Қазақстан • 24 Наурыз, 2022

Жүз жасаған «Жас Алаш»

1044 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда ғасырлық тарихы бар республикалық «Жас Алаш» қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдық мерейтойы қорытындыланды. Басылымның мерейлі белесіне арналған іс-шараны түйіндеген басқосуда үнпарақта әр жылдары қызмет еткен журналистер тарапынан әсерлі естеліктер айтылып, оның қазақ қоғамының қалыптасу жолындағы рөлі кеңінен сараланды.

Жүз жасаған «Жас Алаш»

«Жас Алаш» 1921 жылы 22 наурызда Ташкентте жарық көрді. Оның тұңғыш редакторы Ғани Мұратбаев болса, жауапты хатшысы Ілияс Жансүгіров. Га­зеттің көршілес Өзбекстанда бас­па бе­тін көруі де негізсіз емес. Өткен ға­сыр­­дың 20-жылдары Ташкенттің Орта Азия республикаларының рухани астанасы болуына орай, сол кезде осы елдердегі жастардың басын біріктіретін одақ атауы түркі әлеміне орайластырылып, «Түркі әлемі комсомол жастар одағы», деп аталды. Осы «ТКЖО-ның» алға қой­ған жоспарларының орындалуына мұрындық болатын, қазақ жастарының үнпарағы сынды бір жастар басылымы қажеттігін айтып, бастама көтерген де Ғ.Мұратбаев еді.

Алғашқы саны төте жазумен жарық көрген басылым қазақ жастарының намысын оятып, оларды рухани сауаттандыруға бағытталды. Десек те, сол кездегі қаржы тапшылығына орай жабылудың аз-ақ алдында қалған газеттің атауы да «Өртең», «Жас қазақ» (1923 ж), «Лениншіл жас» (1924-25 жж), «Жас қайрат» (1926-27 жж.) болып сан мәрте өзгерді. Ол өзінің түпкі «Жас Алаш» атауын тек еліміз егемендікке қол жет­кізген кезде ғана қайтарып алды. Га­зет бетінде ұстаз-ғалым Б.Кенжебаев, қазақ детективінің атасы К.Тоқаев, ақын Ж.Молдағалиев, майдангер Б.Жан­до­с­айдың қолтаңбасы қалды. Ш.Мұр­таза мен С.Бердіқұловтың өзгеше редакторлық мектебі қалып­тасты. 70-жылдары осы басылымнан қанаттанған А.Сейдімбек, Ф.Оңғарсынова, М.Шаха­нов, О.Бөкей сынды қаламгерлер қазақ әдебиетіндегі дара тұлғаларға айналды. 80-жылдары газеттің таралымы 350 мыңға дейін жетті. 2000 жылы ең үздік газет атанып, «Алтын Жұлдыз» белгісін иеленгені көпшілікке мәлім.

– «Жас Алаш» өз оқырмандарын сапалы, саралы дүниелерімен қуантып келеді. Мемлекет басшысы 16 нау­рыздағы Жолдауында БАҚ қашанда бәсекеге қабілетті болып, билік пен халық арасына еркін әрі тиімді байланыс орнатуға көпір болуы керектігін атап өтті. Газет осы талапқа сай дамып отыр. Қазіргі ақпараттық заман өте жылдам. Заман көшіне ілесіп газет оқырмандарын ұстап тұру қиынның қиыны. Ғасыр бұрын Ғ.Мұратбаев атамыздың бастамасымен жарық көрген газет заман талқысынан, уақыт сынынан абыроймен өтіп, алмағайып кезеңде ұлттың болмысын сақтап қалуға өлшеусіз үлес қосты. Шежірелі басылымның тарихы Алаштың аяулы ұлдарының есімімен үндесіп жатыр, – деп атап өтті Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Қанат Искаков.

Басылымның өткені мен бүгіні сараланған кездесуде Әділқазы Қайыр­беков, Өтеген Оралбаев, Кәдірбек Сегіз­баев, Қуаныш Жиенбай, Тұрсын Жұрт­бай, Қайнар Олжай секілді қаламгерлер өз естеліктерімен бөлісіп, басылым бола­ша­ғының жарқын болуын тіледі.

Басқосу барысында «Жас Алаш» газе­тінің 100 жылдығына орай жарыққа шыққан «Қазақтың үні – «Жас Алаш» кітабы оқырман қауымға таныстырылды. «Тоғанай-Т» баспасынан жарық көрген, көлемі 37 баспа табақтан тұратын еңбектің құрастырушы-редакторы, журналист Арай Сахариева. «Жас Алаш»: Кеше», «Есімдері ел есінде», «Көзден кетсе де, көңілден кетпейді», «Жас Алаш» – қазақ баспасөзінің қа­ра шаңырағы», «Аймақ ажарын айшық­таған», «Жас Алаш»: Бүгін» атты алты бөлімнен тұратын жинаққа газеттің шығу тарихынан бастап, әр жылдары жарық көрген мақалалар мен басылымда қызмет еткен тілшілердің естеліктері топтастырылған.

Газеттің қазіргі таралымы 17 мың болса, интернет нұсқадағы күнделікті қаралымы жиырма мыңға жуықтаған. «Жас Алаштың» өз тілшілерімен бірге, Ақмола, Қарағанды, Түркістан, Павлодар, Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарындағы меншікті тілшілері де оқырмандарды әр өңірдің қоғамдық-саяси, мәдени-тарихи өміріне қатысты тұщымды мақа­лаларымен сусындатып келеді. Бұрыннан қалыптасқан дәстүрді жаңғыртушы газет өз оқырманын мазмұнды дү­ние­лерімен қуанта бергей.

 

АЛМАТЫ