Экономика • 24 Наурыз, 2022

Құбырдың істен шығуы Қазақстан экономикасын құлдырата ма?

6440 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Біздің мұнайдың 80 пайызы экспортқа Ресей арқылы тасымалдатыны белгілі. Соның ішінде, Новороссийск портымен. Түнеу күні Краснодар өлкесінде қатты дауыл тұрып, құбыр желісіне елеулі зиян келтірген.

Құбырдың істен шығуы Қазақстан экономикасын құлдырата ма?

Осыған байланысты консорциум құбырдың зақым тиген бөлігін жуу және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін, оның жұмысын уақытша тоқтатқан. Бұл құбыр желісі арқылы экспортталатын мұнайдың төрттен бірі ғана Ресейдікі, қалғанының бәрі біздің мұнай (жылына 50 млн тоннадан астам). Магистралдың қуаттылығы жылына 67 млн тонна мұнай тасымалдауға жетеді.

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, ведомство КҚК-мен теңіз терминалының жұмысын қалпына келтіру мерзімдері бойынша консультациялар өткізіп жатыр. Сондай-ақ министрлік балама бағыттар бойынша мұнайды экспортқа жөнелту мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын да мәлімдеген. Сарапшылардың айтуынша, КҚК жұмысының уақытша болса да доғарылуы біздің экономикаға айтарлықтай соққы болып тимек.

Tengenomika сарапшыларының айтуынша, мұндайда балама жол ретінде теміржол тасымалын қарастыруға болар еді, алайда біздің елде мұндай көлемдегі қажетті сыйымдылыққа ие теміржол цистерналары жоқ.

«2021 жылы Қазақстанның мұнай және газ конденсатының өндірісі 85,9 млн тоннаны, экспорт 67,6 млн тоннаны құрады. Новороссийскідегі апатқа байланысты елдегі мұнай және газ өндірісі 9 пайызға немесе 80 млн тоннадан төменгі деңгейге құлдырап кетуі ықтимал. Бұл бүкіл әлем бойынша мұнайға деген сұраныс төмендеген 2020 жылғы көрсеткіштен де төмен (90-нан 85,7 млн тоннаға дейін құлдырау). Мұның салдарынан биыл Қазақстанның ІЖӨ-сі 0,9-дан 1,6 пайыздық тармаққа дейінгі аралықта тапшылыққа ұшырайды. Бұдан белгілі болғандай, теңгенің долларға шаққандағы құнсыздануымен бірге біз биыл Қазақстанның доллармен көрсетілген жан басына шаққандағы номиналды ІЖӨ-нің айтарлықтай төмендеуін көреміз», дейді сарапшылар.

Бұл ретте сарапшылар министрліктің «балама жолдар іздеп жатырмыз» дегеніне аса үміт қылмайды.

«Қазақстан КҚК арқылы 53 млн тонна мұнай экспорттайды. Бұл дегеніңіз – бүкіл экспорттың 80 пайыздан астамы. Қазір 3-4 миллион тоннаны балама маршрут арқылы жөнелтер, бірақ қалған мұнай көлемі қайта құрылымдау мен іргелі салымдарды қажет етеді. Тіпті мүмкін болғанның барлығын қайта құрылымдағанның өзінде максимум 10-15 млн тоннаны кәдеге жаратармыз. Ал қалған мұнайды қайтеміз? Бәлкім, Қырғызстан мен Өзбекстандағы орташа технологиялық зауыттарға жіберерміз. Соның өзінде 2 млн тоннаны игереміз. Ерекше күшпен мұнай химия және мұнай өңдеу зауыттарын салуға, басқа субстанцияларға мұнай өңдеу және мұнай-химия өнімдерін экспорттауға болады. Теңізшевройл, Қашаған және Қарашығанақтағы серіктестермен осының бәрін істеуге болады, бірақ оған да 3-4 жыл уақыт керек. Одан да жаңа құбыр желісін салған тезірек», дейді «Банк ЦентрКредит» басқарма төрағасы Ғалым Құсайынов.

23 наурыз күні консорциум терминалда мұнай жүктеуді толықтай тоқтатқанын мәлімдеді. Құбыр желісінің жұмысы ұзақ уақытқа дейін қалпына келмеуі мүмкін. Өйткені шетелдік серіктестер жөндеу жұмыстарына қажетті қосалқы бөлшектер жіберуден бас тартып жатыр.

