Аймақтар • 22 Наурыз, 2022

Қапшағайда Ұлыстың ұлы күніне орай бәйге өткізілді

596 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бәйге Қапшағайға қарасты Қосқұдық ауылында өткен. Аталмыш додада елдің түкпір-түкпірінен жиналған бәйге жылқылар сынға түсті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қапшағайда Ұлыстың ұлы күніне орай бәйге өткізілді

Наурыз мейрамын тойлау барысында Шеңгелді ауылдық округіне қарасты Қосқұдық ауылында «Аламан», «Топ», «Тай», «Құнан» бәйгелері өтті.
Жарыс барысында Қапшағай өңірінің әкімі Нұрлан Орынбасарұлы халықты Әз-Наурыз мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, ауыл ақсақалдары сайыс басталар алдында атбелгілерге жылы лебіздерін айтып, ақ батасын берді.

«Бізде Жастар қоғамы бар, солар бәйге өткізсек деген ұсыныс жасады. Біз қолдап, сый-сияпат жағынан көмектестік. Шарадан түскен қаражатты Жастар қоғамы қайырымдылық қорына аударсақ деген ойларын айтты, ол жағын өздері шеше жатар. Дегенмен, олар аз қамтылған 1-2 отбасына баспана салып береміз деп отыр, біз оны қолдаймыз, өз тарапымыздан шамамыз келгенше көмектесеміз», деді Нұрлан Орынбасарұлы.

Е

Жалпы, республикалық деңгейде өткен бәйгеге Алматы, Шығыс Қазақстан, Абай, Жамбыл, Қарағанды облыстарынан және Алматы, Талдықорған қалаларының атбегілері қатысты.

25 шақырымдық аламанға - 50, 15 шақырымдық топ бәйгесіне – 40 , ал 8 шақырымдық құнан бәйгесіне - 50, 4 шақырымдық тай жарысына – 30 сәйгүлік шабысқа жіберілді.

Жалпы, сайыста 100-ден астам тұлпар бақ сынасты. Нәтижесінде топ бәйгеден – Батыс Қазақстан облысы, құнан бәйгесінен - Ескелді ауданы, тай бәйгеден – Жамбыл ауданы жүлделі орындарға ие болған. Ал аламан бәйгеден Қордай ауданы бас жүлдені жеңіп алып, тігілген «Лада Гранта» автокөлігін қанжығасына байлады.