Тарих • 20 Наурыз, 2022

Алтын Орда: 1269-1380 жылдар

2307 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Ұлық ұлыс – Алтын Орда мұрасын зерттеуге Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев ерекше назар аударды. 2019 жылдың 24 тамызында «Ұлытау-2019» Халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзінде ол, Ұлытау – қазақ халқы­ның алтын бесігі екенін атап өтті.

Алтын Орда: 1269-1380 жылдар

Қалың қауым осы киелі өлкеде ел билеген хандарды ақ киізге көтеріп, таққа отырғызған. «Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс. Бұл жұмыстар Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы қажет», деп мә­лімдеді Мемлекет басшысы. Со­ны­мен қатар ол «Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерін­де тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Сондықтан біз Алтын Орда­ның негізін қалаған Жошы ханның есі­мін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет», деп атап өтті.

Қазақстан Президентінің осы нақты да, кең мағыналы сөздері арқылы адам­зат тарихындағы Ұлық Орданың рөлі мен орнына баға берілді. Және де ғалым­дар үшін, жалпы өркениет тарихымен айна­лысатын барлық адам үшін де Еура­зия халықтары мен мемлекеттерінің қалып­тасуында елеулі рөл атқарған осы­нау мемлекеттің тарихына дәлме-дәл және сындарлы қарым-қатынас үшін қолай­лы кезең туып, олардың тарихына кеңінен және риясыз көзқараспен қарау мүмкіндігі ақыры ашылды.

Сонымен өткен кезең мәселелерінің күңгірт беттерін айқындаудың уақыты жетті. Өз заманында Әлихан Бөкей­хан, Санжар Асфендияров, Жаһанша Дос­мұхамедов, Мұхамеджан Тыныш­баев, Сәкен Сейфуллин сияқты еліміздің аса көрнекті қайраткерлері, төл орданың және кейінгі мемлекеттердің маңызы туралы жазған болатын. Өкінішке қарай, олардың барлығы сталиндік қапастарда азапталып, қаза тапты, ал сол кездегі билік олардың еңбектерін жойды немесе естен шығартып, ұмыт қылды.

1970-1980 жылдары Ілияс Есенбер­лин, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев және басқа да отандық зиялы қауым өкілдері осы бір аса маңызды тақырыпқа қоғамның назарын тағы да аударған болатын. Олар көпшілікті тәнті еткен керемет өнер туындыларын жазды.

XIII ғасырдың бірінші жартысындағы Шыңғыс хан империясы мен Жошы ұлысының құрылуы әлем тарихындағы ең көп талқыланатын мәселелердің бірі. Осынау аумағы мен салдары бойынша аса зор мемлекеттің генезисі, өмір сүруі және ыдырауы бойынша кәсіби дайындалған жұмыстар әлі де кемшін. Ұлы мемлекетті құрған халықтар оған этностық емес, саяси және бір жағынан, бір-бірін алмастырған ордаға жансыз саяси атау берді. Шыңғыс хан құрған империяның халқы толығымен моңғол тектес болды деген әбден жауыр болған ұғым бар. Иә, жауынгерлердің біразы моңғол тектес антропологиялық типте болатын. Бірақ мысалы, славян деректерінде «половецтер» деп аталған Қара теңіз қыпшақтары, бұлғар немесе башқұрттар, шығу тегі жағынан сөзсіз, еуропалық нәсілді немесе аралас типте болған. Сондай-ақ осы Ұлы орда – Ұлық ұлыстың құрамына көптеген Кавказ халықтарының өкілдері – қазіргі заманғы қарашай, балқар (малқар), құмық, черкес, абазин, әзербайжандардың ата-бабалары кірді. Әмірлер және тіпті хандардың арасында Черкес, Сары немесе Урус есімді адамдар болған. Ал қазір­гі казактар пір тұтып, қастерлейтін алғаш­қы еуропалық казак «Сары-Озман» деп аталды. Оның шын есімі Сары-Осман (Оспан, Аспан) болуы мүмкін. Ұлық ұлыс – Алтын Орда ұлы әмірлерінің бірі, мысалы Қажы-Черкес деп аталған, бұл оның Солтүстік Кавказ халықтарына жақын екендігін көрсетеді. Соғыс олжаларының тұрақты бір түрі «ай жүзді қыздар» болғаны, ал жаяу әскер құрамында славян, кавказдықтар өкілдері, валахтар мен болгарлар қызмет еткені туралы жазба дереккөздерінде көп айтылған.

