Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) тосын шешім қабылдады. Орта салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлы ұлыбританиялық Дэнни Дигнумды жеңіп, әлемнің уақытша чемпионы атанса, арада аз күн өткен соң әлемнің толыққанды чемпионы атану мүмкіндігіне ие болады.
Екінші орта салмақ дәрежесіне ауысып, ағылшын оғланы Зак Паркерге қарсы шаршы алаңға шығуға бекінген америкалық Деметриус Андраде қарсыласын жеңген жағдайда 10 күннің ішінде қай салмақта қалатынын анықтауы керек. Орта салмаққа қайта оралса, Әлімханұлы мен Дигнум кездесуінің жеңімпазымен 180 күн ішінде жұдырықтасуға міндеттеледі. Ал екінші орта салмақта қалса Жәнібек пен Дэнни жекпе-жегінде жеңіске жеткен боксшы автоматты түрде әлем чемпионы болады. Сондай-ақ Андраде Паркерге жеңіліп, Жәнібек қарсыласынан айласын асырса да отандасымыз бірден әлем чемпионы белдігін иеленеді.