мұны «жарын» деп атайды. Осы мерзімде 12 жыл атауы бес дүркін қайталанатындықтан, қателесіп кетпес үшін оларға бес түрлі түс және бес түрлі материалдық зат атау берген. Мысалы, ақ, сары, қызыл, қара, көк дейтін бес түрлі түске: темір, ағаш, топырақ, от, су сияқты материалдық атаулар қоса қолданылады. Бұлар жарын есебін жүргізгенде жаңылыспау үшін қажет дүниелер екені анық.
Жоғарыда айтқан жарын есебі қазақ халқының байырғы жыл қайыру есебінде болған. Мысалы, Ахат Шәкерімұлының 1992 жылы «Жұлдыз» журналының 11-нші санында жарияланған «Менің әкем, халық ұлы – Шәкерім» атты көлемді естелігінде: – Бір күні әкейден «Қазақ бұрын қандай дінде болған?», деп сұрадым. Әкей: «Қазақ атанғаны – Ноғайлыдан бөлінген соң мұсылман болғаны. Оған дейін – ескі түркінің мәужуси діндері болған. Ескі түріктер құдай жаратқан заттардың ең қасиеттісі – бес нәрсе деп білген. Олар: от, топырақ, су, темір, өсімдік (ағаш)... Және осы нәрсені 12 жылдың атына қосып, 60 жылдық ұлы мүшел еткені де сондықтан еді» деп айтқан сөзін келтіреді.
Сол сияқты, ескі әбжат есебінің білгірі Ақжан Машанидың еңбектерінде де 60 жылдық мүшел есебі айтылыпты. Ғұлама ғалым мүшел дегеніміз – уақыт өлшемі, осы арқылы күннің, айдың, жылдың есебін айырамыз дей отырып, алпыс жылдық мүшелге (жарын есебі) тоқталыпты. Яғни 12 жыл бір мүшел оны бес саусаққа көбейту арқылы 12 х 5 = 60 жыл шығады. Бұл барлық көне Шығыс еліне ортақ дейді. Онымен қоймай мүшел кестесінің алпыс жылдық кестесін беріпті (әл-Машани А.Ж. Әл-Фараби көпірі: мақалалар, – Алматы: «Алатау» баспасы, 2005. – 239-240 бб).
Жарын есебі бойынша биыл – 17-нші жарынның материалдық сипаты су, түсі қара Барыс жылы кіріп жатыр. Этнограф ғалым Мыңбай Ысқақовтың 1980 жылы Алматыда жарық көрген «Халық календары» атты еңбегінде: «Түркі тектес халықтардың барлығының жыл қайыру есебінде «Барыс» атауы бар. Бұл терминді – алтайлықтар (тілеуіттер) – парсы, өзбек пен ұйғыр – барыс, әзербайжандар – парс, түрікмендер – барыс, парсы ағайындар – пелеңгі деп атайды, көне қытай жазбаларында «арыстан» деген атпен белгілі» дейді. Сол сияқты, атақты француз лингвисі һәм эфиоп тілінің маманы Жозеф Галеви (1827 – 1917) «барыс» атауы көне парсы тілінен шыққан депті. Бірақ қазақ ұғымында барыс, жолбарыс сөздері ежелден бір ұғымды білдірсе, соңғы жылдары еліміздің таулы өлкесін мекендейтін жыртқыш жануар шұбар ілбісті «қар барысы» деп әспеттеп жүрміз.
Биылғы Барыс жылының астрологиялық сипаты жайлы отандық астролог Елена Топольская, негізінен Барыс жылы молшылыққа толы болады, сондай-ақ әрқилы толқулар орын алуы мүмкін десе, Шығыс күнтізбесінде: «Барыс жылы туған адамдар шешімді, бір беткей келеді. Әрбір істе тындырымды, уақытты бағамдай алады һәм көзі қарақты, ішкі қуаты мол, бірақ оны сыртқа шығара бермейді, ашуланған кезде қайтуы қиын. Ең бастысы, еркіндік сүйгіш, әріптестік ісіне сенімді» деп жазса, Барыс жылы туған адамда болатын мінез-құлық сипаты жайлы этнограф-зерттеуші Қалбан Ынтыханұлы «Өрнек» баспасынан шыққан «Қазақша мүшелдік жыл санау» атты еңбегінде: «Бұл жыл алабүлікке толы болады, оның ауыртпалығы мен жақсылығы бірдей. Бұл сөзімізге 1986 жылы Алматыда болған Желтоқсан оқиғасы куә» деп жазыпты.
* * *
Қазақ тарихында Барыс жылы туған танымал тұлғалар мен елеулі оқиғалар жетерлік. Тек өткен бір ғасырдың өн бойына назар аударсақ, 1902 – барыс жылы: қазақтан шыққан тұңғыш генерал, Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов, қаһарман қыз Мәншүк Мәметова, қазақ әдебиеті алыптар көшінің тұлғалары – Ғабиден Мұстафин мен Ғабит Мүсірепов, комсомол қайраткері Ғани Мұратбаев т.б. туса, осы жылы атақты түрік жазушысы Назым Хикмет дүние есігін ашқан екен. Сол сияқты, бұл жылы Ахмет Ясауи бабамыздың «Диуани Хикмет» кітабы Ташкентте және қазақ ауыз әдебиетінің көп тараған қиссасы «Қыз Жібек» жыры Қазанда басылыпты.
