Петропавлдағы жылу орталығының мұржасы құлаған кезде үйінді астында қалған машинист-қараушы әлі табылған жоқ. Солтүстік Қазақстан облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 38 жастағы әйелді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Әзірге нәтиже жоқ.
«Қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып іздеу жұмыстарын түні бойы жалғастыру жоспарланған. Қазіргі уақытта жылу орталығында 4 қазандық агрегаты жұмыс істеп тұр. Жылумен қамту көрсеткіштері қалпына келіп жатыр», деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Әбдірешов.
Бұған дейін төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камалов құтқарушылардың үйінділерді қолмен қопарып жатқанын айтқан еді. Құтқарушылар құрылымдар құлайтын болғандықтан инженерлік техниканы пайдаланып жатқан жоқ. Үйінді астында қалған әйелді іздеуге кинологиялық қызмет те тартылған.
Естеріңізге сала кетейік, 20 наурыз күні Петропавлдағы ЖЭО-да үш түтін мұржасының бірі опырылып құлады.