«Серіктестеріміз барлық үлгідегі және көлемдегі жүзбелі шлангілерді, гидрокомпенсаторларды, өз осінің айналасында шығарылатын айлақтық құрылғыларды айналдыруға арналған шарнирлерді жеткізуден бас тартып отыр. Құрылғыларды жеткізумен айналысатын Imodco, Blue Water және Gall Thomson Environmental Ltd компаниялары КҚК-мен әрі қарай жұмыс істеуді үзетінін және бұған дейін жоспарланған барлық жеткізулердің күшін жоятынын мәлімдеді. КҚК барлық операцияларды 2021 жылдың желтоқсан айында-ақ аванспен төлеп қойғанына қарамастан олар осындай қадамға барып отыр» депті КҚК бас директоры Николай Горбань.

Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы Рашид Жақсылықов КҚК жұмысының кенеттен тоқтап қалуында саяси мән бар деп есептейді. Оның айтуынша, Ресей осылайша, еуропалықтарға қыр көрсетпек.

«КҚК 25 жыл бойы үзіліссіз жұмыс істеп келді. Екі жыл бұрын ғана 600 млн долларға айлақтық құрылғыларды күрделі жөндеуден өткізді. КҚК бір күнде тәулігіне 1,5 млн баррель мұнай тиейді, оның 1,2 млн баррелі (әлемдік сұраныстың 1,2 пайызы) – Қазақстанның мұнайы. Ал құбыр желісі жұмысының тоқтап қалуынан бірінші кезекте біздің бюджет қатты зиян шегеді. Жақын арада 12 млн тонна мұнайымызды экспорттап отырған Атырау-Самара мұнай құбырының да жұмысы тоқтап қалуы мүмкін. КҚК-ның істен шығуы тек Еуропаға ғана емес, сонымен қатар бейтарап позиция ұстанып отырған Қазақстанға да сес көрсету» деп байыптайды өз пікірін Жақсылықов.

Пікірдің жаны бар, себебі екі жыл бұрын консорциумның ресми сайты құбыр желісі ешқандай боран-дауылға қыңқ етпейді деп мәлімдеме жариялаған-ды.

«2001 жылы пайдалануға берілген алғашқы екі жылжымалы айлақтық құрылғы Қара теңіз түбіндегі кез-келген жағдай мен рельеф үшін арнайы жоба бойынша салынды. Және олар мұнда соңғы 100 жылда болған ең күшті дауылдардың өзіне төтеп бере алады. Үшінші айлақтық құрылғы 2014 жылы КҚК-ны кеңейту аясында тұрғызылды» делінген ақпаратта.

«Қара теңізде шынымен дауыл тұрды, бірақ «соңғы 100 жылдағы ең күшті дауыл емес». Қашан жөндеп бітері белгісіз. Өйткені үш айлақтық құрылғыны да шетелдіктер (алғашқы екеуін – Нидерланды, үшіншісін – БАӘ) салды. Санкцияларға байланысты қазір шетелдік серіктестер қызмет көрсетуден және қосалқы бөлшек беруден бас тартып отыр. Әдетте әр айлақтық құрылғыны жөндеуге 2-3 апта кетеді. Ал қазіргі жағдайда жөндеу жұмысы санкциялар алынғанша созылып кетуі мүмкін» дейді сарапшы Андрей Чеботарев.

Қазір КҚК-ға ең бірінші керегі – құбыр желісін жууға арналған танкерлер. Ал серіктестер бірде-бір танкер жібермейді. Біраз күннен соң танкер келді дегеннің өзінде бір жылжымалы айлақтық құрылғыны жөндеуге кемі үш апта уақыт қажет болады. Қазақстан 2022 жылы КҚК арқылы 55 млн тонна мұнай жөнелтуді жоспарлаған. 2001 жылдан бері осы күнге дейін Теңіз-Новороссийск мұнай құбыры жүйесі арқылы әлемдік нарыққа 766 973 131 тонна мұнай шығарылған. Соның ішінде 668 967 665 тоннасы – қазақ мұнайы. Біздің «қара алтынды» негізінен Италия, Франция, Қытай, Нидерланды, Түркия, Испания, Оңтүстік Корея, Үндістан елдері тұтынады.

Шетелдік сарапшылардың айтуынша, Новороссийскіден мұнайдың әлемдік нарыққа шықпай қалуы «қара алтын» бағасын қымбаттатуы мүмкін. Қазірдің өзінде Brent пен WTI мұнайының 5 пайызға өскені байқалады. Trafigura Group шикізат компаниясы жетекшілерінің бірі Бен Лакок мұнай жазда барреліне – 150, жыл соңына қарай 200 долларға жетуі әбден мүмкін дейді. Қазақ мұнайының әлемдік нарыққа шықпай қалуы отандық экономикаға үлкен соққы болады және теңге курсына жағымсыз әсер етеді дейді сарапшылар.