Бірақ Темүжін-Шыңғыс хан құрған импе­рияның Түркі қағанатының дәстүр­лері мен тайпаларынан көп нәрсені алғаны сөзсіз. Тұғұрыл хан бастаған Керей ұлысы немесе найман ханы Күш­лік­тің ұлысы сияқты бірқатар хандық­тың­ өмір сүріп, қызмет атқаруы XIII ғасыр­дың басына жатады. Алтайдан Дунайға дейінгі үлкен аумақты Қыпшақ ханды­ғы алып жатты. Олардың барлығы Шың­ғыс хан әскерлерінен жеңіліп немесе оған мойынсынып, жаңа ордаға сіңіп кетті. Міне, осылайша Ұлық ұлыстың бұрын­ғы қауымдастықтардың көптеген дәс­түрін қабылдағаны түсінікті еді. Ал «Орда» термині моңғол дәуіріне дейінгі кезеңде белгілі болған және көптеген мағынаға ие.

Орда жауынгерлері әдетте орта бойлы және атқа мінуге ыңғайлы болып келетін. Біздің тұжырымымыз ұзақ қашықтықта атпен жүрудің және сарбаздардан тек ыстық-суыққа күйіп-піскен шымыр болғанына ғана емес, сонымен қатар денсаулық пен ерекше ептілікті талап ететіндігіне негізделген. Көптеген қытай суреттері мен парсы миниа­тюра­ларында Ұлық ұлыстың билеушілері мен жауынгерлерінің келбеттері жақсы сақталған.

Тағы бір таңғаларлық нәрсе – түркі-моңғолдардың ат төбеліндей аз тобы өздерінің мықыр бойлы аттарымен және аз ғана қару-жарағымен өте қысқа мерзімде қаншама жер мен халықтарды жаулап ала алды?! Сонымен қатар олар бұл кеңістікті жаулап қана қоймай, оларды көптеген жыл бойына өздерінің заңдары мен бұйрықтарына бағындырып ұстай білген. Осы ретте біз көне ұлыстың кейбір заңдары төңірегінде бірқатар мәселеге тоқтала өткенді жөн көрдік.

* * *

Айталық, ханды ұлықтаудан кейін ақ киіз жыртылып, жиылған жұрт оны ырымдап, үлестіріп бөліп алады. Ежелгі наным бойынша, киіздің әр бөлігі сәттілік пен армандардың орындалуының табиғи нышанына айналған. Қазақтар бұл рәсімді «Ханталапай» деп атаған. Шильтбергерге сілтеме жасаған Т.И. Тұрсынов хан «ақ киізге отырып, үш рет көтерілгенін» айтады. Содан кейін олар оны шатырдың ішінде алып жүреді де (үлкен киіз үй – Б.А.), таққа отырғызады және оған алтын қылыш береді; осыдан кейін ол әдет-ғұрып бойынша ант беруі керек. Рәсім аяқталғаннан кейін бірнеше күн бойы ұлттық мереке жарияланады.

Көне заманнан жеткен осы салт қазақтар арасында ұзақ уақыт сақталды. Мәселен, ХІХ ғасырдың 40-жылдары билеуші болып сайланған Кенесары хан осы рәсім бойынша таққа отырды.

