Аймақтар • 24 Наурыз, 2022

Жасыл желекке оранған өңір

408 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көктем келіп, жер дүние қайтадан жасанған ғажап сәтте көпшілік айналаны жасылдандыру жұмысымен айналысады. Табиғаттың өзі сыйға тартқан сан түрлі сұлулықпен қатар, мұндайда адам қолымен жасалған кереметтің өзі көңіл сүйсінтеді. Жалпы, қоршаған орта, өмір сүріп отырған аймақтың таза, жинақы әрі әсем болғаны да жақсы. Ал көктем келгенде жайнап қоя беретін жер-дүние, жалпы қоғам көпшіліктің еңбегі арқылы да көркейе түседі. Ал Наурыз келіп, нәуірзек қонғанда тағы жанданады. Бұл ретте жамбылдықтар да аймақты жасылдандыру жұмысына белсене кірісті.

Жасыл желекке оранған өңір

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді жасылдандыру ісіне ерекше көңіл бөліп, 2 млрд түп ағашын отырғызуды тапсырған болатын. Президент тапсырмасына сәйкес, елімізде жыл са­йын миллиондаған түп ағаш отыр­ғызылуда. Оның ішінде 140 млн түп ағаш 2025 жыл­ға дейін Жамбыл облысының мемлекеттік орман қорына егілуі тиіс екен. Ал аймақтағы мем­лекеттік орман қорының жалпы көле­мі 4 427 034 гектар болса, оның 2 357 123 гектар жеріне ағаштар егілген. Алдағы уақытта да бұл жұмыс жалғасады. Қа­зір­гі кезде Президент тапсырмасын орындау мақсатында Жам­был өңірінде кешенді жос­пар бекітілген. Облыс бойынша әр көк­тем сайын мыңдаған түп ағаш отырғызылады. Бұл бас­та­ма аймақтағы экологиялық та­за­лықты сақтауға елеулі үлес қо­сып келеді. «Кешенді жоспарға сәйкес, өткен жылы облыстың мемлекеттік орман қорындағы 7 300 гектар алқапқа 10,6 млн түп ағаш отырғызылды. Былтыр жалпы күзгі санақ қорытындысы бойынша 18 мың гектар аумақ орман көмкерілген жерлер категориясына ауыстырылды. Ал биыл 13 290 гектар жерге 24,6 млн түп ағаш отырғызу жоспарланған», дейді облыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Айбар Әділбақов. Қазіргі көктем мезгілінде бұл жұмыстар басталып та кеткен.

Қоршаған ортаны қорғау сол қоғам мүшелерінің міндеті. Осы орайда, өңірде жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында да кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстар да өңірдің жасыл желекпен көмкерілуіне айтарлықтай үлес қосады. Соның бірі  – Тараз қаласы мен ай­мақ­тың барлық аудандарында өткен «Таза парктер» жастар эко­логиялық акциясы. Аталған акцияға аймақтағы белсенді жас­тар атсалысып, өңірді жасылдандыру жұмысына үлес қосқан. Сондай-ақ облыстық жастар сая­саты мәселелері басқармасының ұйытқы болуымен өткен Álemdi ózgert үздік жобалар байқауын да атап өткен дұрыс. Аталған басқарманың басшысы Серікбол Берікқожаның айтуынша, Тараз қалалық және аудандық жастар ресурстық орталықтары тарапынан қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалау және ағаштар отырғызу мақ­сатында «Экологиялық мә­дениет» бағыты аясында 13 558 адамды қамтыған іс-шаралар өткен. Бұл ретте облыстық білім басқармасы да «Табиғат және біз» эко­чел­ленджі мен «Табиғатты қорғау – болашақты ойлау» экоакциясын ұйымдастырып, оқушыларды да жасылдандыру жұмыстарына тартқан. Жалпы, жамбылдық жастар бүгінде бұл жұмыста белсенділік танытуда. «Жастар арасында табиғатты қорғау тақырыптарында тимбилдинг пен «Жасыл аула» ағаш отырғызу акциялары өтті. Ал Тараз қаласы мен барлық аудандардағы экологиялық тірек мектептерінде жастарға эко­ло­гиялық білім мен тәрбие беру бағытында «ЭкоМектеп» жобасы жүйелі жұмыс жүргізді. Облыстық жастар саясаты мәсе­­лелері басқармасының ұйым­­дастыруымен жастар ара­­­­сында экологиялық мәде­ниет­­ті нығайту мақсатында «ТазаLike» атты 20 сенбілік пен 15 мәдени-көпшілік іс-шара ұйым­дастырылды. Сонымен қатар «Қазақстан жастарының фрак­циясы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Жасыл аула» атты ағаш отырғызудан акция өтіп, 20 ерікті мен жер­гілікті тұрғындардың атсалысуымен облыс орталығындағы 15-шағынауданда 300 көшет отырғызылды. Бұл жұмыстар жалғаса береді», дейді басқарма басшысы Серікбол Берікқожа.

Көктем келіп, күн жылынған сәтте өңірде ағаш отырғызу жұмыстары тіпті жандана түсті. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің жас­тар ісі жөніндегі комитетінің ұйымдастыруымен жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында Green garden көгалдандыру және «Таза­Like» сенбіліктер өткізу жобалары қолға алынған. Аталған жобаларға 200-ден аса ерікті жас­тар атсалысып, қо­ғамдық жұ­мыстарға тартылып отыр.  Сон­дай-ақ «ТазаLike» жобасы аясында Тараз қаласының аумағында 30-дан аса сенбілік өтіп, Green garden жобасы бо­йынша 100-ден аса жеміс талы егілген.

 

Жамбыл облысы