Қазақстан • 24 Наурыз, 2022

Үмітті үкілеген үдеріс

14117 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты бағдарламалық құжат­та Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ағым­дағы ішкі және сыртқы саяси ахуалға терең, егжей-тегжейлі талдау жасау арқылы қоғамда түбегейлі өзгерістердің қажеттілігіне баса назар аударды.

Үмітті үкілеген үдеріс

Бұл теңдесі жоқ саяси бастамалар сая­сат­тағы монополиядан бас тарту, супер­пре­зи­денттік басқару формасынан Парламенті мықты президенттік республика тәсіліне түбегейлі өту, Президент өкілеттілігін шектеу, оған шамадан тыс үстемдік беруден бас тарту, сайлау процесі мен сот жүйесін жетілдіру, азаматтық қоғам институттары мен БАҚ өкілдерінің рөлін арттырудан бастап, Ұлттық құрылтай құру, Тәуелсіз Қазақстанның картасында Ұлытау, Жетісу, Абай облыстары мен Алматы облысының орталығы ретінде Қапшағай қаласының орын алуына дейінгі мәселелерді қамтып отыр. Көріп отырғанымыздай, Президент ай­қын­даған басымдықтары мемлекеттің сая­си жүйесі мен елдің әкімшілік-аумақтық құрылымына маңызды өзгерістер енгізіп, аймақтарды дамытудың жаңа бағыттарын белгілеуді қарастырады. Бұлар қоғамдық даму үдерістерін жаңғыртуға бағытталған өте маңызды және өзекті сұрақтардың қатарына жатады. Сондықтан қабылданатын тағы да басқа кешенді шаралардың өзара тығыз байланыста жүзеге асырылатындығы күмәнсіз.

Бұл саяси реформалардың елімізде ұрпақ­тар алмасуы, «Қасіретті қаңтар», әлемдегі геосаяси тұрақсыздық пен санкциялық бей-берекеттіктің күшеюіне қарамастан өткізіліп отырғаны, әрине, біраз қиындықтар тудырары анық. Сондықтан Қ.Тоқаевтың халыққа Жолдауын батыл қадам деуге әбден негіз бар. Ендеше, аталған шаралар мемлекеттің осы реформаларды жүзеге асыру арқылы туындаған геосаяси ахуал мен қауіп-қатерлердің алдын алуға ынталылығын танытып, жауапкершілікті де өз мойнына алуға дайын екендігін халық түсініп, оған сенім артса, құба-құп болар еді. Ол үшін билік органдарының жұмыс тәсілі мүлдем өзгеруі шарт. Саяси саладағы еңбек бөлінісі іспеттес осы шаралар қоғамдағы қордаланып қалған қасаң үрдістер мен үдерістерден арылып, «қоршаған әлеуметтік ортаны» тазартып, оның әлеуетіне өркениеттік сипат беріп, күйреген рухты қайта көтеріп, оны баянды етуге бағытталмақ. Ал ол өз кезегінде биліктің беделін көтеріп, халықтың оған деген сенімін қайтаруға жағдай жасары анық. Ол үшін саяси реформаларды ақпараттық сүйемелдеу барысында адамдардың бойын билеген белгісіздік пен үрей сезімін, олардың наразылық әлеуетін төмендетуге мән берілгені дұрыс. Өйткені дүниедегі ең қатерлі кесапат – үйреншікті дағдының дегенінен аса алмау. Ендеше, азаматтардың жауапкершілігін арттырып, оларды еңбекқорлыққа баулу, тұрғындардың заңсыз әрекеттерге бой ұруына жол бермеу басты мақсаттардың бірі болмақ.

Жолдауда ашық әңгіменің орын алуы мен Мемлекет басшысының Президенттік және оның жеке тұлға ретіндегі мемлекетшіл­дік, әділеттілік, жауапкершіліктік, мұратшыл­дық, мүддешілдік пен сенімділік сияқты ұс­танымдарының айқын көрініс табуы қоғам­да Қазақстан мемлекеттілігін құрудың жаңа жолына сұраныстың бар екенін көрсетсе керек. Ендеше, Президент Қ.Тоқаевтың «Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес», деуінің астарында үлкен мән жатыр. Міне, сондықтан Жолдау жан-жақты тексерілген ғылыми-сараптамалық негіздегі нақты сандық және сапалық бастамалардан тұрады. Сонымен бірге оның байыпты және терең қоғамдық-сараптамалық талқыдан өткені халық арасында саяси реформаға деген оң көзқарастың қалыптасуына өз септігін тигізері де түсінікті. Сол сияқты бұл Жолдауға кешенділік және жүйелілік тәсілі мен сабақтастық принципі тән.

Қорыта айтар болсақ, Мемлекет басшысы­ның саяси бастамаларын – революция­лық қадам емес, ол терең ойластырылған, тарихи тұрғыда негізделген және қазіргі кезең талаптарына сай келетін тиімді де оңтайлы эволюциялық өзгерістердің алғышарты деп түсінген жөн және мұны алғашқы қадам деп қарастырған дұрыс. Бұл саяси реформалар әрі тереңдетіліп, нақтыланып және толықтырылып өз жалғасын табады. Өйткені Жаңа Қазақстанды құру үшін түсінікті әрі әділ мемлекеттік саясат жүргізілуі керек. Бұл барлық азаматқа бірдей мүмкіндік жасайтын саясат болуы қажет. Осы ретте Қ.Тоқаев жауапкершіліктің бәрін өз мойнына алып, «осы жолда, әлеумет, тайсалар болсам – маған серт, тайқып кетсең – саған серт, еремісің, әлеумет?» деген сұрақты қоғамға арнайы жолдап отырғандай. Ендеше, ел болып атқа қонып, «сертке серт» деселік, ағайын!