1914 – Барыс жылы: қазақ әдебиетінің бір өкілі Саттар Ерубаев, театр тарландары Шәкен Айманов, Сәбира Майқанова, Рабиға Есімжанова, Халық әртісі, Сталиндік сыйлықтың иегері Әнуарбек Үмбетбаев, суретші Құлахмет Қожықов т.б. қайраткерлер дүние есігін ашса, осы жылы Дүниежүзілік бірінші соғыс басталса, Семей қаласында Абайдың өмірден өткеніне 10 жыл толуына арналған үлкен кеш ұйымдастырылыпты.
1926 – Барыс жылы: қазақ кинорежиссері Абдолла Қарсақбаев, ақын-сазгер Бәкір Тәжібаев, этнограф-жазушы Ахмет Жүнісов, кесіндемеші Сахи Романов, ғалым-филолог Темірбек Қожакеев, музыкатанушы Хабидолда Тастанов қатарлы ұлт қайраткерлері дүние есігін ашса, еліміз тарихындағы елеулі оқиға – Баку қаласында Бүкілодақтың Бірінші түркологиялық съезі өтіп, оған Қазақстаннан А.Байтұрсынов, Н.Төреқұлов бастаған өкілдер қатысыпты. Сонымен қатар қазақ драма театры тұңғыш рет «Еңлік-Кебек» спектаклін сахналаса, қазақ зиялыларының орасан зор күш жұмсауының арқасында Сырдария облысының Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент уездері, Әулиеата уезінің көп бөлігі, Ташкент, Мырзашөл уездерінің біршама бөлігі, Самарқанд облысы Жизақ уезінің бірнеше болысы, Жетісу облысының Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал уездері, Пішкек уезінің бір бөлігі ҚазАССР-не қарады. Республика аумағы үштен біріндей кеңейіп, 2,7 млн шаршы шақырымға жетті. Ал халқы 1 миллион 468 мың адамға көбейді. ҚазАССР-нің халқының жалпы саны 5 миллион 230 адамға жетті.
1938 – Барыс жылы: танымал балетмейстер Болат Аюханов, жазушы Мәди Хасенов, тарихшы Сәбетқазы Ақатай, Мемлекеттің Тудың авторы Шәкен Ниязбеков, экономист-ғалым Ғани Қалиев, филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбеков, ақын Өтежан Нұрғалив қатарлы тұлғалар өмірге келсе, осы жылы елімізде, алғашқы дыбысты деректі лента-фильмдер: «Арпалыс», «Жау соқпағы» «Жамбыл ата» туындылары түсіріліп, Әулиеата қаласына Жамбыл есімі берілді. Сондай-ақ отандық ғылым үшін маңызды оқиға Алматы қаласында КСРО Ғылым академиясының филиалы ашылды.
1950 және 1962 – Барыс жылдары: 1950 жылы белгілі жазушы Жұмабай Шаштайұлы, сықақшы Көпен Әмірбек, ғалым Намазалы Омашұлы, спорт журналисі Несіп Жүнісбай, ақындар Несіпбек Айтұлы мен Серік Ақсұңқарұлы өмірге келсе, 1962 жылы: тележурналшы Бейбіт Құсанбаев, қоғам қайраткерлері Дархан Мыңбай мен Ерлан Қошанов, ақын Светқали Нұржан, тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлы қатарлы әдебиет, қоғам қайраткерлері туыпты. 1950 жылы елімізде, мұнай өндіру соғысқа дейінгімен салыстырғанда 52 пайызға өсіп, республика көлемінде 1 миллион 493 мың оқушыны қамтитын жалпы білім беретін 9088 мектеп жұмыс істеп тұрды. Ал 1962 жылы желаяқ спортшы Әмин Тұяқов 200 метр қашықтықты 21,1 секундта жүгіріп өтіп, тұңғыш КСРО чемпионы болса, оның ізін жалғап еркін күрестен қазақ балуандары арасынан алғаш рет А.Ғабсаттаров тағы да КСРО чемпионы атанды.
Одан кейінгі Барыс жылдары (1974, 1986, 1998, 2010) орын алған еліміз тарихындағы елеулі оқиғаларға тоқталсақ: 1974 жылы «Қан мен тер» драмасы қойылып, кітап авторы, драма режиссері және басты рөлді орындаушылар КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болса, 1986 жылы – Желтоқсан оқиғасы орын алды. Келесі Барыс – 1998 жылы 6 шілдеде Қазақстан мен Ресей арасында XXI ғасырға бағдарланған Мәңгілік достық пен одақтық туралы декларацияға қол қойылды. Сондай-ақ Барыс – 2010 жылдың ірі оқиғасы – елордада Қазақ хандығының негізін салушы Керей және Жәнібек хандарға ескерткіш ашылып, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында VII Қысқы Азия ойындары басталды. Оған сары құрлықтың 27 мемлекетінен 1000-нан астам спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медальға ие болып, жеңімпаз атанды.