Аймақтар • 22 Наурыз, 2022

Петропавлдағы апат: Үйінділердің астында жұмысшы әйелдің денесі табылды

252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавлда жылу-электр орталығындағы апат кезінде хабар-ошарсыз кеткен машинист-қараушы әйелдің денесі үйінділердің астында табылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Петропавлдағы апат: Үйінділердің астында жұмысшы әйелдің денесі табылды

СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жылу-электр орталығында түтін мұржасы опырылып түскен кезде үйінді астында қалған машинист-қараушының денесі табылғанын мәлімдеді.

СҚО төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, кезекші ауысым қызметкерлерінің бар-жоғын анықтау кезінде қазандық цехының жабдықтарын қараушы машинист, 1984 жылы туған әйелдің хабар-ошарсыз кеткені анықталды. СҚО ТЖД қызметкерлері оқиға орнында дереу іздестіру-құтқару жұмыстарын бастады. Кейін оларға Нұр-Сұлтан қаласының жедел-құтқару жасағының құтқарушылары да қосылды.

Іздеу жұмыстары 2 тәуліктен астам уақыт жүргізілді. Бұл жұмысқа кинологиялық қызмет те тартылды. Ауыр инженерлік техниканы пайдалану мүмкіндігі болмағандықтан құтқарушылар үйінділерді қолмен шанц және гидравликалық құралдарды пайдалана отырып қопарды.

22 наурыз күні сағат 10:32-де құрылыс конструкцияларының үйінділерінің астынан әйелдің денесі табылды. Сағат 12:05-те мүрде үйінділердің астынан шығарылып, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін тиісті мекемеге жеткізілді. 

Қазіргі уақытта СҚО ТЖД психологиялық қызмет тобы марқұмның туыстарымен жұмыс істеп жатыр.

Мерт болған жұмысшының аты-жөні - Наталья Олеговна Чефонова.

«СевКазЭнерго» АҚ басшылығы мен ұжымы Петропавл «2-Жылу-электр орталығы» ЖШС-де мерт болған Наталья Чефонованың отбасына және туыстарына қайғырып көңіл айтты.

«СевКазЭнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, компания басшылығы Н.Чефонованың отбасына тұрғын үй жағдайын жақсартуға, қайтыс болған жұмысшының бес жылдық еңбекақысы мөлшерінде отбасына қаржылық өтемақы төлеу түрінде қолдау көрсетіп, мерт болған әйелдің баласына білім алу ақысын  төлеу түрінде көмек көрсетеді. Жерлеуді ұйымдастыруға байланысты барлық шығындарды жұмыс беруші өз мойнына алмақ.

Апаттың себебі мемлекеттік комиссияның қорытындысынан кейін белгілі болады.

Еске сала кетсек, 20 наурыз күні сағат 19:20-да Петропавлдағы жылу-элеутр орталығының бір мұржасы құлады. Орталықтағы апатқа байланыста қылмыстық іс қозғалды. ЖЭО-дағы түтін мұржасының жартылай құлауына байланысты облыс әкімі жедел штаб құрды.

Осы оқиға бойынша Президент облыс орталығы мен басқа да елді мекендердің тұрғындарын тез арада жылумен қамтамасыз етуді тапсырды.

Ал 21 наурыз күні апат болған жылу орталығының директоры мен бас инженер уақытша ұстау изоляторына қамалды.