Ұлық ұлыс хандары көптеген ғасыр­лар бойы жоғарғы әкімшілік билікті атқар­ды. Әдетте, олар сондай-ақ жоғары әске­ри күшке ие болды. Сонымен бірге хандардың жанында соғыс пен жорық­тарды жоспарлайтын көптеген қандас ханзадалары мен беклербектері болған.

Жалпы, Ұлық ұлыстағы ханның өкімі өте кең болды, алайда рақымсыз озбыр түрде емес еді. Кейбір жағдайда оның билігі билер мен асылтекті әмірлермен шек­телді. Ал мысалы, Ирандағы, Мәуе­рен­нахрдағы билік қатал қысым негізде жүргізілді, ондағы билеушілер өз қол­дарына әкімшілік, әскери және тіпті соттың міндетті атқарымдық қызмет­терін де шоғырландырды.

Ұлық ұлыстың көлемі де өте зор, үлкен еді. Мемлекет аумағына қатысты сұрақтарға араб (әл-Омари), парсы (Жувейни) және орыс тілдерінен, соның ішінде кеңес авторларынан да дәлел келтірілген. Жалпы алғанда, осы тақырыпта жазатын авторлардың ара­сында сәйкессіздіктер жоқ. Олар­дың барлығына Ұлық ұлыстың келесі аумақ­тары кіреді: Хорезм және Мәуерен­нахр­дың барлық аумағы, Сығанақ, Сай­рам және Дешті Қыпшақ, Қажы-Тар­хан, Қазан және бүкіл Еділ аймағы, Қы­рым мен Солтүстік Кавказ, Баку және Әзер­бай­жан­ның солтүстік бөлігі, Сібір мен Ал­тай, башқұрттардың жері. Э.Хара-Да­ван мәліметінше, Ресейдің Ұлық ұлыс­тың құрамына кіретін жерлерінен басқа, тіпті Сербия мен Болгарияның бір бөлігі де енеді.

Ресей князьдіктері мен Молдова, Киев және Кавказ аймақтарының жерлері бөлекше мәртебеге ие болды. Салықтарды (ясак) Генуя саудагерлері, ішінара тіпті поляктар да төледі.

Бату, Берке және олардың ұрпақтары ашық шайқастарда жеңіске жетіп, Ита­лия, Германия, Венгрия және Ауст­рия шекараларына жетті. XIII-XIV ғасыр­ларда әлемде Ұлық ұлыстың жылжымалы армиясына қарсы тұра алатын әлемде күш болған жоқ.

Бүкіл Таяу Шығыс – Иран, Күрді­с­тан, араб әлемі Шағатай мен Төле ұр­пақтарына бағынды. Құбылай Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің біраз жерін жаулап алды.

Бату хан тұсында «Ұлы Жасақ» орын­далуға міндеттелді, ал оның қағи­да­ларын бұзғандар өлім жазасына кесіл­ді. Өзбек хан кезінде «Жасақ» шариғат ережелерімен толықтырылған болатын. XIX ғасырдың аяғында мұндай жазалау тәртібі дала ережелері мен дәстүрлерін бұзушыларға, мысалы, Абайдың әкесі Құнанбайдың аталас туысына (Қодарға) да қолданылған.

Айтқандай, дінге кеңшілік туралы ережелері енгізілген «Жасақтың» қағи­да­ларын Кавказдың христиандықты ұс­тан­ған халықтары Иран (Персия) мен Египеттің мұсылман әскерлерінен қор­ғану үшін пайдаланды. Орданың әскер­лері князь Александр Невскийге (1242 ж. сәуір) көмектесіп, Тевтон рыцарларынан орыс жерлерін қорғауға қатысты.

Сондай-ақ Шыңғыс хан, Бату, Берке­нің кездерінде көшпелі және жартылай көшпелі мемлекеттерге тән тиімді басқару жүйесі қалыптасты. Әкімшілік құрылымға беклербек немесе би лауа­зымы және әскери қолбасшылардың тұтас тізімі енгізілді. Кейбір еуропалық зерттеушілер Ордада уәзірлердің болғанын көрсетеді, бірақ бұл институт анағұрлым кешірек пайда болған. Жалпы, басқару құрылымы бастапқы кезде сан жағынан шағын болып келген.

Дереккөздер әскери істер, қаржы және тіпті ғибадат үшін жауапты лауазымдар туралы айтады. Біздің ойымызша, әкімшілік және экономикалық мін­деттер жүктелген рулардың жетек­шілері (рубасы), бектер мен әмірлер үлкен рөл атқарған. Парсы деректерінде оларды «накиб» деп атайды, бірақ бұл ұстаным мұрагерлік негізде болған. Біраз уақыттан кейін мұндай басқарушылар «әкімдер» деп аталды. Билік иерархиясындағы өте маңызды рөл «аталықтар» немесе «атабектер» – хан ұлдарының тәрбие­шілерінде болған. Олар ханзадалар ересек болғанға дейін қамқоршы, ұстаз міндетін атқарды.

Ислам дінінің енуімен «қазы әскерлер» – әскери істерді шешетін әскери сот институты пайда болды. Олардың рөлі әсіресе Түркістан мен Моғолстанда байқалды. Шайбанилер тұсында «диуанбек» – кеңсе меңгерушісі болған. Олар экономиканы, тіпті әскери саланы да басқаруы керек еді. Ең жоғары лауазымды тұлғаларға «Бұхара трактатында» айтылған көкілташ, құшбек, инақ және тіпті аға уәзірлер кірді. Қаражаттың түсуі мен жұмсалуын «қазынашылар» қадағалап отырды.

Әлбетте, хандардың даналығын жырлайтын немесе билікті сынайтын жыраулардың рөлі күшейе түсті. Гильом де Рубрук «гитарада» ойнаған адамдар деп көрсетеді, ал дұрысы домбыра тарт­қандар болатын. (Кейде монахтың өзін Вильом және тіпті Вильгельм деп те атайды). Көшпелі империяларда осын­дай дала жырауларының рөлі зор болған. Олар халықтың рухын көтереді немесе олар­ды билікке қарсы қоя алатын. Олар сон­дай-ақ мысалы, Сыпыра жырау, Дос­памбет немесе Қазтуған жыраулар сияқ­ты тамаша жауынгер де бола білген.

Ислам діні бойынша билік құры­лымындағы рөлді сейидтер немесе қожалар иеленді. Сейидтер Арабиядан, Хорезмнен немесе Бұхарадан келген исламды таратушылардың тікелей ұрпақтары болды. Олар арабша сауатты болып, Құран сүрелерін түсіндіру құқы­ғын иеленді. Сейидтердің болған­дығын Рашид ад-Дин, Жувейни хабарларынан білеміз, әсіресе Кухистани (XV ғ.) оларды ерекше бөліп көрсетеді. Әскери қақтығыстар немесе қандай да бір арпалыс алдында, хандар жиі олардың ықыласына бөленуге ұмтылып, сыйлықтар үлестірді немесе өзге де әрекеттермен өзіне қаратуға ұмтылды.

Сонымен қатар билер (далалық сот­тар) және далалық жинаққа түсінік берушілерден тұратын ерекше топ болды. Шыңғыс хан империясының алғашқы биі – «үйсін» тайпасының өкілі Майқы би болып саналады. Олар сот ісінің рәсімдерін орындауға тиісті болды; бір уақытта мұндай билердің қатарында әмір Едіге де болған.

Тіпті кейбір кездері хандардың билерге жүгінуге тура келген жағдай­лары болып тұрған. Бірақ жазба дереккөз­дерінің іс жүзінде болмауына байланыс­ты билердің, батырлардың және сейид­тер­дің рөлі толық ашылмай, көмескі сипатталады. Бату мен Берке хан қайтыс болғаннан кейін билер мен әмірлердің рөлі артқан сияқты, өйткені олардың сол кездегі белсенді саяси қызметі тура­лы мәліметтер аз. Алайда олар туралы ауыз­ша аңыздар – ноғай, қазақ пен татар дастандарында жеткілікті баянда­ла­ды. Мысалы, олардың қызметі Тоқ­та­мыс пен Едіге, Қырым хандары туралы аңыз-әңгімелерде, сондай-ақ қазақ батыр­ларының қиссаларында көрініс тапты.

Ұлық ұлыста сол кездегі ахуалға сәйкес келетін сот жүйесі болды. Еуро­палық соттардан айырмашылығы бұл жүйе өте жедел қалыптасты. 1318 жылы Тверь князі Михаил Ярославич үстінен Мәскеу князі Юрий Данилович және татар шенеунігі Кауғадай (Кавгадый) шағым бергені белгілі. Және де, Ми­хаил­дың өзінің қорғаушысы мен куәгер­лері болған. Михаилға салық төлемін кешік­тірді, Орданың елшілеріне қарсы әрекет жасады, сондай-ақ татар ханшайымы Қоншақты, бәлкім Құлыншақты (Кон­чак) жәбірледі деген айыптар тағыл­ған (Б.Шпулер). Істі тыңдау мен сот ісіне Шың­ғыс әулетінен басқа, билер мен әмір­лер­дің де қатысуына рұқ­сат етілді. Өлім жазасы алдында бұл князь­ға жақын­дары­мен қоштасу және дін қыз­мет­кері­­нің ғибраттық қолдауын пайда­лану мүм­­кін­дігі беріліп, үкім содан кейін орындалған.

Сұлтандардың өздеріне де немесе жақындарына да қарсы осындай сот істері болып тұрды. Жәнібектің бақытсыз, «қарабет» жесірі Тайдолла (Тайдула) сот шешімімен қылмысқа қатысты кінәлі деп танылып, ауыр өлім жазасына кесілгенін Өтеміс қажы баяндайды. Бұл жаза түрі далалықтар үшін әдеттегі жаза саналады. Ал сот-қазылардың рөлін шамасы, жеңімпаздардың өздері атқарған.

Бірақ әрине, қылмыстық істерді көп жағ­дайда әскери басшылар шешті. Мүлік­тік-құқықтық істерді шешу әлдеқайда күр­делі болатын. Бейбіт уақыттағы дау-жан­жалдарды Қырымда билер, қазылар – мұ­сыл­мандардың діни соттары шешті. Жалпы алғанда, көшпелілер шариғат арқылы тұрмыстық өмірге енген арабтық немесе парсылық құқық қағидаларын ұстанды.

Аймақтардағы билік князьдерге (Русьте), немесе қандай да бір әскербасы не сұлтанға (Молдова, Бұлғар және Кавказда) жарлықтар беру арқылы жүзеге асырылып отырған. Ордаға есеп беретін князьдің өзі болған, бірақ Орда, тек қана қазына түсімдерінің көлемін ғана емес, сонымен қатар өзіне бағынышты тәуелді басшылардың сенімділігін қадағалап отыратын өздерінің «бақылаушыларын» да ұстаған. Алым-салықтар төлемеген жағдайда, сол аймақтарға жазалау тобы жіберілді және осындай тәжірибе 300 жылдан астам уақыт бойы жүргізілді.

Ішкі істер саласында көптеген мәсе­лелер сұлтандар, ханзадалар және әскер­басы­лары арқылы шешілді. Ірі шаруа­шы­лықтарда қазынашылар тағайын­дал­ды, ал түменбасыларға батырлар көмек­тесті. «Батырлар» институ­ты қазақ­стан­дық тарихнамада жақсы зерт­телген. Туыстар мен тайпалар туыс­тық қарым-қатынастармен бекітілген, сондықтан да олардың ауызбірлігі күшті болған.

 

Бүркітбай АЯҒАН,

Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, профессор